Облыстың идеология жөніндегі орынбасары өз орнына лайық па?- атты мақала, «Ресми Фактор» газетінің ресми сайты жариялады.

 

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ,

МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ,

ҰҚК ТӨРАҒАСЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

 

ОБЛЫСТЫҢ ИДЕОЛОГИЯ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ ӨЗ ОРНЫНА ЛАЙЫҚ ПА?

 

Түркістан облысының Дін істері Басқармасы құрылғалы басшысыз отыр. Өзі 2021 жылдың басында ашылған. Содан бері үш бастықтың міндетін атқарушы ауысты. Біріншісі Қайрат Әбуов, екіншісі Көпжан Төлебаев, қазіргісі Сүндет Жүсіпбек. Бұл басқарманың аты бар да, заты жоқ. Бастық тұрмақ, маманы да жоқ. 4 кадрдың орны бос тұр. Ал, бұған басын ауыртып, балтыры сыздап жатқан Сәкен Қалқамановты көрмедік. Гәп, дін мен елдің ортақтығында.

Жалпы облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары «өз орнына лайық па?» Сәкен Қалқамановты пиармен айналысатын журналист ретінде жақсы білеміз. Бірақ облысқа орынбасар болғанына таң қалдық. Журналист — әмбебап мамандық болғандықтан жан-жақты болуы тиіс. Өкінішке қарай, халықтың көзі, құлағы һәм үні боп жүрген журналистердің мемлекеттік қызметке ауыса қалса, бір жағына ауып айнып шыға келетіні қайран қалдырады. Сәкен де сондай әріптесіміздің бірі. Десе де, идеологиялық міндетті өз мойнына алған соң, әр күнінің өткеніне мәз болмай лайықты іс қылу керек қой. «Бұл оңтүстік детка» дегендей ғой.

Қаймағы бұзылмаған оңтүстікте, имандылыққа ұйығандар баршылық. Арасында адасқандары да, адасудың алдында жүргендері де жоқ емес. Түркістанның жаман атын «КТК» телеарнасы шығарып бітті. Әр апта сайын қыздары «хит» болумен келеді. Бұған тәйт деудің орнына, тамашалап отыра береді. Сол бір Нәзакат деген қыздың оқиғасы, біреулерге кері әсер етті. Сайрам ауданында үш қыз да, бәстестіктің тауқыметін тартты. Күнә, қылмыс жайылған сайын, кең тарай береді. Ал, біздің идеологтарды ол қызықтырмайды.

Қаңтардағы көтеріліс кезінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Жетісай, Ордабасы, Сарыағаш аудандарында бас көтерулер болған. Сәкен Қалқаманов кентаулықтарды жұбата алмай қайтқан. Әлеуметтік желіге шығып алып «Бізде барлығы жақсы, тыныш» дей салды. Көшеге шыққандарды әкімдер емес, көшенің үлкендері сабырға шақырды. Бейбіт шерушілермен жағаласып, бүлік бастағандар экстремистік топтар. Кей деректер сүйенсек, деструктивті ағым жақтастары үгіт-насихат жүргізіп, біраздан бері дайындалып келген екен. Ал, әкімдіктердің үгіт-насихаты «терроризмге  немесе жемқорлыққа жол жоқ» деген билборд ілуден әрі аса алмай келеді. Жастар мен жасөспірімдердің, жалпы жұртшылықтың руханиятымен айналысып жатқан бір пенде табылсайшы.

Облыста діни ахуал керемет деуге келмейді. Түркістан қаласының өзінде түрлі жамағаттар бар. Сәләфи, уахабилер бойынша Сайрам, Сарыағаш, Келес, Созақ, Жетісай алда тұрған аудандар. Ұзын-саны 1500 деструктивті ағым жақтастары тіркелген. Ал, Дін істері Басқармасы басшысыз, мамансыз отыр.

Дін ісіне жыл сайын 85 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Ал, Ішкі саясатқа 1,5 млрлд теңгеден артық ақша беріледі. Мұнша қаржы қайда жұмсалып жатыр? Біздің ауыз толтырып айтарлықтай дәнеңе де жоқ. Түркістанды мақтағаннан басқа, не іс бітіп жатыр? Әйтеуір, мереке күндері концерт ұйымдастырып, театрда қойылым сахналатуға ұста. Діннен адасқандар театрға барып «Бөртені» тамашаламайды. Билеті өте қымбат болғандықтан, жай адамдар да көре алмады.

Сәкен Қалқамановтың дінмен ісі жоқ. Дінге қатысты бірнәрсе бола қалса, әріптесі Ұлан Тәжібаевқа ысыра салады. Өйткені ол дінге жақын-мыс. Сонда облыстың идеологы нақты немен айналысады? Түркістанның керемет пиаршысына көзге күйік болған көп мемлекеттік қызметшінің бірі екенін еске саламыз. Оңтүстік — еріккеннің еркелігін көтеретін ел емес…

Идеология — ермек емес. Идеологиямен бүгін айналыспаса, ертең идеясы көптер сенімен айналысады. Қаңтардағы қасірет пен қазіргі жағдай осының дәлелі. Бұл тікелей идеологтардың салғырттығынан деп білеміз. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға шейін идеологиялық жұмыс жүргізу керек. Базбіреулер адасса, адаспаудың алдын алмай отырған, идеологтардың айыбы. Бөлінген қаржыны жөнімен жұмсамайды. Не кешенді жобаларды жүзеге асырмайды.

Өзіне керек басқармаға басшы мен маман алуға басын қатырмайтындай не күн туды? Не күн туғанда, туып қойды ғой! Бұл басқарма қашанғы басшысыз, мамансыз отырады. Қыруар қаржы бөлініп жатыр. Оны қалай игереді?

«Дін – апиын» деп атеистің әңгімесін айтқаннан ешнәрсе өнбейді. Сәкен мырзаның діні ислам болса да,  қайсысының дәстүрлі, дәстүрлі емес екенін ажырата алмайды. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» болатындай, дін тары да, көкнәр да емес қой. Дінді білмеген дымды білмейді дегендей, діннің атын жамылған ханафилердің түрлерін ажыратудың өзі оңайға соқпайды. Өзге елдерде дінге қатты көңіл бөледі. Уланған сананы шаю қиынның-қиыны. Ал, жұртшылық діни сауатты болса, жемқорлыққа да, ешқандай қылмысқа да бармайды. Қоғамда хаос туындамайды. Идеология тереңдетілмей, құр айқайдың бәрі бекер.

Өмірзақ Шөкеевті өзіміз сыйлаймыз. «Танк» деген атқа ие іскер әкімнің жанында, кіргенмен кіріп, шыққанмен шығып идеологияны маңдытпайтын адамның жүргені ерсі екен. Идеологияны ұршықша иіру қолдан келмесе, көрерменді қызықтыра алмай жатқан «Түркістан» телеарнасына креативті кадр керек сияқты. Әй, бірақ идеолог ретінде оны да жарытатын болса, осы уақытқа дейін «шошқа тағалап» отырмаған шығар? Жалпы көтере алмайтын шоқпарды белге қыстырып не керек? Қолына ұстатқанды ұқсата алмаса, тірлікті ептей алатындарға орынды босату керек қой!

 

Мәриям Ақберді

Ресми Фактор газетінің ресми сайты

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?