Ерлермен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті сақтағандар

Рухани астана атанған – Түркістан аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерлермен бірге, полиция қатарындағы арулар да қызмет етіп келеді. Шенді қыз-келіншектердің өздеріне жүктелген міндеттерді құлшыныспен орындап, мамандықтарына сүйіспеншілікпен қарап, биік белестерді бағындырып жүргенін көз көріп жүр. Көктем мезгілінің алғашқы мейрамы, «8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі» қарсаңында жүзінен арай шашып, көктемнің гүліндей иісі аңқып тұратын полицей арулар жайлы сөз етуіміз жазылмаған заңдылық іспетті. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау органында еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың, бұл салаға келуінің өзі көзсіз батырлық емес пе?! Сондықтан, бұл саланың қызғалдақтары қандай мақтауға болсын лайықты деп айта аламыз. Бүгінгі мақаламыз осындай көркімен ақылы келіскен, қатарынан оза шауып, қызметте алдыңғы шептен көрінген полиция подполковнигі Қалабаева Жанар Балтабайқызы туралы өрбімек.

Полиция бөлімшесі жанында тұратын кішкентай қыздың арманы

Мамандық таңдау – әрбір адам үшін ең маңызды кезеңдердің бірі. Себебі, кез-келгеніміздің өмір жолымыз таңдаған мамандығымызға тікелей байланысты. Шын жүрегіңмен қалаған мамандығыңды оқып, сол салада еңбек ету, жаныңның рахаты. Биік белестерді бағындыру оңайлықпен келмесі анық. Кезінде ақындар «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп әнге қосты. Одан бөлек, қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттілік қасиеттері тән екені даусыз, олар қашанда ақылдылығы, даналығымен өзгелерден дара болған. Осылай қолға алған ісін жүргізіп, абыройлы қызмет етіп жүрген қазақ қыздарын көргенде бір марқайып қаласың. Бүгінгі кейіпкеріміз Жанар Қалабаева да өз ісінің нағыз маманы, қыз мінезіне тән емес мамандықты игеріп, сол жолда табандылықпен қызмет етіп жүрген ару. «Жалпы, Ішкі істер саласында қызмет ету – жауапкершілігі мол жүк дерсің. Жанымыз нәзік болса да, рухымыз мықты екенін жылдар бойы атқарған қызметімізбен дәлелдеп келеміз. Күн-түн демей, халықтың сенімі үшін еңбектенеміз»,-деп атап өтті Жанар Қалабаева сөз басында. Бүгінгі полиция подполковнигі Жанар — қоғамдық тәртіпті сақтап, оның ішінде кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстарды болдырмауға барын салып, 15 жылға жуық осы салада аянбай еңбек еткен жан. Құқық қорғау саласында жұмыс істеуді бала кезден армандаған Жанар Қалабаева киелі Түркістан қаласында 1984 жылы қаңтар айының 3-і күні дүниеге келген. Қарапайым отбасында туылған Жанардың әкесі Балтабай

Қалабаев есепші, аяулы анасы Гүлшат Сыздыкова ақ халатты абзал жан. Жанұяда әпке-сіңлі, інісі бар Жанар отбасының екінші қызы екен. Жанардың айтуынша, жанұядағы жылулық оның жоспарларын алаңсыз іске асыруына септігін тигізген. Балалық шаққа саяхаттаған Жанар, осы сәтте аталмыш қиын салаға қалай келгені жөнінде айтып қалды. Үйлері қалалық полиция бөлімшесі жанында орналасқандықтан, ол ойнап жүрсе де болмаса үйде отырып, терезе арқылы болса да, үнемі формада жүрген ұл-қыздарды бақылайды. Солардай форма киіп жүруді армандап, алдына мақсат қояды. Осылайша, бала күнгі көрген көріністер оны алға жетелеп, қазіргі таңда ішкі істер органының нағыз тәртіп сақшысына айналды. Армандар орындалды.

Балалық шақтан, алғашқы еңбек жолына дейін…

Жасы 6-ға толған Жанар, қаладағы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясы 1990 жылы табалдырығын аттап, алғаш оқушы атанады. Мектептегі жылдарының өзінде ол, қайтпас қайсарлығымен сыныптас қыздарының жанында ерекшеленіп тұратын. Керек десеңіз құрбыларын, бұзықтардан қорғап жүретін. Мектептегі қоғамдық іс-шараларға белсенділікпен қатысып, озат оқушылар қатарынан көрінді. Аталған мектепті 2000 жылы аяқтаған соң, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Заңгер» мамандығына оқуға түседі. Студенттік жылдарын 2004 жылы тәмамдап, еңбек жолын 2005 жылы Түркістан қалалық полиция басқармасынан бастады. Түркістан қаласы Түркістан облысы аталған тұста ТО ПД деп қайта құрылып, осында ЖПҚБ-ның Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы лауазымына тағайындалды. Басшылықтың сеніміне селкеу түсірмей, кәмелет жасына толмаған балалар, олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, тыңғылықты қызмет атқарды. Сол себепті, Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, алдын алуда жасалған облыстағы әрбір істе Жанардың қолтаңбасы бар десек артық айтпаймыз. Қиын тапсырмаларды атқаруда алдына жан салмайтын Жанар жаңа 2020 жылдан бастап, ТО ПД-нің Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тобының аға инспекторы қызметіне тағайындалды. Қыз-келіншектердің қорқынышсыз өмір сүруі — басты назарда. Сондықтан да, бұл топтағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мұнда полицей психолог та, социолог та, кейде адамдардың жақын туысындай болып кетеді. Бүгінде әйелдер мен балалардың тыныштығын қорғап, абыроймен еңбек етудемін, — дейді әңгіме барысында Жанар Қалабаева.

Мені баулыған тәлімгер — мәңгілік жол бастаушым!

Полиция қызметінің ауырлығына қарамастан, азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап

жүрген нәзік жандының жол бастаушы, тәлімгері — Бауыржан Исаев. Бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан. Қиын салаға келген өрімдей жас қыздың тәлімгері өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, полицей болудың барлық қыр-сырын үйреткен. Сол кездегі жас қыз, бүгінгі жеткен барлық жетістіктерін тәлімгерінің тәлімді тәрбиесінің арқасы, қадірлі ағама Алғысым шексіз!-деп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Жанардың жан құмарлығы

Түркістан облысы Полиция департаментінің ең сұлу полицей аруларының бірі — Жанар Қалабаева қашанда белсенді өмір сүреді. Спорттан да құр алақан емес. Тіпті шабыты келгенде шығармашылықпен айналысып, кітаптар оқиды. Өз ісіне тиянақты маман, ел мен жер көруді ұнатады. Сондықтан, еңбек демалысында үнемі алыс-жақын шетелдерге саяхаттап, сол елдің мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрімен танысқанды жаны қалайды. Әр елдің өзіне тән тағам дайындау ерекшелігін көріп, жазып алып, іс жүзінде жүзеге асырады. Яғни, тамақ дайындауды сүйіп жасайды.

Жігіттердің құлағына алтын сырға

Өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халық арасында сақтық жұмысын жүргізіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанды полицейдің еңбек жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Тынымсыз еңбек қашанда өз бағасын алатыны осы болар. Бұл күнде подполковник шеніне көтерілген Жанар Қалабаева өзіне тірек болар азаматын күтіп жүр. Ерлердің бойынан өзінен асып түсер батылдықты, қарапайымдылықты, ақылына көркі сай, сымбаттылықты көргісі келеді.

Ер азаматқа тән ауыр қызмет пен нәзік жанды әйел затының мойнындағы міндеттерді қатар атқарып жүрген Жанар сынды батыл қызымызды көктем мерекесінде шын жүректен құттықтап, еңбегіне табыс, қызметіне сәттілік пен абырой тілейміз. Ең бастысы, аналар мерекесінде әйел бақытын, ана бақытын сезінуді шын жүректен тілеп, жолыңыз ашық болсын дегіміз келеді!

Айдана Қанатбекқызы

Түркістан облысы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?