Алаяққа алданғанда полицияны іздейміз. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жаиялады.
Алаяққа алданғанда полицияны іздейміз, ал ескерткенде неге тыңдамаймыз?
 «Интернет алаяқтарына алданбаңыз!»
 «Банк картаңызды, есепшотыңызды бөтен адамға бермеңіз!»
 «SMS-кодты ешкімге айтпаңыз!» деген, ескертулерді естімеген адам аз шығар.
Полиция департаменттері мен басқармалары ғимараттарына үлкен плакаттар іліп, билбордтар арқылы ескертіп жатыр. Әлеуметтік желілерде күн сайын дерлік түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Онымен де шектелмей, полиция қызметкерлері көшеге шығып, саябақтарда, аялдамаларда, сауда орындарында және халық көп жиналатын жерлерде тұрғындарға арнайы жадынамалар таратып, интернет алаяқтарынан сақтану жолдарын түсіндіріп жүр.
Бірақ біз сол ескертулерге қаншалықты мән беріп жүрміз?
Кейбір адам полицей берген жадынаманы оқып та үлгерместен сөмкесіне сала салады немесе қоқысқа тастайды. «Маған ондай болмайды» дегендей бейжай қарайды.
Ал арада уақыт өткенде алаяққа алданып, ақшасынан айырылып, несие рәсімделіп немесе банк картасын бөтенге беріп қойып, полицияның алдына келіп тұрады.
Әрине, қылмыстың алдын алу да, қылмыскерді анықтау да – құқық қорғау органдарының міндеті.
Бірақ өз қауіпсіздігімізге өзіміз де жауапкершілікпен қарауымыз керек емес пе?
Полиция әр адамның жанында тәулік бойы күзетіп жүре алмайды ғой.
Ескерту жасалды ма – тыңдау керек.
Жадынама берілді ме – оқу керек.
Күмәнді қоңырау келді ме – асықпай тексеру керек.

Полицей бүгін сізге көшеде бір парақ қағаз ұсынып тұрса, оны қоқысқа тастауға асықпаңыз. Бәлкім, сол бір парақ ертең сіздің ақшаңызды сақтап қалуы мүмкін.
Алаяқтықтың алдын алу – полицияның ғана емес, әр азаматтың өзінің де жауапкершілігі.
Сардар Әбдіжақия
“Астарлы ақиқат” ақпарат агенттігі

Loading

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *