Шақалаққа өмір сыйлаған полиция капитаны. Бұл жәйт туралы Атырау облысы полиция департаменті ақпарат жариялады.
Полиция қызметкерлері – халықтың қорғаны, адамдар құқығы мен бостандығын қорғайтын, қылмысқа қарсы ымырасыз күресте алдыңғы қатарда тұратын жандардың бірі. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың әлемге танылған қара сөздерінде «Адам бол» сөзі жүз жыл өтсе де өзекті болып қала береді. Ал, бүгінгі қоғамда қысылтаяң сәтте біреуге көмекке келуге дайын тұратын сергек азаматтар көп кездесе бермейді. Олардың ерлікке пара-пар әрекеті мен жедел қимылының арқасында қаншама адам ажалдан аман қалды. Осындай ерең ерліктің үлгісі болып, антына адал тәртіп сақшыларының бірі – Амангелді Мукашев.
Амангелді ІІО-ғы қызметін 2013 жылы Атырау қаласының полиция басқарамасы тергеу саласында полиция лейтенанты болып бастаған. Қазіргі таңда Жылыой аудандық полиция бөлімінің Жедел басқару орталығының кешенді күш құралдарын басқару тобының инспектор кезекші лауазымында. Қызметтік міндетін атқару кезінде лезде шешім қабылдай білетін, қандай жағдай болмасын адам өмірін басты орынға қоятын тәртіп сақшысының жасаған ерлік істері, екінің бірінің қолынан келмейтін есте қалар еңбегі көп. Соның бірі бірнеше жыл бұрын дәретхана ішінен табылған шақалақ сәбиді құтқарып, аман алып қалған оқиға болатын. Дүниеге шыр етіп келген сәбиге оны алғаш көрген тәртіп сақшысының құрметіне Амангелді есімі де берілген екен.
— Қателеспесем 2015-2016 жылдар шамасы болу керек. Сол күні кезекшілікте болып, басқару пультіне жергілікті тұрғын үйлердің біріндегі дәретханада жаңа туылған сәби табылғаны туралы хабарлама түсті. Шұғыл түрде жиналып, оқиға орнына келдім. Хабарлама берген жедел-жәрдем медбикесі екен. Қатты шошынғаннан “бала өлді” деп айғайлап жатты. Бірақ дәретханадан шақалақ сәбидің дауысы естіліп, бар ойым баланы аман сау алып шығу болды. Содан дәретхананы қарап шығып, ыңғайлы жағына құлатып, ішіндегі баланы жарақаттап алмау үшін ішіне түсіп, балаға қарай ұмтылдым. Ішіне түскен кезде бала плацентадан ажырамаған күйінде жатыр екен. Солай сәбиді аман алып қалу үшін дереу жоғарыға қарай көтеріп, шығарып бердім. Баланың періштесі сақтады десе де болады. Өйткені шұңқырдың ішінде болған кезде менің өзіме ауа жетпей, тұншығып қалдым. Бұл оқиғаға ұзақ уақыт болса да сол кездер әлі көз алдымда. Осы оқиғадан кейін ол балаға халық Амангелді есімін берген болатын. Қазір әлі күнге дейін бірге араласып, кездесіп тұрамыз. Болашақта кішкентай Амангелді үлкен, батыр азамат болып шығарына сенемін,-дейді кішкентай Амангелдіге өмір сыйлаған полиция капитаны.
Бейбіт күнде батырлығы мен батылдығын танытқан полиция қызметкері бүгінде отбасының қорғаны, екі қыз және бір ұлдың әкесі.
Дана қазақтың «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөзі осындайда айтылса керек. Сөз соңында жанымыздағы жақсыларды бағалай біліп, қасымыздағы қаһармандардың қадіріне жете білейік дегіміз келеді.
Атырау облысы
![]()
