eGov 3.0 іске қосылды. Бұл туралы «астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
eGov – миллиондаған қазақстандық пайдаланатын сервис. Енді ол бұрынғыдан да қарапайым әрі ыңғайлы бола түседі.
Мемлекеттік қызметтер біртіндеп жеңілдетіледі. Қажетсіз қадамдар мен талаптар қысқартылып, қажетті қызметті жылдамырақ алуға мүмкіндік жасалады.
ЖИ мемлекеттік қызмет алуға көмектеседі
eGov GPT арқылы қажет қызметті қарапайым тілмен жазуға болады. Мысалы: «Бала мектепке барады».
ЖИ қандай қызмет қажет екенін айтып, өтінішті рәсімдеуге көмектеседі және қызмет нәтижесін алғанға дейін көмектеседі. Қазір ең көп сұранысқа ие 50 қызмет қолжетімді.
eGov тұрақтырақ жұмыс істейді
Электрондық үкіметтің жаңа шлюзінің қуаты 2,5 есеге артты. Ал бірінші сыныпқа қабылдау қызметі екі ай бойы ақаусыз жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 365 мыңнан астам өтініш өңделді.
Баланс нөл болса да, мемлекеттік қызметтер қолжетімді
Телефон балансында қаражат қалмаса да, eGov және Aitu платформаларындағы маңызды мемлекеттік және әлеуметтік сервистерге қолжетімділік сақталады.
eGov Business: бизнеске қажеттінің бәрі бір жерде
Жаңартылған қосымша мемлекеттік қызметтерді, сервистерді және бизнесті қолдау шараларын бір жерге біріктіреді. Қазір оны ай сайын шамамен 35 мың адам тұрақты пайдаланады.
ХҚКО-лар да өзгереді
ХҚКО-лар заманауи AI кеңселеріне айналады. Бұл жерде бұрынғыдай ортақ кезек болмайды. eGov қызметтерінің бір бөлігін азаматтар eGov GPT цифрлық көмекшісі бар терминалдар арқылы өз бетінше ала алады. Ал мамандар қажет болған жағдайда көмек көрсетеді.
Нәтижесінде қажетті мемлекеттік қызметті алу үшін қадамдар мен артық әрекеттер саны азайып, қызметтерді алу үдерісі барынша қарапайым әрі ыңғайлы болады.
![]()
