Ел қорғаны — Полицей болу қашанда қиын қызметтердің санатында. Қоғамның тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, олардың атқарған қызметтері мақтауға тұрарлық. Шындығына келгенде, елдің амандығы көбіне осы ішкі істер қызметкерлерінің қолында. Сол себепті осындай аса маңызды да абыройлы міндет, олардан шыдамдылықты, тап-тұйнақтай жинақылықты, темірдей тәртіпті, кез-келген қылмыспен күресуге сай дайындықты, жауаптылықты талап етеді. Әсіресе, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне талап күшті. Бүгінгі шағын мақаламыз Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде жас та болса, бас болып жүрген, анықтаушы Керім Нығметжан Абдуғаппарұлы жайлы болмақ. «Әке көрген -оқ жонар, шеше көрген – тон пішер»- дегендей, адам баласының іс-әрекеті де, арман-мақсаты да, тіпті өмірлік бағыты мен мамандығы да өз отбасында ата-ананың берген тәлімімен қалыптасады десек қателеспейміз. Қоғамда отбасының тірегі асыл әке мен шаңырақтың ұйытқысына айналған анаға қарап, өзінің өмірлік жолын айқындап, ата жолын жалғап, жаңғыртып келе жатқан ізбасарларды көптеп кезіктіруге болады. Ал оған дәлел ретінде, облыстық ішкі істер органдарында отбасымен қызмет етіп жүрген, сақшы болуды ортақ мамандыққа айналдырған жандарды айта аламыз. Аталмыш отбасылардың қатарына ішкі істер органдарында бүгінде екінші буыны абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Керімовтар әулетін айта аламыз. Отбасындағы аяулы әке Абдуғаппар Керімұлы, 1992 жылдан 2007 жыл аралығында ІІМ ОҚО Теміржол ішкі істер жүйелік бөлімінде еңбек еткен және ұлында өз жолын таңдауға үйреткен. Ішкі істер саласындағы қызметін полиция капитаны лауазымында аяқтап, адал еңбегінің арқасында зейнетке шыққан. Ал оның ұлы Нығметжан тәртіп сақшысы қызметін өмірлік жолы ретінде таңдап, қазіргі таңда құқық қорғау саласында нәтижелі еңбек етуде. Нығметжан Абдуғаппарұлы 1996 жылы мамыр айының 20-сы күні Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Ес білгелі әкесінің форма киіп, жұмысқа кететініне қызыққан бала, өскенде полицей болуды армандады. Бала қиялы жүйрік қой, ол әрқашанда өзінің тәртіп сақшысы болғанын елестететін. Ал, анасы Айнұр Көшерова болса, баласын қолдап, елдің азаматы болатынына сенетін. Себебі жалғыз ұлының болашақта халықтың қалаулы, елдің елеулі азаматы болуы үшін қазақ ұлтына сіңген әдіспен тәрбие берді. Әкесін бас етіп, қайсар ұлына үнемі үлгі етіп отырды. Нығметжан болса, отбасының ақылды еркесі болып өсті. Алдыңғы әпкесімен кіші қарындасына бас-көз болып, өзі кішкентай болса да соларға қорған болды. Балалық қызыққа тоймаған ойын баласы Нығметжан 2001 жылы №135 жалпы орта мектебінің табалдырығын аттап, алғашқы ұстазынан оқу мен жазуды үйренді. Мектепте жүрген кезінде-ақ қатарластарына қарағанда өжет, батыл болды. Айтқанынан қайтпайтын қасиеті оны алға жетеледі. Ол сонысыменде өзгелерден ерекше ұл болып өсті. Арманына жету мақсатында оқуда озат оқып, бар ынтасымен кірісті. Бозбала Нығметжан 2014 жылы 11-сыныпты бітіріп, болашақ арманын орындау мақсатында қадам басты. Оқу ордасынан алған білімі арқасында 2014 жылы ҚР ІІМ-нің Алматы

Академиясының «Заң» институтына оқуға түсіп, қатардағы полицей болып, 1-курс курсанты атанды. Оның сол сәттегі қуанышын айту жеткізу мүмкін емес. Қанша дегенмен қиялындағы полицей жігіттің шындыққа айналатынына шаттанды. Өзіне деген сенімділікпен арманына бір қадам аяқ басты. Жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, көптеген қоғамдық іс-шараларға, ғылыми жұмыстарға белсене қатысып, еліміздегі ең мықты оқытушылардың назарына ілікті. Ерекше идеяларымен, таудай талпыныстарымен көзге түсті. Қатарластарынан оқ бойы оза шауып, 2018 жылы Алматы Академиясын «Үздік» деген дипломмен тәмамдады. Бұндай жетістікке жету кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Ал, Нығметжан болса, өзінің білімге деген құштарлығымен, сүйіп таңдаған мамандығына деген жауапкершілігінен тек үздіктердің қатарынан табылды. Академия басшылығы ата-анасына «Үздік оқығаны үшін ата-анасына алғыс білдіремін» атты алғыс хатымен марапаттады. Осылайша бала күнгі арман іске асып, Нығметжан диплом алғаннан соң, оған Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Кентау ҚПБ-не учаскелік полиция инспекторы қызметіне жолдама берілді. Алайда 30.05.2018 жылы департамент бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тікелей «Үздік курсанттарға қолдау» көрсетуімен Кентау ҚПБ-нің УПИ-нан Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы лауазымына тағайындалды. Міне осыдан бері, Нығметжанның ішкі істер саласындағы қызметі басталды. Өзі қалап оқыған сала, оны жоғарғы нәтижемен аяқтаған Нығметжан үшін полицей болудың әр сәті оған күш-қуат қосқандай. Әрбір атқарған ісінен рахат тапқандай күй кешті. Спортты жанына серік еткен жас анықтаушы, қиын да қауіпті қызметінен барынша уақыт тауып, спорт залдарға барып, жаттығу жасап жүреді. Иә, бұл құптарлық іс, себебі полицей денесі шыныққан, білімі жоғары, өзгелерге үлгі боларлық тұлға болуы тиіс. Бойындағы барлық ерік-жігерін жинап, үздік полицей болуға қызмет атқарды. Осылайша 2 ай уақыт зырлап өте шықты. 04.07.2018 жылы сол кездегі Астана қаласында Тәуелсіздік монументінің жанында өткен ҚР Президентінің «Жас офицерлерді марапаттау» рәсімінде ҚР Ішкі істер министі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтан ҚР ІІМ-нің жоғарғы оқу орындарынан іріктеліп алынған ең үздік курсанттар ретінде «лейтенант» шені табысталды. Осы уақыттан бері ата-анасының үмітін ақтап, Академия қабырғасында алған білімі мен департамент бастығының ерекше сенімін ту етіп, анықтаушы қызметін абыроймен атқарып келеді. Жалпы, анықтау – бұл сотқа дейін орын алатын, ҚР ҚК-де белгіленген әрекеттердің ең негізгізі. Ал оны атқарып, жүзеге асыратын анықтаушы. Анықтаушы ҚР заңдарын негізге ала отырып, қылмысты, оны жасаған адамдарды анықтайды. Барлық ірілі-ұсақты қылмыстарды ашумен, анықтаумен айналысады. Анықтаушы Нығметжан 2019 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабымен 2 іс, 286-бабымен 22 іс, 296-бабымен 22 іс, 107-бабымен 2 іс, 190-бабымен 6 іс, 345-бабымен 2 іс, 347-бабымен 2 іс, 188-бабымен 7 іс, 194-бабымен 4 іс, 293-бабымен 6 іс, 378-бабымен 3 істі сотқа жолдап, облыс көлемінде ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Нығметжандай қызметкері бар Сарыағаш АПБ анықтау бөлімшесі 2019 жылдың қорытындысымен Түркістан облысы АҚПБ(б) арасында 1-

орынға ие болып отыр. Сондықтан, елдегі тұрақтылық пен халық тыныштығын күзеткен, елге қорған болып жүрген Қазақ елінің қорғаушысы, батыры Нығметжан тәжірибесі толысып келе жатқанына сенім мол. Осы тұста тәлімгері Сарыағаш АПБ анықтаушысы полиция майоры Нұржігіт Лесбековтың да еңбегі зор. Білгенін үйретіп, жас анықтаушыны даярлауда. Яғни, қоғамдық қауіпсіздікті күзете жүріп, ізін жалғар, ісін жалғастырар кадр дайындауда деуге әбден болады. Сөз соңында «Үздік курсант-абыройлы анықтаушыға» еңбегің елене берсін! Әке жолын жалғап, абырой биігінен түспегейсің. Жұмысыңа сәттілік!-дегіміз келеді.

Айдана Қанатбекқызы

Түркістан облысы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?