Түркістан облысында қырағылығымен танылып, қылмысты болдырмау мен алдын алу мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлері көп. Күн-түн демей қоғам тыныштығы жолында қызметте жүрген сондай жанның бірі Серік Әбдиев.

Серік Гаппарұлы Түркістан облысы Төлеби ауданындық полиция бөлімінде аға тергеуші болып қызмет атқарады. Жедел-іздестіру және басқа да тиісті орындармен тығыз байланыс орнату арқылы істің ақ-қарасын ажыратады. Басты ұстанымы – ар алдындағы адалдық.

«Әр қылмыстық істің артында адам тағдыры тұр. Сондай үлкен жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай қызмет атқару кез келген адамның қолынан келе бермейтіні шындық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қымбат», – дейді ол.

Серік Әбдиев 1979 жылы Төле би ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжін бітіреді. Өз тағдырын қиыншылығы мен қызығы мол, ауыр мәртебелі мамандықпен байланыстыруды жастайынан мақсат тұтқан ол еңбек жолын Қарағанды қаласының маңындағы Қ.Сәтбаев қаласында жедел уәкіл болып бастайды. Ал, 2001 жылы тергеу саласына ауысқан. Абыройлы қызметімен танылған тергеуші 2004 жылы туған жеріне оралып, анықтаушы, тергеуші болып еңбек етеді. Қазір Төлеби аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі, подполковник.

«Күніне орта есеппен 15 адамды қабылдаймын. Тергеуші қызметі – аса сауаттылық пен білімді, шыдамдылықты талап етеді. Жауапкершілігі де мол. Басты мақсатымыз – нақты айғақ жинап, қылмыскерді дәл табу. Аталған сала ішкі істер органдары жүйесінде ерекше маңызға ие. Кейде ауыр қылмысты ашу үшін тәулік бойы көз ілмеуге тура келеді» — дейді ол.

Өткен жылы Серік Гаппарұлы 40 жасқа толды. Бірақтан туған күнінде қызмет бабымен жүріп, отбасына араға үш күн салып барып оралды. Себебі, ауданда аса ауыр қылмыс орын алып, соны ашу мақсатында күн-түн демей жұмыс жасады.

— 11 наурыз туған күнім болатын. Ал мен 10 наурыз күні кезекшілікке түстім. Сол күні түнгі сағат 23/00 шамасында жолдың бойынан ер азаматтың мәйіті табылды. Киімсіз, денесі қан-қан. Сонымен жарықпен жан-жақты барлай жүріп, қан іздерін таптық. Сол ізбенен жүріп отырып, бір үйге тірелдік. Оның да сыртқы

қабырғасына қан тиіпті. Есік алдында киімдері бар сөмке жатыр. Есікті ұрып жүріп ашқанда, іштегі адамның ішімдікке тойып алғаны білініп тұрды. Кейіннен екеуі бірге ішімдік ішіп, замандасын турбамен ұрып өлтіріп қойғаны анықталды. Содан сүйреп жолдың бойына алып шығып тастаған»- дейді подполковник.

Осылайша, ауыр жұмысты арқалаған аға тергеушінің әр сағатының өзі сан түрлі оқиғамен өріліп жатады. Әсіресе, соңғы кездері бөтеннің мүлкін ұрлау мен алаяқтық қылмысының көбейіп кеткендігі қатты алаңдатып отыр. Ел ішіндегі біршама оқиғаларға куә болған подполковник көпшілікті телефон мен интернет алаяқтарына алданып қалмау қажеттігін ескертеді.

— Халықтың сенгіштігін пайдаланатын алаяқтар, әртүрлі айла тәсілге салып, қарапайым тұрғындарды сан соқтырып жатыр. Өткен жылдары Төле би ауданының үш тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болды. Алдап хабарласқан Тараздыққа олар 360 000, 320 000, 100 000 салып жіберген. Тергеу нәтижелері бойынша іс толығымен ашылып, алаяқ өз жазасын алды. Сондықтан, кез келген телефон қоңыраулары мен хаттарға сене бермеуге шақырамын – дейді тергеуші.

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Серік Гаппарұлы әрдайым білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырады.

Қол жеткізген мемлекеттік наградалары да көп. Атап айтар болсақ, ішкі істер органының қызметі үшін арнайы алғыс хаттар алған. Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік медальдармен марапатталған. Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері.

Аға тергеуші бос уақытында домбыра шертіп, ән айтады. Себебі, музыка оның хоббиі. Домбыра, фортепиано, гитара секілді 7 түрлі музыкалық аспапта еркін ойнайды. Ал, спорт өмірімен егіз ұғым. Жанына серік еткен жаттығуларын жасап, әрдайым салауатты өмірді насихаттап жүреді. Бокс қолғабын киіп, шаршы алаңда денесін шынықтырады.

Жалпы Әбдиевтер жанұясы Төле би ауданындағы мерейлі отбасының бірі. Жұбайымен екі ұл, үш қыз өсіріп, тағылымды тәрбиесімен көпшілікке үлгі болып отыр.

Қайрат Зайнишев

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?