18 наурызда Шымкенттегі №54 мектепте 38 оқушы газдан уланып, ауруханаға жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бір мұғалім мен бір техникалық қызметкер де уланған.

Шымкент тұрғыны Ұлдықыз Мұратованың 3-сыныпта оқитын немересі – газдан уланып, ауруханаға түскендердің бірі. Ол мектептен үйге келгенде өзін жайсыз сезініп, басы айналған.

— Мектептен қайтарып жіберген. Үйге келіп, басы айналды, құса алмай қиналды. Реңі сұп-сұр боп кетті. Атасы айран берді. Жүрісі де біртүрлі болды. Тез дәрігер шақыру керек дедік. [Ауруханада] система, укол алып жатыр. Қызым иіс сезбей қалған сияқты, — дейді уланған оқушының әжесі Ұлдықыз Мұратова.

Орынбаев атындағы облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының іші абыр-сабыр. Жедел жәрдем көлігі оқушыларды ауруханаға әкеп жатты. Балалардың өңі қашып кеткен. Көбі «жүрегім айнып тұр» деп шағымданды. Шымкент тұрғыны Ирода Абдуалиева да ауруханада қызын күтіп жүрді. 4-сыныпта оқитын баласы үйге келген соң басы ауырған.

— Бес шамасында мұғалім хабарласып, балаңызды алып кетіңіз деді. Мен нан жауып жатқан едім. Атасы [мектепке] барып, алып келді. Үйге келгенде қызымның түрі біртүрлі болды. Басым ауырып жатыр деп жылады. Кейін жедел жәрдем шақырдық. Үйге келіп, оттегі берді. Ауруханада система алған соң жағдайы жақсарды, — дейді ол.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқарамасы сағат кешкі бес шамасында газдан уланғандардың саны 25 адам деп хабарлаған. Кейін кешкі тоғыздан кейін ауруханаға жеткізілгендер саны 40 адам болды. Олардың – 38-і оқушы.


Ауруханаға түскен балаларды күтіп отырған жақындары. 18 наурыз 2019 жыл.

Уланған балалар түскен ауруханада полиция және психологтар да жүрді. Психологтар «шошып қалған балалар мен ата-аналарға көмек қолын созу үшін келгендерін» айтты.

Орталықтың бас дәрігері Мадина Ермахамбетова Азаттық тілшісіне «балалар газдан уланған. 32 бала ем-дом жасалғаннан кейін жағдайы жақсарып, үйлеріне қайтты. Алты баланы дәрігерлер бақылап отыр» деді.

Білім басқармасының хабарлауынша, мектептен жүз қызметкер, 800-ден астам оқушы эвакуацияланған. Мектепке қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, «ИнтерГазЦентральнаяАзия» компаниясының бригадасы, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет станция мамандары келген.

Білім басқармасының хабарлауынша, газдың қайдан шыққаны анықталып жатыр. Басқарма мектепте газ болмағанын мәлімдеді. Әкімдіктің алдын ала болжамы бойынша, газ мектеп аумағына сырттан келуі мүмкін. Білім басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Махамбеткәрім Азаттыққа 19 наурызда мектепте сабақ болатынын хабарлады.

Дилара ИСА www.azattyq.org сайтына сілтеме жасап, «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?