«Шомылуға тыйым салынған аймақты тексеріп келе жатқан болатынбыз. Сол кезде судың ішінен «құтқарыңдар» деген жан ұшырған айқай шықты. Жалт қарасам, бір еңгезердей азамат суға батып бара жатып, көмекке шақырып жатыр екен. Ол жер өте қауіпті аймақ болатын, тереңдігі де біршама. Полицей ол құтқарушы емес пе, сондықтан жылдам шешіндім де суға гүмп бердім. Қасымдағы әріптесім Айдана «Шавкат бекем бол, сенің қолыңнан келеді» дейді даусы дірілдеп. Қауіпті аймақ болғаннан соң, бір жағынан жүрексіну де болды. Жүзіп бара жатып, санаулы сәттерде көз алдыма отбасым елестеді. Артқа қайтсам да болар еді, алайда әлгі дәрменсіз адамды неде болса құтқаруым керек, себебі ол менің көмегіме зәру. Осылайша өз-өзімді қамшылап, бар күш жігерімді салып жүздім. Суға түсуін түстім-ау, жүзіп бара жатырмын. Алайда, құтқаруды да пысықтауым керек емес пе?! Алдынан барсам маған қарай асылып, жүзуіме кедергі келтіріп, екеуіміз бірдей суға батуымыз мүмкін. Сондықтан артқы жағынан барып қармап қалуды ойластырдым.

Осылайша айналып жүзіп, артынан барып, иығыма әлгі дәрменсіз кісіні асып алып, жағаға сүйреп алып шықтым. Жағаға жеткен сәтте ғана оның сол маңдағы туыстары бізге қарай жақындады. Әлгі кісінің батып бара жатқанын көріп біраз адамдар абдырап қалған болатын, олар да маған қарай жүгіріп келіп, мені құшақтап, «Жарайсың батыр» деп артымнан қағып жатты. Ал мен болсам әлгі кісіні аман-есен құтқарып шыққаныма риза болып тұр едім. Мүлде таныс емес кісілердің аузынан «батыр» деген сөзді естіп, алғыс алғаныма ерекше қуандым.

Жанымдағы әріптесіммен бірге алғашқы көмегімді көрсетіп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Алайда, «Уақыт жоғалтпайық»,- деп тездетіп ер азаматты өз көлігімізге жатқызып, ауруханаға қарай зуладық.

Ертеңгі күні хал жағдайын білуге ауруханаға бардық. «Сен бала нағыз батырсың, бейбіт күннің батырысың. Сен өз өміріңді тәуекелге тігіп, мені құтқарып қалдың. Екеуміз де бірдей өліп кетуіміз мүмкін еді. Өлген жерім осы екен ғой деп едім…» -дейді ризашылығын білдіріп.

Оқиға орын алған күні жанымда әріптесім Шардара АПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айдана Наханшақызы да болған еді. Қыз бала емес пе, жанымда тұрған болатын, жүзіне қарасам, көзі қызарып кетіпті. Болған жағдайды жүрегіне жақын қабылдаған ғой деймін, аздап жылап алғандығы байқалды.» — дейді, Шавкат бәсең дауыспен. Ажал аузындағы адамды аман алып қалған батыр ұл Шавкат, өзінің басынан кешірген оқиғасын осылай аяқтады.

Бұл оқиға 2019 жылдың 15 маусымында Шардара қаласы Сырдария өзені бойында кешкі сағат 19:00 шамасында орын алған болатын. Бүгінгі күннің батыры, Ибадуллаев Шавкат Әнуарұлы, 1982 жылы 20 шілдеде Шардара ауданы Қоссейіт елді мекенінде қарапайым қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Шардара аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, шені полиция капитаны.

Отағасы мен отанасы отбасының негізін қалаушы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасындағы бақыттың бастауы. Бүгінде Шавкаттың отбасын бақытты жанұяның бірі деуге толық негіз бар. Себебі, оның өсіп өнген отбасында Алланың тартуымен 12 бала өмірге келген. Шавкат сол 12 перзенттің ішіндегі тоғызыншысы. Шавкатпен бірге ағасы Ибадуллаев Шухрат Әнуарұлы да осы ішкі істер органы қызметкерлерінің қатарында. Ол Шардара АПБ-де учаскелік полиция инспекторы. Ибадуллаевтар әулетіндегі екі ер азамат бүгінгі таңда қоғамның мызғымас тыныштығы мен қылмыскерлерді құрықтау жолында еңбек етіп жүрген батыр ұлдар.

Темірдей тәртіпке әбден үйреніп, қызметін бес саусағындай меңгерген майталман маман Шавкаттың осы салада жұмыс істеп жүргеніне 20-ға жуық жыл толыпты. Асқар тауы әкесі Әнуар мен алтын тұмары анасы Жәмила бүгінгі күні зейнетке шығып, немерелерін мәпелеп өсіріп отырған, келіндерінің ізеттілігі мен инабаттылығына марқайып жүрген ата мен әже.

— Көпшілігіміз балалықпен бе, әйтеуір жас кезімізде ата-аналарымыздың айтқан ақылын құлаққа ілмей, сөздерін ескермей жатамыз. Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің дегендей, ардақтыларымыздың ақылын есейгенде есімізге алып жатамыз. Сондықтан осы сәтте бүгінгі күннің жастарына ата-ананың қадірі жайлы немесе өзіңіздің жастық шағыңыздағы бір мысалды келтіре отырып, өз ойыңызбен бөліссеңіз?

«Әке тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без»- дейтін, «Баласы атқа шапса, атасы ауылда тұрып тақымын қысатын» халықпыз ғой, ал енді есептей беріңіз көп балалы әкенің мойнындағы жүгін. Біз жырақтағанда әкеміз тақымын қыспақ түгілі сарқылмаған ақыл-кеңесін айтып,барар жерімізге дейін жеткізіп, жеткізе алмаған жағдайда сенімді адамға тапсырып кететін. «Аллаға тәубә!»- деймін, екі асыл қазынамның (ата-анасы) аман-есен көз алдымда жүргеніне. Бүгінгі таңда сол кісілердің үмітін ақтап, мақтанышы болып, бақытты жүздерін үнемі көріп отырғым келеді. Балаларының алдында бейнеттерінің зейнетін көріп, ауырмай сырқамай бақытты ғұмыр кеше берсе екен деймін. Біз бұрын бала кезімізде өзіміздің ата-анамыздың ақылымен қатар, өзге үлкен кісілердің де айтқан

кеңестерін жадымызға түйіп, үлкендер айтса демек ол дұрыс деп өз-өзімізге парыз ретінде қарайтынбыз, сол кісілердің айтқанын қатаң ұстанатынбыз. Ал, қазіргі заманғы кейбір жастарымыз ақылы өте зерек. Айтқанды тез ұғып алады. Бірақ та, олар өзіне керектісін қабылдап, керек емесін ысырып тастайды. Өздеріне өздері би болып жүргенді ұнатады. Оны өзімнің баларымнан да байқаймын. Өзімде 4 баланың (Қыздары: Наргиза, Мерей, Мереке. Ұлы:Аңсар) әкесімін. Сондықтан балаларыма ақылымды ұдайы айтып, қатал да болса жақсы тәрбие беруге тырысамын. Күнделікті тәрбиесіне араласамын. Сабағын анасымен бірдей қадағалап, тыңдаса да, тыңдамаса да санасына сіңіре берейін деген ниетпен ақыл айтуды тоқтатқан емеспін. Жалғыз ұлым мен қыздарымның менің кәсібімді жалғастырса да бетін қақпаймын. Баланың өзінің қалыптасқан пікірі, өмірге деген көзқарасы мен таңдауы болуы қажет. Алайда, әрбір ата-ана ақыл айтудан жалықпауы тиіс»- дейді, жеке пікірін білдіріп.

Жалпы Шавкат өмірде кітап оқумен, бау-бақшаны баптаумен айналысқанды, әсіресе, «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» демекші, жүректегі сезімді оятатын өлең жазып, кішігірім ақын атанып жүрген жайы бар. Өлеңнің құдіреті, адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне дейін көтереді. Ал, ол ақынға асқақ рух береді. сезімнің шыңы ұлттық сезім де өлең арқылы оянып, рухани күш алады. Біздің бүгінгі күнгі батырымыз түрлі тақырыпта қалам тербегенді ұнатады. Әсіресе кейбір жайттар жанын толқытқанда міндетті түрде қаламын алып, жаза жөнеледі екен.

Әрі ақын, әрі батыр полицей Шавкат өлең-жырдан бөлек, тарихи тағылымы мол кітаптарды да оқығанды ұнатады. Мәселен, соңғы оқыған кітаптары «Алтын Орда» мен «Абылай хан» екен. Ал, бағбандық қырына тоқталар болсақ, бау-бақша өнімдерінің түр-түрінен егіп, жайнатып отырған жайы бар. Батыр ұлдың айтуынша: Көздің жауын алатын түрлі гүлдерді де өсіріп, жақындарыма тарту еткенді ұнатамын»- дейді. «Бақшама таңертең кірер болсам, кешқұрым бір-ақ шығамын, әрбіріне жіті көңіл бөліп, сапалы өсуін қадағалаймын»,- деді.

Бұл полицеймен сұхбаттасқан сайын оның өмірі мені одан сайын қызықтырып, ынталандыра түсті. Қарапайым қызметкер болса да, тұнып тұрған дарын иесі дерсің. Шавкаттың жақсы қырлары мұнымен толастар емес. «Сегіз қырлы, бір сырлы»- деген мақал дәл осы Шавкатқа арналғандай. Шардаралық Шавкаттың қаламынан туған таңғажайып жырлары, өлеңдері мен мақалалары аудандық газет беттерінде үлкен сұранысқа ие. Ю Аудандық басылымның ұжымы қоңырау шалып, ақын баланың жырларынан алып

жариялап тұрады екен. Сондай-ақ, Шавкатты сахнада тума талантты әртістерден еш кем түспейді десем, асыра айтқаным емес. Оның сахналық қойылымды бар жан тәнімен беріліп ойнауының өзі шеберлігін көрсетеді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында жыл сайын өткізіліп тұратын республикалық «Парасатты полицей», «Тіл ұлттық мүддеміз», «КТК ойындары» секілді байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтардың, дипломдардың иесі.

Осындай тума дарын иесінің жары кім екен деп тағатсыздана күтіп отырған боларсыздар. Міне соның да реті келіп тұр. Әрбір күні қауіп пен қиыншылыққа толы полиция қызметкерінің өмірлік серігі болу кез-келген әйелдің қолынан келе бермейтін қасиет. Сол қағиданы бұзбай, жарының сенімінен шығып, бала тәрбиесі мен үй шаруасына көңіл бөліп отырған бүгінгі таңдағы шардаралық Шавкаттың алла қосқан жұбайы Ермекбаева Әсем Асанханқызы. «Шавкатқа жүрек қалауыммен тұрмысқа шықтым. Ол менің балаларымның әкесі. Менің Алла қосқан асыл жарым. Сондықтан мен өзімнің таңдауым Шавкатты өмір бойы өмірлік жарым деп білемін. Алла бізді осы бақытымыздан айырмасын. Жарымның өмірін мәнді ету менің міндетім. Ол менің батырым, арқа сүйер тірегім…» дейді. Әсемнің нық сөйлеген сөздеріне сүйсініп, әрбір қазақ келініне қажетті қасиеті мол екен деп, іштей екеуінің бақытына тілеулестігімді білдірдім. Сөзімді қорытындылай келе, ішкі істер органы қатарында қызмет етіп жүрген Шавкаттай ұлымыздың тіл көзден аман болуын тіледім. Құтқарушы деген сөзге лайық полицейлеріміз көп болсын, еліміз аман, тұғырымыз биік болсын!

Түркістан облысы Полиция департаменті

Г.Абдурахманқызы

Түркістан облысы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?