Түркістан облысының полицейлері тұрғынның 25 жыл бұрын жоғалып кеткен інісін табуға көмектесті. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Түркістан облысы Полиция департаменті КПБ-ның қызметкерлері жедел әрекет етіп, 1 күннің ішінде бір-бірін 25 жыл көрмеген бауырларды қауыштырды. Осылайша Полицияға мүлдем арызданбаған Толыбаева Ботакөз Құдайбергенқызына бауыры табылғаны жөнінде сүйінші хабар жетті!

Нақтырақ айтсақ, облыстық Полицияға жергілікті тұрғын хабарласып, Төлеби ауданындағы ауылдардың бірінде жас жігітті тұтқында ұстайтындығы туралы арыз түсірген. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК 126-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша Түркістан облысы ПД-ға тіркеді.

Ақпарат алысымен департамент қызметкерлері барлық қажетті тергеу әрекеттерін шұғыл атқарды. Нәтижесінде жәбірленушінің айтуымен полицейлер, оның ата-анасы кішкентай кезінде қайтыс болғанын, содан ол балалар үйінде, сондай-ақ интернатта тәрбиеленгенін анықтады. Ер жеткен соң, 10 жыл бойы облыс аудандарындағы түрлі шаруашылықтарда жалдамалы жұмысшы болғаны және жұмыс берушілер тарапынан азап көргені белгілі болды. Сондай-ақ жас жігіттің есінде өзінің жақын туыстары мүлдем сақталмаған.

Бірнеше сағат бойы жан-жақты жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер, Түркістан қаласының жанындағы Сауран ауданында тұратын жас жігіттің туыстарын тапты. Яғни полицейлер, жас жігіттің үлкен әпкесі мен жездесін Полиция департаментіне алып келді. Мұнда бір-бірінен көз жазып қалған ағайындылардың көптен күткен кездесуі өтті. Бауырлар ұзақ жылдардан кейінгі табысу кезінде, қуаныштың көз жасын жасыра алмады.

Белгілі болғандай, әйел бірнеше жыл бойы жоғалған інісін өздігінен іздеп, таба алмаған. Бауырымен қауышқан әпкесі Ботакөздің айтуынша, олардың ата-аналары бала кезде қайтыс болған. Ал туыс ағасы, оның екі бауырын балалар үйіне өткізген. Сол кезде үлкені 9 жаста, кішісі 4 жаста екен. Кейіннен олардың ең кішісінен қол үзіп, ізін жоғалтып, хабарсыз қалған. Содан інісін табуға 2020 жылдан бастап кіріскен. Алайда полицияның көмегіне жүгінбеген, мүлдем арызданбаған. Есесіне, ТО ПД полицейлері оған хабарласып, інісін тапқаны туралы жағымды жаңалық жеткізді.

Туыстары Түркістан облысы ПД полицейлеріне, көп жыл бұрын жоғалып кеткен інісін тауып, мәселелеріне назар аударған жанашырлығы үшін алғысын білдірді: «Ризамыз, Түркістан облысының полицейлеріне. Бала кезде көз жазып қалған бауырымды тауып бергеніне. Інімді көріп, өзімді өмірдегі ең бақытты жан сезініп отырмын. Алла разы болсын сіздерге. 25 жыл бойы осы сәтті қанша армандап, күттім. Бүгін міне аман-есен, жігіт болған ініммен кездестім. Қуанышымда шек жоқ!»-деп көзіне жас алды.

Осылайша екі бірдей бауырды Түркістан облысының полицейлері қауыштырып, ерекше сәтке куә болды. Осы сәттегі қуанышты, көңілдегі алып-ұшқан сезімді, ғаламат әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір-бірінен құшақтары айырылмай, қуаныштан жылап қауышқан әпкесі мен інісі енді ажырамасын. Үміт үзілмесін! Жақыныңыз жаныңыздан табылсын!

Өз кезегінде тергеушілер, осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.

 

PS: Аталған жағдай бойынша Төле би ауданындағы журналист Лаззат Асанова 26-27- қаңтар күндері жоғалған баланы  орган қызметкерлеріне жеткізіп, хабардар еткен болатын. Сілтемеден толығырақ:

https://www.youtube.com/watch?v=VQr6LBw5aPA

 

 

 

Түркістан облысы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?