Полицей мамандығына әдетте полицейлер отбасынан шыққан жастар көп келеді. Олар осы мамандықтағы әкесіне немесе ағаларына ұқсап еліктеп, тәртіп сақшысы отбасы құрамын толықтыра түседі. Ал мына кейіпкеріміздің мамандық таңдауы мүлде бөлек жағдай. Өзгешелігі өнер адамдарының отбасында дүниеге келіп, мүлде саласы бөлек, тәртіп қорғау саласын таңдаған. Оның әкесі-Айғазиев Алдаберген Төрегелдіұлы сазгер болса, анасы, Айғазиева Айгүл Тәжібайқызы концертмейстр, концертмейстр болғанда анау-мынау емес, нағыз қызмет атқаратын өнер әлемінің шыңы Опера және балет театрының концертін ұйымдастырушы. Шара мен Бибігүлден бастау алатын, Нұржамал Үсенбаева мен Майра Мұхаметқызы жалғастырған қасиетті орда бұл.

Біздің кейіпкеріміз, Айғазиев Жайық Алдабергенұлы, осындай ерекше дарындыларға ғана Алла нәсіп қылған нағыз өнер майталмандарының отбасында, еліміздің үшінші мегаполисі, Шырайлы Шымкент қаласында 1982 жылы дүниеге келген. Ал оқыған мектебі-осы қаладағы Бауыржан Момышұлындай батыр, Әбділда Тәжібаевтай қазақтың біртуар азаматтары оқып білім алған Қарсыбай Спатаев атындағы тарихи оқу орны. Қанша жерден ауылды мақтап, сағыныш өлеңдерін, әндерін арнап, дәріптеп жатсақ та өркениет қалада екенін барлық озық ойлы адамдар мойындайды, ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің ордасы санайды.

Міне, Жайық Алдабергенұлы осындай қалалық ортада өсіп, өркениетті ортада кәмелеттік жасқа жеткен, бірнеше тілді білетін, озық ойлы, жан-жақты азамат.

2000 жылы кәмелеттік аттестатын алған ол жоғары сыныптан армандап жүрген, өзі қалаған полиция мамандығын алуға мүмкіндік туып, Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Академиясына түсіп, 2004 жылы «Заңгер-құқықтанушы» мамандығын алып шығады. Осы жылы полиция лейтенанты атағын алып, 2005 жылы полиция офицері атағын алған жас маман бұл күнде полиция майоры. Жас маманның көп жылдық еңбек жолы Ақтөбе облысының Хромтау, Эмбі, Мұғалжар аудандарының полиция бөлімдерінде өтті, тергеушілік қызмет атқарып, еңбек етті, тәжірибе жинақтады, толысты, өсті, азамат болып, білікті маман атанып, туған, өскен ортаға оралды. Елге оралған соң Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) Абай ауданында, Мақтарал ауданында тергеуші қызметін абыройлы атқарып келеді.

Оқу бітіріп, екі жыл мамандығы бойынша қызмет атқарған соң 2006 жылы Әбілдина Гүлмира Қайроллақызындай өмірлік жарын тауып үйленді,

қазір жұбайы екеуі 2 ұл, бір қыз бала өсіріп, тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақ иелері.

Сынаптай сырғып, асау өзен ағысындай күн-күнге, түн-түнге ұласып өтіп жатқан мына өмір кешегі арман қуған жасты орда бұзар отыздың белесіне көтерілгенін бір-ақ білдірген сияқты. Ия, кешегі бала бұл күнде отыздың белесін еңсерген өз саласының жігіт ағасы. Осынау 15 жылдық тәртіп сақшысы қызметінің барлығы тергеу саласында өтіпті. Бүгін ойлап қараса, осы жылдарда жас маманға небір қиын тергеу істері тапсырылды. Соның бірі халықаралық сипат алып кеткен, жекенің мүлкін ұрлау- ұйымдасқан топтың қылмыстық ісі еді.

Халықаралық сипат алған ұйымдасқан топтың қылмысын ашу

Жайық Алдабергенұлына 2018 жылдың шілде айында ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 298,299,300-баптарына сәйкес ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі, 3-тармағымен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасауға күдік келтірген іс тапсырылған еді.

Екі айға созылған осы тергеу ісі аталған жылдың қыркүйек айында аяқталып, сотқа жолданып, сәтті аяқталды.

«Шығасыға егесі басшы» демекші затын ұрлатуға жәбірленушінің аңқаулығы да себепші болған. Оқиға былай болған еді. Жәбірленуші ақша ауыстыратын орынға әкелген ірі көлемдегі 518 мың Ресей рублін автокөлігіне қойып кетеді, оны аңдып тұрған қылмысқа күдікті егелері көліктен ұзап кетісімен арам ойларын іске асыруға дайындалып, бейімделген алты кілт тұтқаларынан тұратын орама құралының бір тұтқасын, ішінде алты егеу мен инеден тұратын «Зубр» жазуы бар қалташық, тістері егелген ақ жапсырма жұқтырылған екі дана кілт, тістері егелмеген кілт, тік ине тәрізді шұбар домалақ сақина тәрізді құралды, тағы да басқа кәсіби ұрылар қолданатын есік ашқыш құралдарды пайдаланып, ұйымдасқан екі жігіт бірі есікті ашып, бірі қарауыл қарап, жәбірленушінің 3 миллион 660 мың теңгесі мен 518 мың Ресей рублін алып, қалың полимер сөмкесіне салып алып шыққанда жәбірленушілерді көріп қалып, ізін суыту мақсатында екеуі екі жаққа қашқан.

Жәбірленушілер, әкелі — балалы екеуі ізін суытпай артынан қуып барып, жолаушылар таситын автокөліктер тұрағында күдіктіні қолға түсірген.

Осыдан кейін күдіктіге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеп-тексеру амалдары басталған. Жайық Алдабергенұлы басқарған тергеушілер тобы шетел азаматы болып табылатын күдіктіні

шетелдегі әріптестерімен байланыса, бірлесе отырып қажетті құжаттарын алдырған. Күдіктінің есірткі заттарымен қатыстылығын тағы да басқа тиісті орындардан алынған құжаттар негізінде қылмысы толық мойындалып, істі сотқа жолдаған. Бұл тергеуші кейіпкеріміз жүргізген қылмыстық істің бір парасы ғана еді, алда алаяқтыққа, есірткі заттарын заңсыз сату мен тасымалдауға, бұзақылыққа, тіпті кісі өліміне де қатысты қылмыстық тергеу істері күтіп тұрған еді.

Есекмия тамырына байланысты алаяқтық

Алаяқтық қылмысын тергеуі- ең қиын әрі күрделі қылмыс түріне жатады. Алаяқ жәбірленушінің танысы, араласқа түскен жекжаты немесе «дос» санап жүрген, алғашқыда құдайдай сенген қамқоршысы болып келеді.

Себебі, жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның жүрегін жаулап алады. Көбінесе, бұрын беделді қызмет атқарған, елге кезінде танымал болған, оқыған, білімді тұлға болып келуі мүмкін. Жүзіктің көзінен өткен жылпос, бірақ имансыз, ақылы мен тәжірибесін теріс жолға пайдаланатын, қорыта айтқанда, өзін ғана ойлайтын өзімшіл болады. Олар «Қулығына найза бойламайтын» қылмыскерлер, сол үшін алаяқ деп аталады. Кейіпкеріміздің бұл жолғы тергеу ісіне күдікті осындай адамның бірі. «Ұры-қары жиылып, ұйытқылы ел болмас» — дейді халқымыздың даналық мақалы. Қылмыскерлер мен алаяқтардың достығы уақытша ғана, ал басына іс түскенде бірін-бірі сатып, өз басын сауғалап кетеді.

Осы алаяқтық іс бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы 2019 жылдың 10.02 күні басталып, осы жылдың 05.04 күні аяқталып, екі айға созылды. Бес жәбірленуші мен он екі куә және бір күдікті сұралды, оның кейбіреуінен бірнеше рет жауап алынды.

Оқиғаның желісі мынадай: 2018 жылдың қазан айынан 2019 жылдың қаңтар айы аралығында алаяқтық жолмен аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында бірінші жәбірленушіден есекмия тамырын сатып, табысын және 10 миллион 200 мың теңгесін теңдей бөлеміз, серіктес боламыз деп, 30 мың АҚШ долларын алдап алады, бірақ «тас» қыламын деген жалған уәдесі «құмға» айналып уәде орындалмайды. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, алаяқтыққа күдікті шайтан миының жетегіне түсіп, екінші жәбірленушінің 8 миллион теңгесі мен 140 мың АҚШ долларын, яғни жалпы көлемі 16 миллион 767 мың теңгесін өз пайдасына жаратады. Ал, үшінші жәбірленушіден 31 миллион теңгені алдап алады, төртінші жәбірленушінің 3 миллион теңгесін алаяқтық жолмен жымқырады.

Себебі, баяғы есекмия сылтауы табысқа қарық болып, бөліп алып, оңай олжаға кенелу. Өтірікші алғашқыда өтірік айтқанын біледі, кейіннен өз өтірігіне өзі сеніп кетіп, құйқылжытады демекші, тегін олжаға кенелткен есекмия оқиғасымен бесінші жәбірленушіні де қолға түсіріп, 1 миллион теңгесін иемденеді. «Өтіріктің соңы бір-ақ тұтам»-дегендей, соңғы қылмысынан кейін қолға түсіп, білікті аға тергеуші, полиция майоры Айғазиев Жайық Алдабергенұлы жүргізген тергеу ісінің қорытындысы бойынша сотқа жолданып, тиісті жазасын алды.

«Құдайдан қорықпағаннан қорық»- дейді Хакім Абай. Ия, бұл Құдайдан қорықпайтын имансыздықтың жаман дерті. «Біреудің ала жібін аттама»- деп, үйрететін ата дәстүрімізді сақтамаудың салдары. Тағы да сол Абай атамыздың: «Біріңді қазақ бірің дос, болмаса істің бәрі бос»- деген ұлағатты сөздері ойға оралады.

Кәсіпкерліктің қаскөйі

Ж.Алдабергенұлына жүктелген қылмыстарды тергеу ісі жан-жақты, қылмыстың әртүрлі саласына қатысты болып келеді. Кейіпкеріміздің келесі бір тергеу ісі — кәсіпкерлікке жасалған қылмысты ашу ісі болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау, ел табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, өңірлерді өркендету және өзге де мәселелер жөнінде нақты міндеттер жүктейді. Кейіпкерімізге жүктелген тергеу ісі осындай орта кәсіпкерлікке, елді жұмыспен қамтып, өңірлерді өркендетуге үлес қосып отырған кәсіпорынға жасалған қылмысқа күдікті іс бойынша тапсырылған жауапкершілігі мол, тергеу ісі еді. Оқиға былай болған. Қылмысқа күдікті ЖШС-нің бірінің сақтау қоймасынан шетелдегі кәсіпорынға кеден бекетінен жіберілген вагондардың ішінен жалпы құны 763 7440 теңге тұратын 52 дана тай өңделген мақтасын, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену мақсатында ірі мөлшерде залал келтірген. Аталған қылмысқа күдікті туралы бірнеше куәгерлерден жауап алынды. Нәтижесінде күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өзіне тағылған кінәні толық мойындап, бірнеше жылға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Спирттік ішімдік пен есірткі заттар қолдану-қоғам дерті, қылмыстың себепшісі

Спирттік ішімдікті шектен тыс қолдану,-дейді ғалымдар,-соғыс зардабынан да зор шығын әкеледі. Себебі, соғыс ғасырларда бір болса, спирт ішімдігі себебінен талай отбасы ажырасып, жазықсыз балалар жетім қалады,

отбасы зорлық-зомбылықтары жасалып, жазықсыз адамдар, мезгілсіз қайтыс болады, жол апаттары жасалады дегендей, күн сайын зардап әкеледі. Тергеуші осындай арақ-шарап пен есірткі заттарын қолдану кесірінен жасалған талай қылмыстың куәсі болып, тергеу ісін жүргізуіне тура келді. Бірде, 2018 жылы шілдеде, Мырзакент елді мекенінде шарапты бірге ішіп, болмашы нәрсеге ерегісіп, соңы бірінің өлімімен, бірінің қылмыстық жауапкершілікке тартылуымен аяқталса, бірде күдікті үйіне келген бұрынғы еріне мас болып, асхана пышағын салып, денсаулығына қасақана ауыр зардап келтірген қылмысты тергеп, сотқа жолдаған оқиғаның белортасында жүруге тура келді. Осы жылдың өзінде есірткіге қатысты бір қылмысты, бұзақылыққа қатысты бір қылмысты тағы тергеп сотқа жолдады.

Бір жылдың ішінде осыншама қылмысқа күдіктілерді тергеп, сотқа жолдау-айтуға оңай болғанымен, тәртіп сақшысының қаншама күш-жігерін, алтын уақытын алғанын, күндіз-түні сабылып жүрген еңбекті қажет еткенін, оның үстіне біліктілік пен тәжірибе, әділеттілік пен тазалық арқылы айқындалатынын білмей, полиция өмірі мен қызметі туралы ұшқары ойлайтынына қынжыласың. Кейіпкеріміз болған Айғазиев Жайық Алдабергенұлының осы бір атқарған тергеу ісінің өзі тәртіп сақшысының қиындығы мол, қияңкесті ісінің нақты дәлелі болса керек.

«Қоғам мен тәртіп сақшылары арасындағы түсіністік, олар атқарып жатқан осындай игі істермен өлшенсе керек, қалыптасса керек»,- деп қоштасайық білікті тәртіп сақшысымен.

Балтакесті Өтебеков,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Түркістан облысы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?