Бес күн бұрын із-түссіз жоғалған оқушы қыздың мәйіті судан табылды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Еске салсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, шамамен сағат 17:00-де кәмелет жасына толмаған қызының үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізген еді.
Әйелдің арызы бірден тіркеліп, ПД бастығының тікелей тапсырмасымен із-түссіз жоғалған қызды табуға жеке құрам жұмылдырылды.
Полицейлерге көмекке қала тұрғындары, еріктілер, ұстаздар келген болатын. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде 28 наурыз күні қыздың канал суына абайсызда құлап кеткені анықталып, іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметкерлері тартылды.
Бүгін Арыс-Түркістан каналынан қыздың мәйіті табылып, шығарылды.
Қазіргі таңда оқиға орнында полицейлер жұмыс істеуде. Мәйітке сырттай қарау жұмыстары жүргізіліп, бірқатар сот-сараптамалары тағайындалды.
Түркістан облысы