Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру мәселелерін реттейтін нормативтік қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жоба әзірледі.
Жобада қандай негізгі түсіндірмелер көзделген?
1.Қылмыс салдарынан келтірілген және өтелуге жататын залалға ҚПК-нің 166-бабында белгіленген тәртіппен берілген талап қоюлар бойынша сотталған адамнан тікелей қылмыспен келтірілген мүліктік және моральдық зиянды, жерлеуге, жәбірленушіні емдеуге жұмсалған және басқа да шығындарды өтеу үшін сот шешімімен өндіріп алуға белгіленген сомалар жатады. Бұған жәбірленушінің өкілдік етуге жұмсаған шығыстары да жатады.
2.Шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру мәселесі тек сотталған адамның өтінішхаты бойынша қаралады. Бұл ҚПК-нің 480-бабының 1-бөлігінде тікелей көрсетілген.
3.Сотталған адам сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін өзінің өтінішхатын қайтарып алуға құқылы. Мұндай жағдайда сот өтінішхатты қараусыз қайтару туралы қаулы шығарады. Сотталған адамның өтінішхатты сот қарап болғаннан кейін қайтарып алуына жол берілмейді. Бұған дейін бұл мәселе реттелмеген болатын.
4.ҚК-нің 6-бабына сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыруды қолдану немесе қолданбау мүмкіндігі туралы мәселе, егер бұл сотталған адамның жағдайын нашарлатпаса, оларды қолдану кезінде қолданыстағы заңға сәйкес шешілуге тиіс. Заң сотталған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай өзгерген жағдайда, қылмыс жасалған кезде қолданыста болған заң қолданылады. Бұл түсіндірме сотталған адамдардың белгілі бір санаттарына қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыруға тыйым салу енгізілген немесе алынып тасталған жағдайларға қатысты.
5.Егер сотталған адам денсаулық жағдайына байланысты тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға және мекеменің қоғамдық өміріне қатыспаған болса, бұл жағдай шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыруға кедергі болмауға тиіс.
6.Сотталған адамға қолданылған көтермелеулерді бағалау кезінде олардың санын, сондай-ақ жазаны өтеудің бүкіл кезеңіндегі жүйелілігін ескеру қажет. Сотталған адамға жазаны өтеудің бүкіл кезеңінде қолданылған тәртіптік жазаларды сот жасалған бұзушылықтардың сипатын ескере отырып, оны сипаттайтын басқа да деректермен жиынтықта бағалауға тиіс. Соттар тәртіптік жаза қолданудың әрбір фактісін зерделеп, осы бұзушылықтардың жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзу болып табылатынын не табылмайтынын анықтауы қажет. Бұл ретте, егер тәртіптік жаза ҚАК талаптарын бұза отырып қолданылғаны анықталса, сот осы мән-жайға баға беруге және сотталған адамның өтінішхатын қарау кезінде аталған тәртіптік жазаны ескермеуге құқылы. Бұл жерде тәсілді өзгертіп, сотқа тәртіптік жазалардың сипатына ғана емес, олардың қолданылуының заңдылығына да баға беру құқығын беруді ұсынамыз.
7.Залалды өтеу мәселесінде медиация рәсімін қолдануды және медиативтік келісім жасасу залалды өтеу жөнінде шаралар қабылданғанын білдіретінін көрсетуді ұсынамыз.
8.Залалды өтеу мәселесін қарау кезінде соттар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде жұмысқа орналасу мүмкіндігінің болуын және сотталған адамның залалды өтеу жөнінде қабылдаған шараларын ескеруге тиіс екенін, ал қылмыспен келтірілген залалдың едәуір бөлігінің өтелуі өзге де деректермен жиынтықта сотталған адамның мінез-құлқындағы оң өзгерістерді айғақтауы мүмкін екенін көрсетуді ұсынамыз.
17 қыркүйекте жобаны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алаңында прокуратура органдарының, ҚАЖК-нің және, әрине, адвокаттар қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен талқылауды жоспарлап отырмыз.
Назгүль Рахметуллина

Loading

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *