Қостанайда дрифт жасаған жүргізуші 15 тәулікке қамалды
Қостанайда жол үстінде әдейі дрифт жасаған 21 жастағы жүргізушінің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалды. Қауіпті маневрлер салдарынан жол жабынында көлік шиналарының іздері қалып, асфальтқа зақым келген.
Полиция жүргізушіні анықтап, бөлімшеге жеткізді. Ол Қостанай қаласының тұрғыны Максим Юрьевич Бугаев болып шықты.
Полиция мәліметінше, жас жүргізуші жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 16 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұған қоса, бұған дейін ұсақ бұзақылық жасағаны үшін де жауапқа тартылған.
Бұл жолы да оның әрекетіне әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. Сот шешімімен Максим Бугаев 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Жол жабынына келтірілген залалдың салдары жойылған.
Полиция жол үстіндегі дрифт пен қауіпті маневрлер тек жүргізушінің өзіне емес, басқа адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне де қатер төндіретінін ескертті.
Қостанай облысы
![]()
