Астанада тазалықты 34 мың адам бұзған
Астанада полицейлер абаттандыру ережелерінің бұзылуын бейнебақылау камералары арқылы анықтап жатыр
Қазақстанның елордасы Астана – еліміздің айнасы. Сондықтан қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтау жайлы әрі қолайлы қалалық ортаны қалыптастырудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындардың жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтап келеді. Бұл жұмыста Жедел басқару орталығының және қала көшелерінде орнатылған бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктері белсенді пайдаланылуда.
Абаттандыру ережелерін бұзу фактілерінен бөлек, полиция қызметкерлері көшеге темекі тұқылын және қоқыс тастау, қоғамдық орындарда түкіру, сондай-ақ қала аумағын ластауға әкелетін басқа да әрекеттерді тіркейді.
Мәселен, Қосшығұлұлы көшесінде бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері темекі тұқылын жерге тастап, абаттандыру ережелерін бұзған 37 жастағы ер адамды анықтады.
Осыған ұқсас жағдай Сарыарқа даңғылында да тіркелді. Үйлердің бірінің маңындағы қоғамдық орында 37 жастағы ер адам темекі тұқылын жерге тастаған. Бұл құқық бұзушылық та бейнебақылау жүйесі арқылы анықталды.
Қала аумағына жүргізілген мониторинг барысында тағы бір факт тіркелді. Toyota автокөлігінің тізгінінде отырған ер адам көліктің есігін ашып, темекі шеккен. Кейін темекі тұқылын көшеге лақтырып жіберген.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері осындай 34 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Әрбір анықталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, құқық бұзушылыққа жол берген адамдар анықталады және заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Елорда тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігіне де байланысты. Темекі тұқылын, қоқысты немесе өзге де қалдықтарды жерге тастау арқылы адам қоғамдық кеңістікті ластап, белгіленген ережелерді бұзады.
Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды тазалық сақтауға, қалалық ортаға ұқыпты қарауға және елордадағы тәртіп әр адамның жауапкершілігінен басталатынын есте сақтауға шақырады.
Астана қаласы
![]()
