Арыс қаласында орын алған жарылыс кезінде балабақша қызметкерлері не істерлерін білмей есеңгіреп қалғандарын айтады. «Ұлбала ана» балабақшасы меңгерушісінің айтуынша, жарылыс болған сәтте, бар ойлары бүлдіршіндерді аман-есен ата-аналарына тапсыру болған. «Алғашқыда балаларға төсектің астына тығылыңдар дедік. Далаға шығып, жарылыстың жақын арада тоқтамасына көзіміз жетіп, екі машинаға балаларды бөліп салып, қаладан қашып шықтық. Қаладан шыққанда балалар отырған көліктер екі жаққа бөлініп кетіп, Ақжар деген ауылға келгенде бір-бірімізбен кездестік. Сөйтіп, балаларды түгендегенімізде, бір баланың жоқтығы белгілі болды. Яғни, балаларды көлікке отырғызамыз деп жанталаласып жүргенде, ол балабақша ішінде қалып қалған екен. Содан қайтып қалаға барып, баланы алып шығайық десек, аспанға ұшып жатқан снарядтардан қалаға кіру мүмкін емес, оның үстіне мұнда оданда көп балаларымыз бар. Дегенмен, біреулерден көмек сұрап көрейік деп Арысқа қарай кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатсақ, ешқайсысы тоқтамайды. Амалымыз құрып тұрғанда, патрульдік полицияның көлігі келіп қалды, ішінде 3 полицей бар. Бізден болған жайтты анықтап сұраған олар, Арысқа барып, жаңағы кішкентай баламызды әкелетіндіктерін айтып, қала жаққа кете барды. Менің күйеуімде еріп кетті. Күйеуімнің айтуынша, Арысқа жеткен кезде, снаряд түсіп, бомба жарылып жатқан аймаққа кіру кез-келгеннің қолынан келмейді екен. Қазір кіретін болсаңдар, қайта шығуларың екіталай деседе, полицейлер қорықпай қалаға кіріп кетіпті. Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тігіп, «Южный» мөлтек ауданында орналасқан аталған балабақшаға барады. Мекеме ішін түгел тексеріп, өзге ешкімнің жоқтығына көздерін жеткізген тәртіп сақшылары, қорқып қалған баланы тауып, суын беріп, оны балабақшадан шығарып, аман-есен біздерге жеткізіп берді. Бұл жасалған дүниелердің барлығын – ерлік деп санаймыз деп сөзін аяқтады балабақша меңгерушісі. Одан ары тәрбиешілерде әріптестерінің сөзін жалғап, мына заманда өзінің басын, өзгенің өмірі үшін қауіпке тастайтын азаматтардың барына қуанғандарын және полицейлердің ерліктеріне бас иетіндіктерін жарыса айтты. Ал, біреуі тіпті бұған дейін полицейлер туралы ойы басқаша болғанын айтып, солай ойлағаны үшін ұялып қалғанын жеткізді. Өйткені полицейлердің осындай қиын шақтарда халыққа көмек беріп, кішкентай баланы аман алып қалуы көзсіз батырлық деп санаймын. Мұндай антына адал қызметкерлер кез-келген марапатқа лайық деп айта аламын деп пікірін білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, маусым айының 24-і күні Арыс қаласында әскери бөлімшедегі қоймада жарылыс орын алып, Арыстықтарды әбігерге түсірген еді. Тыныш жатқан ел бір мезетте ойрандалып, оқ жауған қаладан жапа-тармағай қауіпсіз аймаққа қаша жөнелді. Тұрғындар бала-шағаларын жақындарын ертіп, кейбіреулері бір-біріне қарамастан, қалайда аман қалу мақсатында басы ауған жаққа қарай кете барды. Арыс қаласындағы алапат жарылысты сөндіру, адамдарды эвакуациялау мақсатында құзырлы органдарда тез арада келіп жетті. Барлығы қолдан келгенше әрекет етіп, жүйелі жұмыс жасады. Зардап шеккен тұрғындардың басым бөлігі Шымкент қаласы мен Түркістан қаласындағы арнайы эвакуациялық орталықтарына жеткізілді. Президентіміз бастаған билік басындағылар келіп, халықпен бірге екендіктерін көрсетті. Арыстықтардың баспанасы, жағдайы бұрынғы қалпына келуі үшін барлық шараларды қарастыратындарын айтып, уәде берді. Жаман жаңалық тез тарайды дегендей, бүкіл ел дүрлігіп, Арыс қаласы тұрғындарының жай-күйін уайымдап, Қазақстанның барлық аймақтарынан тонналап азық-түліктер жеткізілді. Бір күнде үй-күйсіз қалып, бар жиған-тергенінен айырылған жерлестеріне Қазақстандықтар қолдау білдіріп жатты. Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінен 300-ден астам полицейлер қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың мал-мүліктерінің сақталуын қамтамасыз етті. Қаланы снарядтардан тазартқан соң, 28 маусым күні Арыстық азаматтар қалаға кіргізіліп, үйлеріне қайтарыла бастады. Иә, мұның бәрі түс көргендей орын алып, жұртты есеңгіретті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»,-дегендей, белгілі кәсіпкерлер белгілі бір сомада қаржы бөлсе, түрлі саладағы қызметкерлер бір күндік жалақыларын аударды, қарапайым халқымыз барын беріп, мемлекетіміз кең көлемде қолдау білдіріп, 1 ай көлемінде Арыс қаласын бұрынғы қалпына келтірмек. Бүгінгі таңда, осы жолдағы қарқынды жұмыстар басталып та кетті. Алдағы күндерімізде осындай айтып келмейтін апаттар болмасын лайым! Жақсы күндерде жолыққанша!

Айдана Қанатбекқызы

Түркістан облысы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?