Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет атқарып жүрген полиция майоры Амангелдин Бауыржан Амангелдіұлымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне 25 жыл толуына орай, мереке қарсаңында Қазақстан полициясының бүгінгі келбеті және бөлімде атқарылып жатқан кадр саясаты жөнінде біраз сұхбаттасқан едік.

  • Бауыржан Амангелдіұлы, әңгіменің әлқисасын айбыны биік Ата Заңымызға — 25 жыл толған күннен бастасақ?
  • Ия, биыл бәрімізге мәлім Конституциямызға – 25 жыл толып отыр. Көз жүгіртіп қарасақ, бұл аз уақыт емес. 25 жыл – кемеліне келген толысып жігіт болатын шақ. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы түрде таңдауының жемісі. Халқымыздың осы таңдауын қадірлей білейік. Ата Заңмен өмір сүру – білімі мен тәжірибесін өмір бойы үйренетін демократияның жоғары мектебі»,-деген еді. Елбасының осы сөзін әрбір азамат жете түсінсе артық болмас еді. Конституциямыздың “Біз, Қазақстан халқы” деген сөздермен басталуы тектен-тек емес. Қазақстан Республикасындағы әр тұлға өз құқықтары мен бостандықтарын ішкі істер органдары арқылы қорғауға құқылы. Барлық Заңдардың бастауы, қайнар көзі болып саналатын Ата Заңымыздың әлеуеті мол. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі басты назарда болғандықтан, Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің басты міндеті — халық сенімін барынша ақтап, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
  • Қазіргі таңда біраз жерлерде маман тапшылығы бар. Бөлімдегі штаттық құрылымға тоқталып өтсек. Мәселен, осы бағытта қандай жұмыстар жасалуда?
  • Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің штаттық тіркелімінде 135 қызметкер бар, оның ішінде орта және аға басшылық құрамында – 86, кіші және қатардағы құрамда – 49, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер – 2 маман бар. Қазіргі уақытта бос лауазымдар бойынша жиынтықтау жұмыстары ҚР ІІМ №870 бұйрығына сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, бос лауазымдарды жасақтау мақсатында бірталай іс-шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, насихаттау жұмыстары жүргізілді, жарнамалық роликтер шығарылды, жергілікті аймақтық басылымдарға жарнамалар шығарылды. Білікті кадр – ел болашағы, бірегей қызметкер десек дұрыс болар. Қай саланы болмасын білікті маман дөңгелетпесе, өрге емес керіге кетері сөзсіз. Сондықтан, бос лауазымдарды жасақтауда білікті әрі білімді қызметкерлерді алғанымыз дұрыс.
  • Сіздіңше күнделікті қоғамдағы тәртіпті күзететін полиция қызметкерінің бейнесі қандай? Байқасаңыз, соңғы уақытта полицейлердің қызметіне ғана емес, түр-тұлғасына да түрлі пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл турасында не айтар едіңіз?
  • Әрине. Сын да бар, пікір де айтылып та жүр. Полиция қызметкері – халық қорғаны дейміз. Олай болса, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сақшылардың өздері әлжуаз болмауы керек. Сондықтан, біз полицияға үміткерлердің арасынан спортшыларды құшақ жая қарсы аламыз. Әрине, бұл — қатаң талап емес. Десек те, полиция қызметкерлері үшін қызмет пен спорт егіз ұғым. Бөлімде қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде. Атап айтсақ, бүгінде қоян-қолтық ұрыстан полиция лейтенанты Тлеуханова Айдана еліміздің екі дүркін чемпионы, спорт шебері. Сондай-ақ, полиция аға лейтенанты Салкенов Дидар грэпплингтен Қазақстанның 2 мәрте чемпионы. Полиция сержанты Ерғанат Әбдікәрімов те күрестен жүлделі орынмен оралып жүр. Бірнеше аймақтық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Сонымен қатар, елге қызмет ететін жастың бойында парасаттылық, сабырлылық, қайсарлық қажет деп ойлаймын. Осы қасиеттерді бойға сіңіргенде ғана елге қалтқысыз қызмет етуге болады. Полиция қызметкері білімді болумен қатар, білекті де болуы қажет.
  • Қашанда қартын құрметтеген халықпыз ғой. Осы тұрғыдан алғанда, ұжым басшылығы тарапынан ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіліп жатыр ма?
  • Әрине, үлкендерге қашанда ізет көрсету қажет. Жыл басынан бері кадр саясаты жұмысы тобы атаулы мереке күндері қарт ардагерлеріміздің үйлеріне құттықтап барды. Нақты айтсақ, бүгінде 80-нен асқан Туркин Алексей Михайлович пен Губенко Евдокия Николаевна бар. Ұлы Жеңістің 75-жылдығына орай, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Әбдікәрімұлымен бірге тыл ардагерлерін арнайы барып, мерекелерімен құттықтап қайттық. Олар теміржол мен әуе көлігі нысандарындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәртіпті нығайту мен қылмыспен күресуде айтарлықтай еңбегі сіңген қызметкерлер. Ардагерлерімізге барынша көмек көрсету, оларды мереке сайын құттықтау әрине, бұл біздің міндетіміз деп ойлаймын.
  • Конституция күніне орай, қазақстандық тәртіп сақшыларына тілегіңіз?
  • Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл толуымен құттықтаймын. Тәртіп сақшыларына отбасыларына береке, бірлік, қиындығы көп қызметтеріне сәттілік тілеймін. Ата Заңымыздың айбыны асқақтап, ынтымақты елдің қорғаны болайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
  • Әңгімеңізге рахмет!

Ж.Тұрсынова,
Қарағанды-Сұрыптау ст. ЖПБ

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?