Кәмелетке толмағанның өліміне кінәлі болып, полиция инспекторы бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыпталған полиция инспекторына қатысты, ҚР ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігі мен сараланған қылмыстық іске үкім оқылды.
Қызылқоға ауданы Полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы қызметтік автокөлікпен әріптесі екеуі патрульдік қызметтерін атқару барысында жасы кәмелетке толмағанның басқаруындағы мотоциклдің артында жасы кәмелетке толмаған екі жолаушы бар күйде жүргенін анықтап, дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен.
Алайда, жасы кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырған.Сотталушы оны қудалап келе жатырғанда, жасы кәмелетке толмаған Жол жүрісі қағидаларын бұзушы қара жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған.
Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын қолданбай, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, жасы кәмелетке толмағанды қағып кеткен, нәтижесінде ол оқиға орнында есін жимастан қаза болған.
бейнежазба авторы atyrau_oil_06 инстаграмм парақшасы
Қызылқоға аудандық сотының судьясы сотталушыны, ҚР ҚК-і 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оны 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Атырау облысы