Фулфилмент- бизнес емес, қызмет қана!- Сардар Әбдіжақия.  Түркістан-Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заңконсультанттары палатасының заң консультанты халыққа ескерту жасады.

Соңғы кезде әлеуметтік желіде «фулфилмент арқылы оңай табыс табасыз», «маркетплейсте дүкен ашып береміз», «бірнеше күнде жүз тапсырысқа жеткіземіз» деген жарнамалар көбейді.

Көпшілік «фулфилмент» деген шетелдік атауды естігенде оны арнайы оқу бағдарламасы немесе табыс табудың дайын жүйесі деп қабылдайды. Шын мәнінде, фулфилмент – байып кетуді үйрететін курс емес.

Фулфилмент дегеніміз – интернет-дүкен иесінің тауарын:

— қоймада сақтау;
— тапсырыс бойынша жинау;
— қаптау;
— таңбалау;
— жеткізу қызметіне беру;
— қайтарылған тауарларды қабылдау сияқты техникалық және логистикалық жұмыстарды орындау болып табылады.  Яғни сізде сатылатын нақты тауар, интернет-дүкен және тапсырыс болмаса, фулфилмент қызметінің өзі сізге табыс әкелмейді.

Қай кезде фулфилмент қызметін пайдалануға болады?

Фулфилмент сізге мына жағдайларда ғана пайдалы болуы мүмкін:

Сізде сатуға арналған нақты тауар бар. Тауардың қайдан алынатыны, кімге тиесілі екені және сапасы белгілі. Маркетплейсте немесе интернетте жұмыс істейтін дүкеніңіз бар. Тапсырыстар түсіп жатыр, бірақ тауарды сақтау, қаптау және жеткізу жұмыстарын өзіңіз орындауға үлгермейсіз. Осындай жағдайда фулфилмент компаниясы сіздің логистикалық серіктесіңіз болады.

Ал егер сізге:

«Алдымен несие алыңыз»,
«Қазір ақша аударсаңыз, табысқа шығарамыз»,
«Тауарды өзіміз тауып, жүз тапсырыс әкелеміз»,
«Ай сайын міндетті түрде осынша пайда табасыз»- деп уәде берсе, ақша аударуға асықпаңыз.

Заңды кәсіпкер де жалған кепілдік берсе немесе тұтынушыны жаңылыстырса, жауапкершіліктен босатылмайды.

Ақша төлемей тұрып нені тексеру керек?

Бірінші кезекте қызмет көрсетушінің толық аты-жөнін, жеке кәсіпкерінің немесе компаниясының атауын, БСН немесе ЖСН деректерін талап етіңіз. Кәсіпкердің шынымен тіркелгенін және қызметінің тоқтатылмағанын міндетті түрде тексеріңіз.

Ақша аударылатын шот келісімшарттағы орындаушыға тиесілі болуы қажет. Келісімшарт бір адамның атында болып, ақша бөтен адамның немесе басқа жеке кәсіпкердің шотына сұралса, оның себебін растайтын құжатты талап етіңіз.

Шартта қызмет нақты жазылсын:

— қанша тауар қабылданады;
— қай қоймада сақталады;
— бір тауарды қаптау құны қанша;
— жеткізуге кім жауап береді;
— тауар жоғалса немесе бүлінсе, залалды кім өтейді;
— қызмет қай күні басталады;
— шартты бұзғанда ақша қалай қайтарылады. «Ақпараттық қолдау», «авторлық жүйе», «бонус сабақ», «дайын бизнес» деген жалпылама сөздер нақты міндеттемені алмастырмайды.

Қазақстан Республикасының заңнамасы тұтынушыға қызмет пен оны көрсетуші туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқық береді. Түсініксіз әрі екіұшты шарттармен тұтынушының құқықтарын шектеуге жол берілмейді. «Жүз тапсырысқа кепілдік береміз» дегенге сене бермеңіз

Нарықтағы сатылымға тауардың бағасы, сапасы, сұраныс, жарнама, бәсекелестік және маркетплейс талаптары әсер етеді. Сондықтан ешкім заңды әрі адал түрде сізге нақты мөлшердегі сатылым мен пайданы сөзсіз қамтамасыз ете алмайды.

«Бір айда 200 мың теңге пайда», «жүз тапсырыс міндетті түрде түседі» деген сөздер айтылса, олардың:

— қандай есепке негізделгенін;
— жазбаша кепілдік бар-жоғын;
— нәтиже болмаса ақша толық қайтарылатынын сұраңыз.

Жарнамадағы уәде шартта жоқ болса, кейін оны дәлелдеу қиын болуы мүмкін. Сондықтан жарнаманы, хат алмасуды, аудионы, түбіртекті және ұсынылған құжаттарды сақтап қойыңыз.

Ең қауіпті белгілер

Мыналар байқалса, мәмілені тоқтатқан жөн:

— шартты оқуға уақыт бермейді;
— «бүгін төлемесеңіз, мүмкіндік жабылады» деп асықтырады;
— несие рәсімдеуге итермелейді;
— төлемді бірнеше бөтен шотқа бөлуді сұрайды;
— кеңсесі мен қоймасының нақты мекенжайын көрсетпейді;
— тауарды көрсетпей ақша талап етеді;
— шартта фулфилмент жазылғанымен, ауызша тек курс пен табыс уәде етеді;
— кәсіпкердің атауы шартта, жарнамада және банк түбіртегінде әртүрлі;
— қызметті орындамай тұрып толық соманы төлеуді талап етеді.

Кәсіпкердің тіркелген болуы – оның әрбір әрекеті заңды деген сөз емес. Жеке кәсіпкер куәлігі адамға халықты жаңылыстыруға, орындалмайтын уәделер беруге немесе басқа тұлғалардың шоттарына ақша жинауға құқық бермейді.

Алданып қалсаңыз не істеу керек?

Барлық дәлелді жоғалтпай сақтаңыз: келісімшарт, төлем түбіртектері, жарнама, хат алмасу, телефон нөмірлері, аккаунт атаулары және дауыс хабарламалары.

Орындаушыға жазбаша талап жолдап, қызметті орындауды немесе ақшаны қайтаруды талап етіңіз. Нәтиже болмаса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау органына, сотқа немесе алаяқтық белгілері болған жағдайда полицияға жүгінуге болады. Тұтынушылардың өтініштерін арнайы ақпараттық жүйе арқылы қарау тәртібі де көзделген.

 

Фулфилмент – алаяқтық емес. Бұл әлемде кеңінен қолданылатын қалыпты қойма-логистикалық қызмет.

Бірақ «фулфилмент» деген сәнді сөзді жамылып, нақты тауарсыз, қоймасыз және орындалатын қызметсіз халықтан миллиондап ақша жинау – қалыпты кәсіпкерлік емес.

Кәсіп бастағысы келген адам ең алдымен табыс туралы әдемі әңгімені емес, тауарды, қойманы, шартты, кәсіпкерді және ақша түсетін шотты тексеруі керек.

Фулфилмент сізді несиеге қаптап беріп емес керісінше  тауарыңызды қаптауы тиіс.

Сардар Әбдіжақия

Loading

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *