Алматыда Ұлттық ұлан сарбазы екі әйелге шабуыл жасаған ер адамды ұстады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
18 шілде күні сағат түнгі 23.50 кезінде Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Жарқынбек Айдарханбеков отбасымен үйінде отырғанда сырттан айғайлаған дауысты естиді. Жүгіріп шыққанда Қалқаман-2 ықшам ауданындағы Лапин көшесі, 21 үй алдына белгісіз ер адамның әйелге шабуыл жасап жатқанын көреді. Сол уақытта әйелге көмекке келген тұрғын да зардап шекті.
Аға сержант Айдарханбеков көмек көрсету үшін дереу оқиға орнына қарай жүгіріп барады. Қылмыскер сарбазды көріп, сол маңдағы зиратқа қарай қашады.

Ұландық жауынгер оның соңынан қуып, жол-жөнекей жедел жәрдем мен полиция қызметіне хабар береді. Жарқынбек сытырлаған дыбыс пен ентіккен даусынан қылмыскерді отырған жерінен ұстап алады. Жедел медициналық көмек пен полиция қызметкерлері келгенше, тұтқынды ұстап тұрады.
Алматы қаласы ПД-ның хабарлауынша, аталған факті ҚР ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
Күдікті 31 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта Наурызбай аудандық Полиция басқармасы істің мән-жайларын анықтау үшін жан-жақты толық тергеуге бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр.
![]()
