Шығыс Қазақстан облысының полицейлері психотроптық зат салынған 34 ораманы тәркіледі. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
«Қарасора-2026» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Өскемен қаласында психотроптық заттарды таратты деп күдікке ілінген топты ұстады. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер психотроптық заттарды топ болып таратты деген күдікпен басқа өңірден келген екі азаматты ұстады. 33 жастағы әйелді жеке тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған төрт орама табылды. Оқиға болған жерді тексеру барысында сол жердегі сөмкеден тағы 29 осындай орама тәркіленді. 22 жастағы ер адамнан да ұқсас зат салынған бір орама анықталып, тәркіленді.
Барлығы полиция қызметкерлері 34 орама тәркіледі. Сот сараптамаларының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат α-PVP психотроптық заты болып шықты. Жалпы салмағы 28,46 грамды құрады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмыстары полицияның тұрақты бақылауында.
Шығыс Қазақстан облысы
![]()
