Сайрам ауданындағы тәртіп сақшыларына қатысты дауды даудамайсыз шешіп жіберуге болады ма? Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
Сайрам аудандық полициясына қатысты бейнежазбада бірнеше тәртіп сақшысының бір азаматты жабылып ұстап, мойнынан қапсыра қысып, қызметтік көлікке күштеп отырғызып жатқанын көруге болады. аталған жәйт осы жылдың 21 тамыз күні орын алған екен.
Оқиғадан кейін әлгі азамат ауруханаға түскен. Редакция қолындағы сұхбатта ол өзін полиция қызметкерлері, поиция бөлімінің ауласына кіргізіп ұрғанын айтып , денесіндегі жарақат белгілерін көрсетеді. Оный айтуынша 2 қабырғасы, мұрны мен бет сүйегі сынған сияқты.
Бірақ осы бүгінге дейін полиция үнсіз.
Бейнежазба бар. Ауруханада жатқан азаматтың сөзі бар. Жарақат белгілері бар. Соған қарамастан полиция департаменті тарапынан, қоғамға бір ауыз ресми түсініктеме берілген жоқ.
Есесіне жәбірленуші арызын қайтарып алған көрінеді. Сонда арыз қайтарылса, полицейлердің әрекеті де жоқ болып кете ме?
Бүгін бір адам арызынан бас тартты екен деп, ертең полицияға кез келген азаматты жабылып ұруға жол беріле ме?
Полицияның міндеті — адамды жазалау емес. Кінәлі болса да, оның жазасын көшеде немесе полиция бөлімінің ауласында қызметкерлердің жұдырығы емес, сот белгілейді.
Полиция формасы- күш көрсетуге берілген рұқсат емес. Ал полиция бөлімі- заңсыз әрекетті жасыратын жабық аумақ емес. Ал азаматтың арызын қайтарып алуы- болған оқиғаны өшіретін өшіргіш емес.
Қоғам полициядан қорықпауы керек. Бірақ осындай көріністер мен басшылықтың үнсіздігі халықтың сенімін күн сайын әлсіретіп жатыр десеп қате болмас.
Полиция өз беделін үндемеумен емес, ақиқатты ашық айтып, қызметкерлерінің әрекетіне әділ баға берумен қорғайды деп санаймын. Жоғарыдағы жағдай тергеліп, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінде қылмыс белгілері анықталған жағдайда, Қазақстан полициясының атын кірлейтін мұндай погондыларға қатаң шара көру қажет деп санаймын. Себебі полицияның барлығы мұндай жауыз, заңда белгіленбеген әрекеттерге бармайды.
Полицияға адам ұруға болмайды!
Сардар Әбдіжақия
жалғасы бар
«Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі
![]()
