Екі ер адам алматылықтарға миллиондаған тауарлық несие рәсімдеген. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті мәлімдеді.
173 адам алданып, миллиондаған теңге залал – алаяқ достардың әрекетінің нәтижесі.
«1995 жылы туған Ж.есімді азамат пен оның досы 2001 жылғы азамат, төмен пайызбен ірі көлемде несие алу туралы ақпаратты таратудан бастаған. Жалпы, алдау жоспары өте қарапайым болды: азаматтарға жылдық 6 пайызбен ірі көлемде несие алуға көмек ұсынылды. Бірақ «таза тарих» үшін алдымен кез келген тауарлық несиені алып, «сатып алынған» тауарды сату арқылы тез өтеу қажет болды. Бұл тауарды достар өздеріне алып, сатқан және табысты өзара бөлісіп алған. Ерлер бір жылға жуық уақыт бойы қала тұрғындарын алдап келген. Ал таяуда ғана алданып қалған азаматтар полицияға көмек сұрап келген. Күдіктілер ұсталды. Қазір 173 алаяқтық дерегі анықталды. «Жұп» әрбір жәбірленушіден 1,5 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін пайда тапса, шығын көлемін есептеуге де болады. Барлық эпизодтар бір өндіріске біріктірілді. Олар бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді», — деді, Медеу аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ілияс Өмірсеріков.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл іс бойынша тергеу жалғасуда.
Алматы қаласы
![]()
