Қызылордада «Жас сақшы – болашақ ел қорғаны» атты спорттық-патриоттық сайыс өтті.
Полиция департаменті ұйымдастырған жарысқа облыстағы «Жас сақшы» полиция сыныптарының 7 командасы қатысты. Жасөспірімдер спорттық сайыстарда шапшаңдығы мен ептілігін, ұйымшылдығы мен дайындығын көрсетті.
Шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлігін ұлықтауға және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталды.
Жарыс қорытындысында І орынды Қызылорда қаласындағы М. Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі жеңіп алды. ІІ орын Жаңақорған ауданындағы А. Абдуллаев атындағы зияткерлік мектебіне, ІІІ орын Шиелі ауданындағы М. В. Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейіне бұйырды.
Жеңімпаз командаларға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кубогы табысталды. Арал, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарынан келген командалар да арнайы номинациялармен марапатталды.
Бүгінгі жас сақшы – ертең ел тыныштығына жауапты азамат. Осындай сайыстар балаларды спортқа ғана емес, тәртіпке, жауапкершілікке және елге қызмет етуге баулиды.
Қызылорда облысы
![]()
