Етті шабуға арналған пышақпен қарсыласына бірнеше рет соққы жасаған. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
14 тамыз күні Қарасай аудандық полиция басқармасына жедел жәрдем бригадасынан жеке үйлердің бірінде болған жанжал жөнінде хабарлама түсті.
Оқиға орнына дереу учаскелік полиция инспекторы Бахыт Ғұмаров жетті. Үйге кірген сәтте ол бір ер адамның екіншісіне ас үй пышағымен соққы жасап жатқанын көрді. Секундтар адамның өмірін шешкен сәтте инспектор шабуылдаушының қолындағы қаруды қағып түсіріп, оны құрықтап, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Бастапқы мәлімет бойынша, оқиға болған жерде бірнеше адам алкогольді ішімдік ішкен. Туындаған жанжал барысында солардың бірі етті шабуға арналған пышақпен, қарсыласына бірнеше рет соққы жасап, оның өмірін қиюға бет бұрған. Үй иесі шабуылды тоқтатпақ болып, өзі де дене жарақатын алған.

Ауыр жарақаттанған жәбірленуші жансақтау бөліміне жеткізілді, ал екіншісіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция аға лейтенанты Ғұмаров – «қазақша күрес» түрінен спорт шеберіне кандидат. 2022 жылдан бері ол қоғамдық тәртіпті қорғап келеді, ал дәл осы күні оның спорттық шыңдалуы, төзімділігі мен жылдам әрекеті адам өмірін құтқаруына себеп болды.
![]()
