Тараз қаласында полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына күдікті 56 жастағы ер адамды ұстады.
Күдікті басқарған «Opel Vectra» автокөлігін тінту барысында жол сөмкесінен 12 келі 30 грамм кептірілген марихуана және 264,58 грамм гашиш тәркіленді.
Сонымен қатар оның тұрғылықты жеріндегі балконнан тағы 124,38 грамм гашиш табылды.
Осылайша, тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 12 келі 30 грамм марихуана және 388,96 грамм гашишті құрады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам есірткі заттарын Байзақ ауданының аумағынан жинап, сақтаған. Күдікті өзіне тиесілі автокөлікпен Жуалы ауданына қарай бара жатқан кезінде ұсталды.
Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Аталған дерек бойынша есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Жамбыл облысы
![]()
