Ресейдің Сахалин облысында Ми-8 тікұшағы автокөлік жолына шұғыл қонды. Оқиғаның сәті бейнежазбаға түсіп қалған.
Оқиға 2 қыркүйекте Сахалин облысының Долинск ауданында, «Сокол» әуеайлағына жақын жерде болған. Тікұшақ шалғай аумақта мерзімінен бұрын дауыс беруді ұйымдастыруға барған топты алып қайтып келе жатқан.
Ресми мәлімет бойынша, әуеайлағына жақындаған кезде Ми-8 кенеттен биіктігін жоғалта бастаған. Ұшқыш тікұшақты автожолға қондырып үлгерген. Кейін әуе кемесі жолдан шығып, кюветке түскен.
Тікұшақ бортында сегіз адам болған. Олардың арасында экипаж мүшелері, Сахалин облыстық сайлау комиссиясының өкілі және жергілікті телеарналардың журналистері бар.
Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Борттағылар соғылу және жеңіл жарақаттармен құтылған. Жолдағы адамдар арасында да зардап шеккендер жоқ.
ГТРК «Сахалин» таратқан алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға тікұшақтың гидравликалық жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін. Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.
Ресей
![]()
