Анықтау-бұл сотқа дейінгі іс-әрекеттерге жататын, ҚР қылмыстық кодексінде белгіленген әрекеттердің негізгісі. Ал оны атқарып, жүзеге асыратын- анықтаушы. Анықтаушы өз кезегінде ҚР заңдарына сүйене отырып қылмысты, қылмысты жасаған адамдарды анықтайды. Ұрлық, алаяқтық, жол көлік оқиғасы бойынша денсаулығына орташа деңгейдегі зиян келген оқиға секілді қылмыстарды ашумен, анықтаумен айналысады. Осы орайда мен сіздерге ТО Полиция департаментіне қарасты Жетісай АПБ-нің анықтау бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны- Азат Мұсырманқұловтың жұмысы туралы кеңінен әңгімелеуге, оның бар болмысы мен өзіндік қырын танытуды мақсат еттік. Сонымен қатар, Азат Орманұлының осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері, қызметке сатылап жоғарылауының, жауапкершілігі мол қызметті дөңгелетіп кетуінің құпиялары жөнінде кеңінен баяндайтын боламын.

Жас та болса бас болып, анықтау бөлімшесінің бастығы қызметінде отырған Азатты заманға сай жас буынның, жаңаша идеяның бастамашысы ретінде қарауға әбден болады. Ол 1991 жылы 23 қаңтарда қарапайым отбасында дүниеге келді. Балалық шағы-кіндік қаны тамған жері, туған өлкесі Түркістан облысы Жетісай қаласында өтті. Бір отбасында үш ұл бала болғандықтан әкесі Орман ұлдарына абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер азамат ретінде қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Әкесі үнемі «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» деп, ер азаматқа сынның көп айтылып, қойылар талаптың жоғары екендігін ұғындырып, өсіреді. «Сен елің мен жұртыңды өзіңнен артық сыйласаң, келешегің жарқын, жолың ашық болады, балам», деп, қанаттандырады.

«Мен үшін әкемнен асқан ақылды да дана әке жоқ. Әкемнің мінез-құлқы, өзгелермен қарым қатынасы, ісіне адалдығы, еңбекқорлығы маған қашанда үлгі. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса, биік белестен көрінсе, оның әкесі жақсы кісі еді, баласы да көрегенді болды-деп мақтайды емес пе. Сондықтан мен де тегіме сай болуға, әкемнің атына мақтау сөз келтіруге тырысамын. Әкемнің әрбір айтқан ақылын жадымда жаттап, қызметте қолдануға тырысамын.»-дейді ол.

Полиция капитаны ішкі істер органындағы қызметін 2008 жылдан бастайды. Ал, 2012 жылы Қызылорда облысы Қызылорда қалалық ІІБ-да жедел уәкіл қызметін атқарады. 2014 жылы ТО Жетісай АПБ-де анықтаушы болып жұмысқа орналасқан. Сол уақыттан бері осы саланы жіті меңгеріп келе жатқан нағыз маман. Басшы болуының құпиясын сұрағанымызда, бала кезімнен осы полиция мамандығына ғашық болдым. Армандадым. Өзіме қалайда полиция қызметкері боламын»- деген мақсат қойдым. Біздің әулетте ешкім құқыққорғау

органында жұмыс істемеген. Әулетіміздің ішінен мен ғана осы саланы таңдағанмын. Сондықтан сүйікті салама барынша көңіл бөліп, ешқандай тірлікті ертеңге қалдырмауға тырысамын. Кітап оқып, көп ізденемін. Басшы лауазымына дейін жетуімнің бірден-бір себебі осылар.»-деп еске алады.

Азаттың бүгінге дейін жеткен жетістіктері мен бағындырған асулары аз емес. Атап айтқанда, «Елеулі еңбегі үшін», «Қазақстан полициясы», төсбелгісімен, «Қазақстан полициясына 25 жыл» медалімен марапатталумен қатар, 20-дан астам алғыс хаттардың иесі. Еңбек жолын қатардағы полиция қызметінен бастаған Азат, қазіргі кезде полиция капитаны, бөлімше бастығы. Әлинұр-есімді ұлын қатарынан қалдырмай тәрбиелеуде.

Білімді басшы, тәрбиелі ұлдың отбасын құруы да өте сәтті болғандай. Олай дейтінім, «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, жеңгесі Гүлжамал, қазіргі таңдағы келіні Гауһар мен сүйікті қайнысы Азатты жолықтырып, шаңырақ көтеруіне бірден бір себепкер болған адам. Гауһар секілді тәрбиелі де инабатты қызды қайнысына жолықтырған жеңгесі де жанашыр болды.

Бөлімше бастығының қызметінен біраз сыр шерткен соң, Азаттың отбасындағы орнын білу үшін бірнеше сұрақтарымды қойып, әңгіме арқауын жанұясына қарай ойыстырдым (бәрі де құрметті оқырмандарым үшін)

— Отбасыңызда қандай әкесіз? Жанұяңызға қаншалықты көңіл бөлесіз? деп, сұрақтарымды қоя бастадым, әп-сәтте білімді басшы сұрақтарыма нақты жауап берді.

«Менің ата-анам бір бүтін болып қосылмағанда мен өмірге келмес едім. Аман-есен есейіп ер жетіп, шаңырақ көтермес едім. Сіздердің алдарыңызда қазір осылай басшы болып, сұхбаттасып отырмас та едім. Қазіргі уақытқа дейінгі жеткен жетістігімнің барлығы әуелі Алланың және асыл қазынам ата-анамның арқасы. Сондықтан жұмысым қаншалықты қауіпті және қауырт болса да, өмір бойы өтей алмайтындай жақсылықтары еш ойымнан шыққан емес. Бір сәт қолым босаса, сол кісілерді ойлап, ауырмай, сырқамай балаларының жақсылығын көріп, бейнеттерінің зейнетін көрсе екен деймін, Алладан тілеймін.»

Бір сөзінде Азат анасын әкесінен кем жақсы көрмейтіндігін айтып қалды. Азаттың өскен отбасында қыз бала болмаған. Үшеуі де ер бала, бірақ әрқашан аналарына қол ұшын беріп, үнемі көмектесіп өскен қолқанаттар болды. Азаттың анасы-Гүлзира Әзімбайқызы Жетісай ауданындағы мектептердің бірінде 25 жылдық тәжірибесі бар кітапханашы екенін біліп, Азаттың ата-анасына деген ыстық ықыласына риза болдық.

«Анам мен үшін әлемдегі ең үлгілі-Ана. Ешқашан ешкімнің ала жібін аттама, үстіңдегі формаңа лайық бол. Әкең екеуміздің атымызға кір келтірме, қызметіңді адал атқар. Қашанда сөзге тоқтаған, отбасыңа жақын адамдарыңды құрметтейтін адам бол. Біз секілді өсіп-өн.» деп үнемі айтып отырады дейді, Азат.

Алма алма ағашынан алысқа ұзамайды» демекші, анасы кітапханашы болғандықтан кітапқа құмар болып өсті, әсіресе әлемге әйгілі ақын Абай атамыздың кітаптарын сүйіп оқиды екен.

Болмысы ерекше басшы бос уақытында өзінің сырлас достарына барып, сыр шерткенді де ұнатады. Олар өзінің сыныптас достары, Мейрамбек пен Дәуренге барып, әңгіме айтып, шаршағанын басып, бір сәтке балалық шақта жүргендей күй кешеді екен.

«Достарым өте көп. Алайда, тап осы екі досым жаныма өте жақын, қарапайым, қуаныш та да қиыншылықта да қасымнан табылатын сенімді серіктерім» -дейді.

Азатпен сұхбаттасу барысында оны бұрыннан танитындай күйде болдым. Себебі, әңгімесі өте тартымды, бір қарқынмен, қарапайым және жүзі жылы жан (темірдей тәртіпке бағынғандардың арасында ерекшеленіп тұр). Кейіпкеріммен сұхбаттасу көп уақытымды да алмады. Қойған сұрақтарыма сенімді әрі нық жауап берді. Жас та болса бас болып, қарамағындағы қызметкерлерді бір жерде ұйымдастырып, ұйымшыл ұжым ретінде қалыптастырып келеді.

Жас келсе іске демейді ме дана халқымыз, сондықтан да Азатқа іске сәт, алған бетіңнен тайма! Бойындағы бар жігеріңді, іскерлігіңді, ұшқыр ойыңды, отаншылдығың мен парасаттылығыңды, қабілетің мен біліктілігіңді өзің сүйген салаңда қолданып, еліңе қызмет ете бер демекпін.

Энергиясы мықты, қарапайым да іскер басшы Азатты көргенде, еліңнің ертеңі сенімді қолда екендігіне еріксіз көз жеткізесің.

Г.Абдурахманқызы

Түркістан облысы полиция департаменті

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?