Қала көшесінде адам көп. Саябақта серуендеп жүргендер, қоғамдық орындарда жүрген тұрғындар, балаларын ертіп шыққан ата-аналар… Осындай сәттерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлеріне жердегі бақылаумен қатар, әуеден бақылау да қажет болып жатады.
Шымкент полициясы осы бағытта заманауи технологияны іске қосып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде дрондарды қолдана бастады.
Бұл жай ғана аспанда ұшып жүрген техника емес. Ақылды дрондар адам көп жиналатын орындарды жоғарыдан бақылап, тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.
Мысалы, адамдар көп шоғырланған жерде жанжал туындаса, қоғамдық тәртіп бұзылса немесе қандай да бір төтенше жағдай байқалса, әуеден бақылау полиция қызметкерлеріне оқиғаға жылдам әрекет етуге көмектеседі.
Дронның тағы бір ерекшелігі-оның дауыс зорайтқышпен жабдықталуы. Яғни қажет болған жағдайда тұрғындарға жоғарыдан ескерту жасауға, белгілі бір аумақта тәртіп сақтау қажеттігін хабарлауға болады.
Бұл әсіресе мерекелік шаралар, концерттер, халық көп жиналатын орындар мен қоғамдық іс-шаралар кезінде тиімді болуы мүмкін.
Технологияның мақсаты — адамдарды аңду емес, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқық бұзушылықтың алдын алу. Қауіпсіздік шаралары заң талаптарына сай жүргізіліп, азаматтардың құқықтары мен жеке өміріне құрметпен қаралуы тиіс.
Бүгінде қала қауіпсіздігі тек полиция қызметкерінің қолындағы рациямен немесе патрульдік көлікпен шектелмейді. Заманауи қалаға заманауи тәсілдер де қажет.
Әуеден бақылау, бейнебақылау және басқа да технологиялар полицияның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қауіпті жағдайды ертерек байқап, оның алдын алуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы — технология халыққа қызмет етуі керек!
Шымкенттің аспанында қалықтаған бұл дрондардың мәні де осында. Қауіптің болғанын күтіп отырмай, оны алдын ала байқап, дер кезінде әрекет ету.
Қауіпсіз қала — тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ мақсаты.
Сардар Әбдіжақия
Шымкент қаласы
![]()
