3 сәуір – Халық қаһарманы Ғ.Байтасовтың туған күні

Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына аманат етер ең қасиетті өсиетіміз дегенді жиі естиміз. Халқына төнген қауіптің көзін жойғанша тыным таппай, ақтық демі қалғанша адалдық пен жауапкершілік танытып, бейбітшілік пен елдегі тыныштық үшін өз өмірлерін құрбан етіп, осы жолда бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізіп, тақымындағы тер кеппеген, талай найза мен қылыш сындырған аталарымызды әр уақытта келер ұрпақтың келбеті толғандырған. Сондықтан халқымыз қашанда елін сүйген бiртуар батыр перзенттерiн мақтан тұтып, қадiрлеп, қастерлеудi ұрпағынан талап еткен. Халық ата жұрты үшін жан беріп, жан алысып, талай боздағынан айырылды, талай тозақты көрді.

Ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсеткен батырларды мадақтау, олардың алдында бас иіп, құрмет көрсету — бүгінгі ұрпақтың да бұлжымас парызы. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз осындай батырлық пен өрліктің белгісіндей болған батырлардың ерен еңбегі деп білеміз, бейбіт күннің әр сәтін бағалау қажеттілігін бәріміз сезінуіміз керек. «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады»,- деген еді кезінде батыр қазақ Бауыржан Момышұлы.

Бұл күндері қазақстандық полиция қызметтік міндеттерін атқару барысында 700-дей қызметкерінен айырылды. Қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жан тәсілім еткен полиция қызметкерлерінің есімдері мәңгілік жадымызда сақталады.

Соның ішінде, 2011 жылдың қарашасында қандықол лаңкесті тоқтату барысында қаза болған, халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен жерлесіміз, Қазақстан Республикасында Халық Қаһарманы атағына ие болған жалғыз полицей Ғазиз Байтасовтың да ерлігі тарихқа алтын әріппен жазылды. Арада бірнеше жыл өтсе де ғазиз жанын құрбан еткен капитан Ғазиз Байтасовтың, қарулы қылмыскерге қарсы тұрамын деп шейіт болған полиция сержанттары – Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтің де есімдері ел есінде, ерліктері ертеңгі ұрпаққа өнеге. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз осындай батырлық пен өрліктің белгісіндей болған батырлардың ерен ерлігі деп білеміз.

3 сәуір — саналы ғұмырының 20 жылын жол айрығында көше тәртібіне арнаған, қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза болған ішкі істер органдарының ең үздік қызметкерлерінің бірі — ПД Жол полициясы жеке батальоны 1-ші взводының командирі болған, полиция капитаны «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың туған күні. Бүгінде Ғазиз тірі болғанда 48 жасқа толар еді. Батыр жерлесіміз тәуелсіз еліміздің тыныштығын күзетіп, төтеннен төнген қауіпке кеудесін тосып, оқыс жағдайда жанын пида етті. Көзі тірісінде өз ісіне деген адалдық, қызметіне деген жауапкершілік үлгісін

танытқан, құзырлы орган саласында еңбек ете жүріп, күні-түні таңдаған кәсібінің ауыртпалығын аса ұқыптылықпен сезініп, отбасы мен бауырларына деген қамқорлығын әсте еш төмендетпеген Ғазиздің азаматтық тұлғасы бүгінгі ұрпаққа ұлағат. Батырлық, ерлiк көрсету – адам бойындағы ерекше қасиет. Ержүрек адамды елі мақтаныш етедi.

Шын батыр сын үстінде танылады. Батылдық, отансүйгіштік, ұстамдылық, табандылық, қайсарлық — нағыз батырлардың қасиеті. Өлім қаупі төнсе де, рухын жоғары ұстап,басына төнген қауіптен жалтармай, қоғамдық мәнді мақсаттарды негізгі борышым деп есептеген Ғазиз Байтасов көзі тірісінде басшылық тарапынан 28 рет марапатқа ие болып, қалтқысыз қызметі үшін медальдермен марапатталды. Елін сүйген ер есімі — мәңгілік ел есінде. «Ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран» екендігін тағы да дәлелдеген батыр әріптесіміздің жанқиярлығы талай жүректерге от тастап, намыс найзағайын ойнататыны шындық.

Аз ғана ғұмырында асқан ерлігімен отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман жерлесіміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей жылдар өткен сайын батырдың бейнесі ұлғая түсуде. Қаза болған уақыттан бері Ғазиз Байтасовтың есімі кеңбайтақ елімізге аңыз болды, ерліктің, өрліктің белгісі болып тарихқа енді. Ерлігімен қазақстандық полицейлердің абыройын асқақтатып, тыныштық сақшыларына халық сенімін ұялатты.

«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» демекші, ел абыройын бұлқынған намыс пен жұлқынған жігермен ақтық демі қалғанша қорғаған Ғазиз Байтасовтай қаһарманның бейнесі жадымызда жаңғырып, оның бойындағы отаншылдық сезім қазіргі сапта тұрған жамбылдық полицейлерге қолдау көрсетіп тұрғандай.

Бұл күндері жалпы тәртіпті, әділдікті қолдап, қоғамның тыныштық күзетінде қызмет етіп, жабырқаған жандарға медет болған, қиналғандарға қорған болған сақшылардың еңбегі зор.

Заңның жүзеге асуын, қылмыстының құрықталып, жазаға тартылуын қамтамасыз ететін полиция қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Бейбіт өмірдің тыныштығын бұзған лаңкестерді құрықтау барысында арыстай азаматтарымыз көз жұмды. Олар бұл қызметке арыстандай айбатты азаматтар ғана келетінін дәлелдеп кетті. Нәтижесінде сап түзеген полицейлерге деген сенім арта түсті.

Елімізде енді тек бейбітшілік болсын, ел ішіндегі бірлік пен ұйыған татулықтың баяндылығын мақсат тұтқан айбынды азаматтарымыз аман болсын. Еліміздің бейбітшілігі – бұл біздің басты құндылығымыз, ал әрбір отбасының қауіпсіздігі – олардың тыныштығын сақтау жолында білімі мен білігін, қайраты мен қабілетін көрсетіп, тәулік бойы аянбай қызмет атқарып жүрген полицейлердің қорғауында.

Гүлвира Сатыбалдиева,

Жамбыл облысы Полиция департаменті

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?