Қазақ Рухын жарқыратқан 86-ның желтоқсанында біз Алматыда болмадық. Шымкентте едік. Өкінішті. Информациялық блокаданың кесірінен Алматыдағы оқиғаның себеп — мақсаттарын уақтылы біле алмадық. Көлік тоқтатылып, телефон үзілген, почта жабылған күндер еді ғой…  Алматыдағы  бауырларының көтерілгенін естіп,  Алматыға жәрдемге ұмтылған қырғыз жастары бізден әлде қайда бақытты болды. Кейін қанға бөгіп тұншықтырылған бұл бас көтерудің ұлт — азаттық сипатта болғанын есіттік. Жүректе сол сәт бауырлар үшін кек аңсау, олардың ісін жалғастыру туралы нартәуекел тас-шешім пайда болды. Мұндайға, бел буған әрине, тек мен емес, мен сияқты 80-ші жылдардың ондаған мың жас алашы осындай күйде болды. Мен ұлт тағдыры үшін күресті стихиялы түрде, не болмаса тиіп — қашу емес, жоспарлы, мақсатты, саяси, сауатты түрде жүргізем деп шештім. Соғыста «Пакистан шпионы» болып атылуға кетіп, аман қайттым — жәй емес шығар. Құдайдың маған даярлаған тапсырмасы — миссиясын орындау үшін аман қалған шығармын, ол ажалдан… Миссиям — тәуелсіз қазақ мемлекетінің пайда болуы үшін күресу шығар… Бұл іске іштей де, сырттай да дайынмын. Біз қазақпыз. Біздің өз мемлекетіміз, өз басшымыз, өз жолымыз болуын қалаймыз. Біз көп емес шығармыз, бірақ аз да емеспіз. Ешқандай Португал, Албаннан, Австралия, Лаос, Кореядан кем емеспіз. Өз алдымызға отау құру үшін керектің бәрі бар. Бүгінгінің қазағына бұл ойлар ешқандай ерлік емес, әрине. Ал 1980 жылдары былай ойлауға болмайтын, мұндай ойлар үшін құртып жіберетін заман. Бірақ мен Мұхтармын. Білемін, мені қорқыту қиын. Оның үстіне осы Шымкент облысында Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталып, ауылына тірі жеткен 1-2 ауған соғысының ардагері болса, соның бірі менмін. Ол кез біздер, афгенцтер — елдің еркесіміз. Көп нәрсеге рұқсат.  Көп нәрсеге көз жұмылады. Әрине пайдаланамын. Жеке бастың қамы үшін емес, ел қамы үшін «Афганецтігімді, «Жұлдыздылығымды» пайдалансам — ешкім күле қоймас. Алғашқы, «бунтарь — бүлікшіл» қоғамдық әрекеттерім де жеңіп шығып, бойымда өзіме сенімділік пайда бола бастаған кез. Оның бірі — көз алдымызда соғыста ерлікпен қаза тапқан досымыз -Әбдірахман туралы. Оның өлі денесінің алдында тұрып аман елге жетсем, ерлігің туралы елге жеткізем, ескерткіш қойдырам деп өз — өзіме уәде берген едім. Аман қайттық. Осы уәдені орындау үшін афганецтердің басын біріктірген «Қарулас» клубын құрдық. ҚазХТИ ректорымен келісіп, осы институттың шаруашылық саласында бос уақытта афганецтер еңбек еттік. Тапқан ақшамызға Әбдірахманның басына плита, шынжырлы қоршау жасаттық. Оның ауылы Қазғұрт ауданындағы Шарбұлақ еді. Облыстық военкомат плитаға мен жазған сөздерді қашауға тиым салды. Ол сөздер мынадай еді: «Ауғанстанда, ұрыс даласынан жаралы солдатты алып шығу кезінде ерлікпен қаза тапты». Біріншіден, қазақша жазуға рұқсат жоқ, екіншіден Ауғанстанда деп жазуға, үшіншіден « ұрыс даласында» деп жазуға болмайды. Тіресіп қалдық. Мен дәл солай, қазақ және орыс тілінде жазамыз дедім. Военкомат қарсы. Бізге жәрдем беріп, қамқор болып жүрген ҚазХТИ әскери кафедрасы қалай жығыларын білмей дал. Оның үстіне, Шарбұлақтың ақсақалдары плитаны Әбдірахманның моласына емес болашақ ұрпаққа тәрбие болсын деп, мектеп алдына, үлкен дөң жасап, сол дөңге қоюды ұсынды. Елдің ортасына қойылатын болғандықтан, әлгі жазу үлкен текетірестің себебіне айналды. Мен «Бізге военкоматтың рұқсатының қажеті жоқ, ештеме өзгертпей, болған шынайы ерлікті паш етіп плитаны қоямыз. Сол сөз үшін плитамызды өкімет жұлса, онда біз өкіметтің өзің жұламыз» — деп тоқтадым. Афганецтер, ҚазХТИ ұжымы түгелімен ректорымен бірге, біздің жақта болды. Біз жеңдік. Плитаны салтанатты түрде қойдық. «Танкінің ішінде снарядтарды шұқылап отырып, жарып жіберді балаңыз. Сіздер біле білсеңіздер, Совет өкіметіне 1 танкі қарызсыздар» — деген екен, Өбдірахманның мөрдесін жеткізуге жауаптылар. Шынайы болған оқиғаны естіп, жалғыз ұлының «қылмыскер емес, батыр» ретінде қаза тапқанын естіп, құлыным деп боздай кеткен сорлы анасын көріп, бүкіл ел, біздер, мұғалімдер, афганецтер, бүкіл ауыл жылады…

Қазір осы сәтті 34 жылдан соң, түрменің сыз камерасында еске түсіріп жазып отырып, тағы бір егіліп алдым… Мен ұмыта алмайды екенмін… Жан жаралары қанша уақыт өтседе жазылмайды екен… Бұдан бірер ай өткен соң Өкімет «От благодарного афганского народа» атты медаль берді, әрбір ардагерге. Сонда бізге дән риза ауған халқынан деп тұр ғой. Ұнамады. «Ешқандай Совет әскеріне риза болған ауған халқын көрмедім, маған мұндай өтірік марапаттың қажеті жоқ», — деп жазбаша мәлімдемемен бірге әлгі медальді  военкоматқа тапсырып кеттім. Үлкен айқай болды. Жалынды. Ақыл айтты. Ұрысты. Қорқытты. Ие алмады. Қайтып алмадым. Осындай рухыма ел де үйрене бастады. Басшыларға дейін мен барда ұятсыз, арсыз нәрсе жасаудан аяқ тартып тұратын болды. Осы беделімді пайдаланып, институттың 1-ші жатақханасында жүз шақты студент, факультет деканы, парткабинет меңгерушісі, институт комсомол комитетінің хатшысы қатысқан жиналыстың өтуіне мұрындық болдым. Күн тәртібінде: тіл мәселесі. « Неге мен, мысалға келтірсек, қарапайым қазақ баласы, өз республикамда өз тілімде жоғары техникалық білім ала алмаймын? Неге орта мектепті қазақ тілінде алтын медальға бітіріп, енді мұнда, сабақ орыс тілінде болуы себепті 3 пен 4-ке әзер ілініп жүрмін? Егер сабақ орыс емес, қазақ тілінде болса, осылай қор болар ма едім? Егер Совет Одағына ұлттар мен олардың тілдері қажет болмаса, онда неге республикамыз қазақтікі деп аталады? Институтымыз неге Қазақ Химия-Технология институты деп аталады? Қараңыздар, біз жатақхананың салтанатты және ресми бөлігі — Қызыл Бұрышта отырмыз. Дуалдың төртеуі де — үгіт құралдарына толы. Бірақ, осы жатақхана тұрғындарының 99%-қазақ бола тұрса да, неге жазудың бәрі орысша? ҚазХТИ де не маңыздырақ — совет экономикасына сауатты инженер мамандар даярлау ма, әлде өз тілін ұмытып, орысша сөйлей бастаған дүбәрәларды жасап шығару ма? Әлде, өз өңірін, өз ұлтын сүйген адам совет патриоты бола алмайды деп ойлайсыздар ма? Өз ұлты үшін от болып жанбаған адам өзге ұлт үшін жанады ма? Менікі осындай сарын болды.  Менің қасиетім — эмоцияға беріле сөйлеу.  Көп адам эмоцияға берілсең,  қызып, артық айтып қойып, өзің күйесің дейді.  Ал меніңше, эмоциясыз сөз-өлі сөз және басқа адамның жүрегіне жетпейді.  Бұл  жолы да сол қасиетіме сай эмоцияға беріле сөйледім. Сөзім әркімге әртүрлі болғанмен, бәріне бірдей әсер еткені анық, зал тірілді. Көздерде от, төзімсіздік, құштарлық пайда болды. Бұл кездер қазақпын деп айтудің өзі қауіпті болған кездер еді. Жер жерлерде, түрлі мекемелерде сатқын, тоқылдақ әлгі кинодағы опасыз «Қаражал» сияқтылардың күні оңынан туып жатты. Қай ұстаз ұлттық намысты тілге тиек етті, қай бейбақ қазақ ұлтын мақтап, қазақ рухын дәріптеді, қай басшы қол астына тек қазақтарды жинады — тікелей Мәскеуге, немесе киелі басшымыз қазақ лидеры Қонаевтың орнына шеттен келген Шүрегей – Колбинге арыздарды қардай боратып жатты…  Қазақпын деп соққан әрбір жүрек қиянатқа шыдай алмай жан таласа әділет пен араша іздеп, амал таппай қамыққан заман еді. Империяның қанға тойымсыз репрессиялық машинасы қазақшылдарды лек — легімен жұтып жатты. Бірақ отаршылдар қаншама құтырынып тырнағын терең батырып, қазақ ұлтын аяғына жыққысы келгенмен, ел үріккен жоқ, сазарып, булығып, қасқиып тұрып алды.  Бас имеді. Ел — өзгерді. Ел жүрегі декабрьден соң Мәскеу деп соғуды қойды. Бұл ұлы бетбұрыс еді. Қазақ елі декабрьді қате, қылмыс деп қабылдамады. Ұлтшылдық екеніне онша ешкімнің дауы болған жоқ — тек ұлтшылдық қылмыс емес ерлік болып көріне бастады.

Мен отырған соң маған дос болып жүрген бір — екі активист жігіт менің сөздерімді теріске шығарды. «Мынандай заманда сынықтан ілік іздемей, елдің бірлігін, совет рухына деген сенімін нығайтқан дұрыс. Мұхтардың сөзі советтің интернацоналдық саясатына қарсы. Оған ерсек біз майдаланып, әр республика, әр ұлт өз пәтерінде өз қотырын қасуды бастайды. Бұл түбі үлкен бақытсыздыққа әкелетін «жабайы ұлтшылдық» атты қылмысты бағыт» — міне осы сипатта айтты. Зал бір — екі реплика тастап, олардың сөзіне қосыла бермейтінін көрсеткенімен сөйлеушілердің ә — дегеннен маған қарап қарсы шығуынан расында әжептәуір қауіптеніп отырдым. Тағы  бір — екі активист осы арнада сөйлесе, зал солардың жетегінде кетуі әбден мүмкін ғой. Мені де қолдап бір — екі адам сөйледі. Бірақ олар активист болмағандықтан, сөйлеу қабілеттері  жүдә жұпыны болды. Ойларын жеткізе алмады, әйтеуір мен жақта екені түсінікті болды. Бір кезде төрде отырған парткабинет менгерушісі Шин деген апай сөз сұрады. Мүмкін қытай, мүмкін кәріс…  Бұл кісі қалай сөйлер екен? Парткабинеттің меңгерушісі партия курсын ұстану керек болса, онда бұл кісі де КПСС Орталық Комитетінің қаулысында көрсетілгендей қазақ ұлтшылдығын әшкерелеп, оны аямай шегелеуі тиіс емес пе? Әлгі, бас жағында мені «ұлтшылдықтан» сақтандырған комиссия активистерінен  соң мына  апам да мені сынай жөнелсе, онда бұлардан соң  мына залдан мені жақтап, суырылып шығатындар табыла қоймас, табылған күні де залдың  бетін бері бұра қою оңай болмас…  Ал бұл жерде жеңіліс болса, келесі қадам жүда ауыр болары сөзсіз… Бірақ  Ата-баба Әруағы біз жағында болды – ау, Шин апай артық   қызынбай, артық үрікпей,  сенімді сөйлеп, мені жақтап шықты:  «Соғыс көріп, жаралы болған. Өмірдің бағасын біліп, Ажалға тура қараған, от пен оқ сынағынан абыроймен өткен адамның сөзін айтты Мұхтар. Ол дұрыс айтады: өз елін, өз ұлтын сүймеген адам өзгеге мейірлі бола алмайды. Ұлы ел — Совет Одағын қалтқысыз сүйіп, шынайы совет патриоты болу үшін алдымен өз ауылыңды, өз өлкеңді, өз ұлтыңды сүюің керек. Бұл туралы дүниежүзі пролетарларының көсемі – Владимир Ильич Ленин былай деп айтқан»…

Рахмет, Шин апай… Өз қазағым қарсы шыққан қийын сәтте    қазақ емес Шин апайым қанатын жая қойғаны, мені қорғай қойғаны керемет емес пе… Институт комсомол комитетінің хатшысы Қуаныш Арғынбаев сөз сөйледі. Бұл кісіні ол кез  білмеймін. Әйтеуір екі күннің бірінде жатақханаларды тексеруге келеді. Ол келсе, терезе — тесіктен шам жарқ еткенде тура қашқан тарақандай мастар, бұзықтар, бөтендер қаша бастайды. Бұл кісі сол ішетіндердің әзірейлі —  ұстаса ертеңіне комсомолдан қуады. Ал комсомолдан кеттің бе — институт қош бол, деп ауылыңа қайтасың. Бұл кісі енді облыстағы ең ірі комсомол ұйымының басшысы, яғни коммунист. Және қазақ. Қоссаң «Мұхтарға қарсы шығады» деген «санға» тең болады. Тағы қателестім. Дұрыс ұсыныс. Ұлтшылдардың пайдаланып кетпеуі үшін осындай кемшіліктерді өзіміз байқап, өзіміз жөндегеніміз дұрыс. Осы кемшілікті жауынгер-интернационалистің байқап, арнайы көтеруін — біздің комсомол және партия ұйымының жастар арасында советтік патриотизімді, қоғамдық белсенділікті дамыту саласындағы жұмыстарының оң нәтижесі деп білемін. Комсомолец Мухамбетжановтың ұсынысын қолдаймын және институттың барлық жатақханаларында үгіт — насихат құралдарының тең жартысының қазақ тілінде болуын қамтамасыз ету керек деп есептеймін. Ия, жаңа ғана  комсомолдан, институттан қуылып кетсем, заводта жұмыс істеуге дайын боп отырған мен, репрессия сойылының менен алыстап кеткенін көрдім. Қорытынды сөз сейлеген декан Николай Сузев студенттердің  бастамашылдығы, олардың қоғам өміріне белсене араласуы жақсы, нағыз советтік үрдіс екенін, себебі институт отанымызға тек сауатты инженер-маман емес, ізгі ниетті азамат, елге шын жаны ашитын патриот қалыптастыруға міндетті екенін алға тартып, осы жиынның да, аталған бағыттағы пайдалы шара үлкен белес екенін тілге тиек етті. Міне, ел азаттығы үшін саяси күресім осындай іс-шарадан басталды. Алғашқы қадамым Құдай — әруақ қорғап, сәтті жеңісті болды. Әрине, әрқашан осылай оңай болмасын білдім. Алда талай азапты күндер тұр. Тартыстар, тірестер, арпалыстар, жанталастар…  Жеңістер мен жеңілістер… Темір өзек, болат рух керек. «Осындай заманда қазақ тілін қорғаса, Мұхтар мықты екен». «Өзі мазасыз тыныш жүре алмайтын жігіт еді, енді міне ұлтшылдықтан анық құтылмайды,  енді сотталады». «Мұхтар деген афганец Шымкентте желтоқсан сияқты көтеріліс дайындап жатыр екен, намысы бар қазақтың бәрін күреске шақырыпты». Жиыннан соң ел арасында осы сияқты гу — гу әңгіме жүріп жатты. Қазақ Ұлтының Советтен көрген зұлматтары, совет жүйесінің қанқұйлылығы, қианатшылдығы туралы әңгімелерды күрт жиілеттік.  Балтық бойы, Украин елдеріндегі ұлттық  жаңғыру күрестері,  олардың әрбір қадамы – біздің сүйікті тақырыпқа айналды.  Аудиторияларда, стадиондарда, кештерде, көшелерде бұрынғыдан жөні  бөлек, қазақшылдықты дәріптеген сөздер айтыла бастады. Айналама «ұлт үшін күреске дайын» 20 — 30 жігіт пен қыз жиналды. Сәкен Нақбаев, Ақылбек Азанбеков, Толқын, Марат, Әділ, Айдар Әлсейітов, Өскенбай, Ұлан, Серік, Гаухар, Ұлбосын, Гүлиана, Наташа, Еділбай, Берік, Петро сияқты марғасқалар – менің мақтанышым. Олардың қайсарлығы мен мәрттігінің арқасында Оңтүстік Қазақстанда Тәуелсіздік  үшін күрес мәнді боп, қанат жая бастады. Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан, Мағжан, Халел сияқты Алаш Орда қайраткері  болмасам да, бір де бір  ұлтшылдық тақырыпта мақала, еңбек жазбасам да дәл соларға бұйырған ауыр айыптаулар — ұлтшыл, халық жауы пакистан шпионы (олар — жапонның шпионы) – болып, азап көріп, атылу жазасының орындалуын күтіп, қорлау, ұрып-соғудың астында жаттым…  Аман құтылдым.  Бұған «заман басқа ғой» деп, себеп тауып едім.  Соғыстан оралдым, бүкіл оңтүстікте тәуелсіздік үшін күрестің туын көтердім. Аянбадық. Тәуелсіздікке жеттік. Енді Әлихан, Ахмет сияқты атылып кетпейтін болдық, деп ойладық. Иә. Бірақ «өз ауылыңның иттерінің қабуынан», өзің Азаттығы үшін күрескен өз Отаныңның жалған айып тағып, жала жауып ұзақ жылдарға түрмеге тығуынан құтылмайды екенбіз ғой. Біз мәрттіктің үлгісін көрсетіп, жеңген күні «біз билік үшін емес, Азаттық үшін күрестік», бізге билік керек емес екенінің белгісі ретінде жарғыда жазылғандай, Азаттыққа қол жеткен күні біз, Қазақ Тәуелсіз Жастар Одағы тарқаймыз, — деп мәрт амалдар жасап жүргенде, тәуелсіз елдің билігіне найсап,  кәззәп,  ақша мен тақ үшін атасы мен бабасын бірге сатып жіберетін жексұрындер, аярлар, опасыздар, құдайсыздар жиналып аптығой. Енді міне, Отан, ұлт, мемлекет мүддесін қорғап, ел қазынасын тонауға кедергі болсаң, жалған айып тағып, арсыз жала жауып, сені түрмеге тығып жібереді. Ел қазынасын олар емес, сен тонаған боп шығасың. Ештеме дәлелдей алмайсың. Қазақстан сияқты теңдессіз бай елдің бюджеті қолдарында: қалаған БАҚ — н телеарнаны, журналисті, мемлекеттік органды, адвокатты опырып сатып алады. Сатылмаса атып алады. Өкінішті. 80 -жылдар басымызды ажалға тігіп,  Азаттық үшін күрескенде, біз туын тіккен ел осындай имансыз, арсыз, екіжүзді ел болады деп, — ойламаппыз. Енді түрмеде отырып бұл туралы ойлауға уақыт көп. Тек, — пайдасы жоқ. Себебі-кеш.

 

Алғашқы Айқас

Горбачев жүргізген қайта құру саясатының бір жемісі — партия және комсомол ұйымдары өз басшыларын ашық  дауыспен ашық жиналыста өздері сайлап алатын болды. ҚазХТИ — де осындай сайлауға дайарланып жатқан.  Күн тәртібі – институт комсомол комитетінің хатшысын сайлау. Институт комсомол ұйымы – облыстағы ең ірі ұйым. Басшысының  статусы, аудан комсомолының  басшысымен бірдей, яғни, сол кездегі тілмен айтқанда райкомның 1- секретары. Институттағы иерархияда ректор,                парторгтан кейінгі үшінші басшы. Оның қолынсыз көп нәрсе шешілмейді, ең бастысы оның қолынсыз ешкімді институттан шығара алмайды. Сондықтан өте жауапты, қорқынышты қызмет. Ары — бері ойласып, мені «Қарулас» клубының офганецтері хатшылыққа ұсынатын болды. Бұрын мұндай жұмыс істемегенмін.  Тәжірибе — ноль. Сайлауға мені қосқанда 4 адам түстік. Мен 78% дауыспен жеңдім. Біріншіден, бірбеткей,  принципшіл, әділетшіл, афганец ретінде елге танылып үлгергем. Екіншіден, кандидаттық сайлау бағдарламамда қазақтың ұлттық — саяси жастар ұйымын құрамын дедім. Институттың комсомол конференциясында комсомолға қарсы ұйым құрам деп, комсомолға басшы боп сайлану  — қисынға сыймайтын жағдай. Бірақ СССР атты большевиктік — концлагерлік елде қайта құрудың, яғни  адамиаттың, құдайдың жылы да нұрлы лебі есе бастаған соң, бұрыңғы репрессиялық, тоталитарлық, қанқұмарлық ережелер,  дуалдар гүрс — гүрс етіп бірінен соң бірі құлай бастап, ел өмірінде осындай түсініксіз, қайталанбас құбылыстар жиі боп тұратын. Ескі дүние өліп, жаңа дүние туылып жатқан заман ғой, жаңаның ескіге ұқсап туылуы міндет емес екен ғой. Сөйтіп елдің еркелетуімен облыстағы ең ірі комсомол ұйымының хатшысы боп шыға келдім. Ардагер қарулас достарымның айтқанына еріп сайланып алдым. Сөйтсем, жұмыс  ойыншық емес екен. Закір, деген бұрынғы басшыдан мұраға қалған орынбасарым бар екен. Мені орысша білмейді, кедейдің баласы деп менсінбейді. Өзі – бүкіл дәріханалардың бастығының баласы екен. Патриотизм   дегенді  мысқылмен қабылдайды екен. Тапсырма берсем «орысша екі метр» тілімен өзімді айыпты қылып айтқанды істемейді. Менің  білем деген орысшам — әскердегі боқтау аралас «орысша» мұнда жарамайды екен. Тағы бір кемшілігімді  үнемі парторг пайдаланады:  Мұхтар, сен неге былай да былай істейсің? Сен неге былай да былай істемейсің? Ленин өз еңбегінде былай да былай деген жоқ па,- деп Лениннің сөзін келтіреді. Кейде   қисынды, кейде қисынсыз.  Қой, Ленин былай дей қоймайтын шығар деп қоям. Сонымен бір күн шешілдім. Ленин, Маркс, Энгельстің орыс тілдегі кітапшаларын сатып алдым. Еңбектерін  оқимын. Түсінігімді айтамын.  Айталмасам — жаттаймын.  Айна алдында өзіме қарап  тұрып айтам. Нәтиже – орысша да үйренем, сөйлеп те үйренем, Лениннің нені «дегенін», нені «демегенін» де біліп шығам. Не керек  ек-үш айдай қажырлы еңбектен соң ешкім маған оп-оңай «Лениннің сөзін» өткізе алмайтын болды. Себебі Ленин мен Маркс бұдан кейін олардың емес, менің қаруыма айналды. Закир жұмыстан шығып кетті. Мойындағаны ғой -тасып түскенімді. Оның менмендігі менің өзімді өзім жеңіп, намыс үшін бұрынғыдан әлде қайда сауатты, айлалы  болуыма алып келді. Бұдан басқа қызыққа толы комсомолдың жұмысы бар : жиналыстар, дискотекалар, конкурстар, студент жасақтары, құрылыс отрядтары, жатақхана өмірін ұйымдастыру. Маған осы қатарлы қоғамдық жұмыстар ұнайтын. Осы жұмыстардан  уақыт арттырып, қазақ ұлттық рухы, Азаттық  идеясы туралы жиындар өткізіп  келеміз. Техтың жатақханасы болса – кіре береміз. Ал пед. немесе медтың (мединститут) жатақханасы болса – кіру проблема. Қызметің  болғанмен, олардың өз секретары бар емес пе… Амал жоқ, секретарьлар азаттық туралы айтпайды. Сондықтан мен кіруім керек. Кейде есіктен, кейде тесіктен — терезе арқылы (ел терезе арқылы махаббат қуалап кіреді, ал мен…) кейде екі-үш адаммен сұхбат, кейде көп адам жиналып, әжептәуір әңгіме болады. Түнгі екісіз үйге жетуім қиын.  Кейде таксиге ақша бар, кейде жаяу «Қазақстан» кинотеатры маңынан «Восток» микроауданына  жаяу кетем. Үйде әйелім – Роза күтіп отырады. Ол кез — албырт махаббатың құшағындамыз. Алдын, бір жылдай қаражаттан тарықтық. Менің әкем махаббатпен үйленуге тиым салғандықтан тойымызды қарызға жасап, кейін Сібірге жұмысқа аттанып, қарыздан құтылдым. Розаның туыстары жәрдем бергісі – ақ бар. Бірақ мен қабыл етпеймін. Тиын үнемдеймін. Мынадай қызық болған. Нанға мен барамын. Ақ нан 24 тиын, қара нан 16 тиын турады. Егер дүкенде қара нан жоқ болса, нан жоқ екен деп келіп, қара нан келуін күтем. Сүт — айранға әдетте Роза барады.  Айран алмайды. Жоқ екен деп, сүт әкеледі, соны ұйытып айран істейді. Күндер бір күн ол сүт әкеле салысымен менің дүкенге жолым түсе қалды: айран бар екен. Айран қымбаттау болған соң, сүт әкеліп ұйытып айран жасайды екен ғой: қара нан жоқ болса, мүлдем нан жоқ  деп мен алдағандай, ол да… Иәә.  Демек, ақ нан да әдетте бар екенін менің алдап қара нан әкелетінімді біледі ғой Роза… Бір-біріміздің көңілімізді өмірдің қатігез соққыларынан шама келгенше қорғаған екенбіз ғой… Ал мен хатшы болғаннан соң айлығым 140 сомды қайда жарататынымызды білмей жүрдік біраз уақыт… Айына 140 сом айлық біз үшін расында үлкен ақша еді. Мен ұлттық рухты  жаңғырту бойынша жұмыс істеп, көбіне СОКП-ны, Москваны, Сталин мен Ленинді даттап, әшкерелегенмен, әу баста партиялық, басшылық бұл әрекетіме онша «ренжіген» жоқ, өзі қояды ау деп ойлаған шығар. Қайта менің комсомолдағы белсенді үздік жұмысым үшін райкомның бірінші секретарлығына резервке қойылдым. Әрине, сол кездегі саясат үшін, бұл дұрыс еді: афганецпін.  Ордендімін. Белсендімін. Беделдімін. Орысша да, қазақша да сөйлеу, жазу-проблем жоқ. Елді соңымнан ерте алам. Көп басшылар маған Романовтан кейінгі райкомның 1-ші секретар ретінде қарай бастағаны жасырын емес. Шынтуайты ол кезде кадр мәселесінде парақорлық, топшылдық,  жүзшілдік сияқты, қызметті «сатып алу» сияқты бүгінгінің кеселдерінің исі де жоқ. Сауатты болып, істі алып кете алсаң-сенен жақсы адам жоқ. Ол кездер өмірімізді шүберекке түйіп, Азаттық үшін күресеміз дедік. Азаттыққа қолымыз жетеді деп ойлаған жоқпыз, тек әйтеуір күреспеді  демесін, қазақ ұлты да Азаттық  жолында қайрат қылды деп айтсын кейінгілер — арманымыз осы еді. Азаттық ала қойсақ, қазақтың залымы емес, ғалымы билікке келіп, аз жылда үлгілі евро – түрік – мұсылман республикасына айналып, Алаш Орда арманы шынға айналады деуші едік. Ал Азаттықа қолымыз жетуіне не үшін толық сенбедік? Себебі Қазақстанның бар халқы 13 миллионның жартысынан көбі – қазақ емес еді. Ал жартыдан аз қазақтың пәленбайы орыс тілді еді. Сосын бұған қоса бұдан да қауіпті дисбаланс бар еді. Қазақтың оңтүстігінде қазақ баршылық, көп болмаса да сес көрсетер қауқары бар. Ал Солтүстік пен Шығыста ұланғайыр қазақ жерінде біздің ұлт жоқ дерлік еді ғой… Міне, 30 жыл Азаттық ахуалындамыз. Ел көбейді. Қазақ табиғи көбейді. Бөтен ұлт өкілдерінің көбісі : гректер, немістер, орыстардың көбі тарихи отандарына кетті. Орнына тарихи жетістік – президент Назарбаевтың әккі де ақылды, кешенді саясатының арқасында оралмандар легі елге қарай ағылды… Біздің ел жағдайында басқа ұлт өкілдерінің наразылығын тудырмай, мемлекет ақшасына баяғыда ары көшуге мәжбүр болған отандастар көшін енді бері, тарихи Отанға бағыттау – бұл ұлы, қайталанбас  дерлік жеңіс. Біз бұл жеңістің шын қадір, бағасын кейінірек түсінеміз… Бірақ бүгінгідей айлығы 150 мың  теңге құқық қорғау органының қызметкері 10 миллион, 20 миллион теңге тұратын машиналар мінуі, хансарайларда той істеуі, қабат-қабат, европа миллионерлеріне лайық үй салып, ұялмай сол үйлерде тұруы — мемлекетіміздің ауру екенін білдіреді. Өкінішке орай, «малым жанымның , жаным арымның садағасы» деген асыл рухты елімізде бірінші орынға, ел ұмтылар шамшырақ орынға — Ақша қойылды.  Ал Ар мен Ұждан, Иман, Әділет, Отаншылдық — сол  «Ақша  ханымның» «ләппай тақсыр» деп бас иіп тұратын малайларына айналды. Яғни, ел  Құдай жолында емес, Ібіліс жолында. Құтқармасақ, Құрдымға кетер күн де алыс емес… Елімізді, мемлекетімізді ібіліс тұзағынан құтқару керек деген оймен арыстанша арпалыстық. Облыстық Мәслихаттың мен деген депутаттарының басын қосып, осы бағытта күрес аштық Ел рухын оятуға ұмтылдық.  Аянбадық. Ашық айттық. Билікке қарсы шыққан жоқпыз, солармен бірге жүріп, бірге жөнделгіміз келді. Әр ауылдың билері мен қазыларын сайлап, елді әділет және ар тазалығында өмір сүруге шақырдық. Бірақ  жеңілдік. Ібіліс малайлары үркітіп — қорқыту, бопсалау, жала, жалған айыппен шантажды пайдаланып біздерді алдымен азайтты. Ал кейінірек осы қозғалыстың  ұйтқысы — мен қазақ өкіметінің өзі ұйымдастырған жалған айып және жаламен мемлекет қаржысын жымқырған «коррупционер» боп танылып 10 жылға түрмеге жабылдым. Коррупцияға қарсы күресті, яғни мемлекетті құтқару күресін коррупционерлер, алаяқтар, өтірікшілер, жалған айтып тағушылар, жала жабушылар, адамдарды үркітіп, жазықсыз адамдарға өтірік жала жапқызушылар басқарады екен. Жаудың көптігі емес, бірігіп кеткені қауіпті дейді ғой. Біз  күресті кешігіп бастаппыз, жау әлдеқашан бар позицияның бәрін басып алып, «бірігіп алған» екен…

Ол кез, 80-ші жылдар – біз әрине, бұлай болады деп ойламадық. Мединституттың, Техтың, екі үш колледждің, бір өндірістік бірлестіктің хатшысы, бұрынғы Техтың хатшысы бірігіп, әр кез бүгінгі Қазыбек және Түркістан көшелерінің қиылысындағы «Жастар» кафесінде жиылып бересми түрде саяси мәселелерді талқыға салатын болдық. Горбачев бастаған компартия билігін шектеу, қоғамдық өмірді либералдандыру, саяси қарсы пікір үшін атып-асу, жер аудару, концлагерге қамауды тоқтатып, плюларизмге жол беру сияқты саяси жаңа лептерді диспутқа салатынбыз. Нақты мақсат та болды. Неге қаланың  да, ауданның да комсомолын орыс ұлтының өкілдері басқаруда? Тым болмаса қазағы көп студенттік аудан — Дзержинский ауданының комсомолын қазақ басқарса болмай ма? Конференция, пленумдарды қазақша жүргізсек болмай ма? Желтоқсаншыларды іздеп тауып, оларды комсомолға, институтқа қайта кіргізу қажет пе? Егер Қазақ ССР КСРО-дан бөлінсе, өмір сүре ала ма? Осы сияқты тақырыптарды пікір таластар өзегіне айналдырып жүргенде, арамыздан «сатқын» шығып, біздің «ұлттық-революциялық топ» туралы райкомға «тоқылдап» қойыпты. Сонымен сергелдең басталды. Романов шақырады. Әуез (орг. бөлім) шақырады. Қай жиында қандай тақырып талқыланып,  не жазылып,  студенттер арасында қандай үгіт жүргізілді? Тағы қай аудан қаламен байланыстасыңдар? Дәл бір кинодағы гестапо сияқты. Бірақ біз оған бой бермедік, тіпті бастық деп ықпадық та. Өзіне ұмтылып, бос уақытта не сөйлесетінімізде, не ішетінімізде шаруаң болмасын деп бір кессек,  ұлттық – революциялық топ дегеніне  сен революционердің көкесі – М.С.Горбачевты тоқтатсай алдымен, тоқтатқыш болсаң»,- деп тағы бір өшірдік. Ол бізді бас игізуге шамасы келмеген соң аудандық партия комитетіне арызданып бізді райкомның бюросының талқылауына тастады. Болды, түсіндік: іс насырға шапты. Аудан комунистерін Разия Габдушевна Нигмадилова басқарады. 40-пен 50-дің арасындағы әйел кісі. Екі тілде де сөйлейді. Бюрода не айтам?  Ой тек осы төңіректе. Бюро-бір шың сияқты, ар жағында ештеңе жоқтай.  Өмірімнің ең маңызды сәті сияқты, не айтам сұрақ…  Мәскеуге өз тағдырын сеніп тапсырған халқымыздан сол мәскеулік империя – астығы мен етін дым қалдырмай тартып алып, аштыққа душар етіп, миллиондаған қандасымыздың ажалын қолдан ұйымдастырды.  Астық пен етке шетелдерден станоктар сатып алып, ресейдің ішкі өңірін индустрияландырса, мына жақта аштықтан елі қырылып, босап қалған кең-байтақ, нулы-сулы қазақтың Сары Арқасына ие болып қалды. 1940-шы жылдары ол даланы игеруге соғыс кедергі болды. Сондықтан қырылған қазақтың орнына ішкі Ресей, Украин, Белорустан 1950-ші жылдары миллиондаған келімсекті  әкеп отырғызып, қазақты өз республикасында ұлттық  азшылыққа айналдырды. Мұны кешіруге болмайды. Осыны айтамын ба? Семей полигонын айтам ба? Әлде, ұлтымыздың жүрегі мен миы іспетті ғалым, жазушы,саяси қайраткерлерді түгелдей атып тастағанын ба? Разия апай не дейді екен? Өзімді Рейхстаг өртенген соң фашистік сот алдында жалынды сөз сөйлеп жауап берген Тодар Живков сияқты сезініп жүрдім. Сөйтсем… Бюроға дейін Разия апай мені екі-үш рет әңгімеге шақырды. Бір рет жексенбі күні үйге « волгасын» жіберіп алдыртты. Мүлде жұмсақ әңгіме, мен күткендей фашистік озбырлық жоқ: «балам соғыстан келдің. Өз карьераңды тамаша бастадың. Адал, әділсің. Болашағың жарқын. Квартира алдың. Сені лайықты азамат ретінде командамызға қостық. Өзіңе сеніп тапсырған орында еліңе қызмет жаса»,- дейді. Бұған қайтып қарсы боларсың? Көрген азабың жетерлік енді қызметіңді табысты атқар, өсіп-өн дейді. Ми қатты. Жеке өмірімнің сәттілігі маңызды ма, әлде ұлт Азаттығы үшін күреске қатысуым маңызды ма? Ол Азаттыққа жетудің өзі — өз республикамызда ұлттық азшылық болып отырғанымызда, сол азшылықтың да бір талайы орыстанып, қазақы рухқа жиіркене, орыс шовинизмінің тұғырынан қарап отырғанда – кәдімгі утопия емес пе? Бірақ, Украин, Прибалттар күресіп жатыр, біз ше үндемей қаламыз ба? Қазақтың саны да, рухы да қалың жері Шымкент болса, Шымкенттегі ең үлкен институттың жастарын басқарып отырған мен емеспін бе? Яғни ұлт азаттығы үшін күрестің болу-болмауы менің позицияма тікелей байланысты болып тұр ғой?..  Осы тарихи сәтте қара басымды ойлап, ұлтымның келуі мүмкін Азаттығы үшін күрестен бас тартсам, сатқын болғаным емес пе? Қайта  күресті ұйымдастырып, басқа қалаларға үлгі болмаймын ба? Азаттыққа жетсек, қазақ қызметсіз қалдырмас.     Жетпесек ше? Сотталу. Айдалу. Әлде Ауғанда ата алмаған өкімет, Азаттық үшін күресіміз сәтсіз болса, осы жолы анық атады… Әйелім Розаның тағдыры қалай болады? Бүкіл елді шулатып, әке-шешем қарсы болса да, алдым. Маған сеніп, үйімнің қарсы екенін көре тұра, қолын берді. Енді қалай болады? Ертең сотталып кетсем… Сонда, жақсы өмірдің кілті – сатқындықта ма? Осындай ойлармен бас қатып жүргенде маған Разия апай тарапынан осы бюродағы  тартыстан аман шығудың, құтылудың жолы ұсынылды. Әрине ол заман райкомның бюросынан – сот жеңіл ғой. «Мен соғыс ардагерімін. Жауынгер – интернационалистпін. Отан алдында аброймен борышымды орындаған адаммын. Мына ұлтшылдық көрінісіне менің еш қатысым жоқ, біреулердің алдауына сеніп, тыңдап көруге ғана барғанмын»,- осылай десем бюроның балтасынан дін — аман сау шығамын, қызметімді жалғастырамын, және екі-үш ай көлемінде Романов басқа қызметке ауысып, мен райкомның бірінші секретары болып «тағайындаламын». Әрине, тамаша перспектива. Бірақ… Онда бюродан Бақытжандар, Лесбектер, Қуаныштар, Мұхаметжандар, Нурилалар аман шықпайды… Комсомол, партиядан шығарылады. Қызметтерінен босатылады.  Совет өкіметі барда мойындарында, ұлтшыл деген қаңғырлаған қаңылтыр қалбыр ілулі тұрады. Бұл қалбырмен табатын жұмысың – қарауыл не грузчик… Разия Габдушевнаны сыйлайтынмын. Тіпті сенетінмін. Разия сияқтылар — партиялық басшылық орындарға бүгінгідей пара,  рушылдық,   бизнестік негізде емес, адалдық,  арлылық, принципшілдік, қажырлы еңбектің арқасында келген адамдар ғой. Әттең, жолымыз бөлек, әйтпесе осындай  кісілер КСРО-ға емес, тәуелсіз Қазақстанға қызмет етсе ғой. Валериян Шеманский, Қуаныш Төлеметов, Райхан Ишанова, Михаил Наурызбаев — партия органдарында адалдар, арлылар баршылық еді.  Жасыру обал болар. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні —  Разия апайдың ұсынысын қабылдай алмаймын – бұл менің шешімім. Қанша жақсы адам болғанмен, Разиялар бұрынғы Ресей империясы, қазіргі халықтар концлагері – Совет Одағына қызмет етуде. Ал біз – бүгін жоқ, ертең мүмкін, біз тіріде, мүмкін біз өлген соң пайда болатын ғажайып ел — Тәуелсіз Қазақ Республикасы үшін күресушілерміз… Қанша бұлыңғыр болашағым үшін қорықсам да,  қанша бастық болып, қым-қуыт ел жұмысында жүруді ұнатсам да, сотталғым келмесе де, «автопилотыма» бұйрық бердім (ұжданым) : ол мені желкемнен сүйреп 2-ші этаждағы партия райкомының басшысына кіргізді. Мен «жоқ, болмайды»- дедім, сөйтіп басшының жауабын күтпей (кім біледі  басқа шешімге көндіріп қоя ма тыңдасам деген күдік те жоқ емес. Сондықтан, ел айтатындай мен бір темір өзек,  болат жүйкелі болдым деп мақтана алмаймын) сыртқа тұра ұмтылдым.

Міне, енді мен де, басқа да тіпті кейде мені қаламасам да желкелеп қауіпті әрекеттерге мәжбүрлейтін ұжданым – автопилотым да менің өз өмірімді қазақ азаттығы үшін күреске арнағанымды, сол кездегі Москвалық, Украиндық, Прибалттық, жастардың «модасына» еліктеу деп айта алмайды. Анау-мынау емес ау парткомның бюросында «кейбір комсомол ұйымдарында көрініс тапқан ұлтшылдық ағымы туралы» мәселе қаралады, мен – басты фигурамын… Іс насырға шауып қойды. Қашудан, бас сауғалап құтылып кетудің ұсынылған вариантынан үзілді-кесілді бас тарттым. Яғни рим патшасы Гай Юлий Цезарь айтқандай «Рубиконнан өттім, көпірлерді өртедім», яғни артқа жол жоқ, алда не жеңіс не өлім. Ол  күндер біздің «Ұлттық — революциялық топ» құрып, ендігі әшкере болып аупартком бюросында тағдырымыз шешіліп жатқаны бүкіл облыстың партия, комсомолына түгелімен әйгілі болған және лапылдаған өсектің басты, актуалды тақырыбы: кімді бюро партия қатарынан шығарады, кімді жұмыстан босатып, кімнің ісін сотқа өткізіп итжеккенге айдайды… Комсомол функционерлері арасында бізге қатысты мәселеде түсінушілік, іштей қолдаушылықтан гөрі шоқ-шоқ деп отқа май шашу, табалау сияқты сезімдер басым түсіп жатқандай болды. Әрине, ол кез қалың студент корпусы, егер мүмкіндік болса бізді қолдап шығар еді. Айлықты райкомнан алатын функционер, комсомол секретары, оқу орны жастарының лидері саналғанмен, іс жүзінде жастардың жоғарғы жақтағы өкілінен гөрі райкомның белгілі оқу орнындағы қызметкеріне, жандайшабына көбірек ұқсайтын. Сондықтан әдетте қалың студенттің мүддесі бір жақ, олардың мүддесін күйіттеу үшін қойылған функционердің мүддесі мүлдем басқа болушы еді. Бірақ іс жүзінде тағдырды қалың студент емес, мына функционерлер шешіп тұрған заман екені ашы шындық…

 

Парт Бюро

Райкомымыз Түркістан мен Қазыбек көшелерінің қиылысында орналасқан бүгінгі теледидар ғимаратында еді. 1-ші және 3-ші этаж аудандық комсомол, ал 2 этаж партия… Міне бүкіл облыс күткен, әзірейілдердің жан алатын күні – райком бюросының мәжілісіне де жеттік. Басшы – Разия апай төрде , өз орнында отыр. Ал қалған 5-6 бюро  мүшелері ұзын конференц столды жағалап жайғасыпты. Разия апайдың артында жоғарыда — Лениннің портреті. Разия апайдың алдында графинге салынған бір шоқ ақ және қызыл роза гүлдер қойылған,- ерекше әдемі көрінеді. Еденге қызыл кілем төселген. Қарапайым, бірақ салтанатты да, қатал дизайн. Біздің жігітердің бір екеуі кіріп шықты. Жүздері — әбіржулі  іштей бекіп алған, бірақ қобалжып тұрғандары көрініп-ақ тұрды. Үлкен кабинеттің ортасына тұрғызып қояды екен. Тұрдым. Разия апай мен туралы қысқаша айтып өтті. Сұрақтар қойыла бастады. Әлгі  жігіттердің , қандай себеппен, қайдан танисың…  Қандай тақырыптарды талқыладыңдар?  Кімдерді үгіттедіңдер?  Басшыларың кім? Жоспарларың бар ма? Топта болған пікірталастарды студенттер арасында қаншалықты жиі жалғастырдыңдар? Кейінірек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында банкир болып кеткен, ал бүгінге бюро мүшесі бір жігіт мені қорқытып рухымды басуға көп күш салды:

  • Қандай бассыздық десейші,  осы ортақ Отан үшін әкелеріміз қан майданда қасық қанын қиған жоқ па? Олардың бізге аманат еткен ісіне, бізге қалдырған елі мен жеріне опасыздық етіп, ұлшылдықпен елдің бірлігіне сына қағу — бұдан артық қандай азғындық керек? Сен, Мұхтар, Совет өкіметінің жоғары сеніміне ие болып, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталдың.  Ал осы жоғары сенімді,  жауынгер интернационалист деген киелі атақты сен неге лайлап жүрсің?  Сендейлерді ату керек. Совет халқының, совет заңының қатал да әділ жазасынан құтыла алмайсыңдар…
  • Түсінікті. Ауыр артиллериясы… Бопты көрейік… Біз Совет Одағынан бөлінуді, басқа ұлттарға қарсы шығуды қолдамағанбыз, насихаттамағанбыз.  Жай ғана. Одақтың әр шетінде болып жатқан өзгерістер туралы жастарға дұрыс мәлімет беріп отыруды көздедік. Және  ұлттық жаңғыру, өзін-өзі басқару   дұрыстығын негіздеп, партияның жаңа саясатын түсіндірдік.  Ұлттар мәселесінде үлкен шикіліктер орын алғанын КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачевтың өзі мәлімдеген жоқ па? Шымкент – КСРО-ның территориясында орналасқан, сондықтан КСРО-да болып жатқан, партияның Орталық Комитеті қолдаған оң өзгерістерді  білуге,  үйренуге,  өз аумағында жүзеге асыруға құқылы емес пе?
  • Түсіне білгенге, расында да Горбачев саясатының қолдаушылары біз едік қой. Горбачевтың демократияландыру,  либералдандыру қайта құру саясатын жүргізгені мәлім. Бұл саясатты ізгі ниетті совет азаматтарының бәрі,  ішінде біз де қолдадық. Бірақ көп ретте баяғы сталиндік – концлагерлік КСРО мен адам жегіш НКВД-ның  саясатынан басқа дым көрмеген жергілікті парторгандар, Горбачевтың қарқынына ілесе алмай, ескіліктің қорғаны, жаңалықтың дұшпаны болып тұрған кездер еді. Осыны пайдалана кеткенім ғой. Және дұрыс пайдаланыппын. Горбачевтың атын естісе, бюроның қаҺарлы мүшелері әжептәуір жуасып қалады екен.  Еее,  әйтеуір жаны өзінде емес,  талдың төбесіндегі инеде сақталатын «ажалсыз Кащей» емес екендері белгілі болды, онда қорқатын дәнеңе жоқ. Айылымды жимай, сұрақтарына өткір де өжет жауап қайтарып тұрдым.

Бұл да ұзаққа созылмады, бас — аяғы 20 минуттай уақыттан соң ішіндегі ең          сұстысы ең ересегі мұртты орыс кісі орнынан тұрып сөз бастады:

  • Мұхтар, Отан үшін қан төгіп, жаралы болып контузия алып, Қызыл Жұлдыз ордені — ең жоғары солдат наградасымен марапатталып, батырлықпен басталған әділетшіл, халықшыл өміріңді комсомолда, демек қоғамдық өмірде жалғастыруда екенсің. Мен сенің өмірбаяныңмен мұқият және толық таныстым. Қара халықты, әділетті қорғауда ажалдан да қаймықпаған сен сияқты жастар біздің елімізге өте қажет. Сен біле білсең, нағыз комсомол, нағыз комуниссің (Ия, бірақ осы қасиеттерім үшін бір кездері Ауғанстанда «Пакистан шпионы, халық жауы, ұлтшыл» аталып  атылуға бұйырылған едім. Енді міне «нағыз комунист болдым». Мына  өздерінің қайдан шыққанын, кім екенін ұмытқан біржуазиялық ұлтшылдықтың арзан, қауіпті ұрандарымен сені де, халықты да алдап жардан жығуды мақсат еткен «байбатшалардың балдарынан» бас тарт. Есіңді жи. Сен батырсың, жауынгер-интернацоналиссің, сенің ұлтшыл болуың мүмкін емес. Сен жай ғана өзіңнен әккі, арамза ұлтшылдардың арбауына түсіп қалдың. Олар сенің батырға тән аңғалдығыңды, өз халқына деген махабатыңды пайдаланып, өздері тасада отырып, отты сенің қолыңмен көсемекші. Бұл сөзсіз шындық,  Мұхтар. Сен қарапайым жұмысшының отбасынан шыққансың. Дәл казір дұрыс шешім қабылдауыңа әлі кеш емес.

Болды-ау әйтеуір. Жақсы кісі екен. «Интернационалист – жауынгер — националист, яғни ұлтшыл болуы мүмкін емес, бұл совет саясатына тура келмейді екен. Дұрыс шешім қабылда дейді. Дұрыс шешімі: «Мен саяси топаспын, лидер болуға жарамаймын, мыналарға алданып қалдым, жаздым — жаңылдым» деу. Өзімді ақылсызбын деп бір қорласам, сатқындық жасап екі қорлаймын. Өрліктің, Ерліктің, Ар мен Иманның символы болған бабаларым – Оқшы Ата мен Сырлы Күмбезді қорлаймын. Ұлтымның сүйегіне таңба боламын.  Ал ана жігіттер ше? Мен кешірім сұрап «ойыннан» шыға салысымен, оларды түтіп  жейтіні анық. Ал мен шықпасам ше? Оларды құтқара алам ба? Әлде бәріміз бірге құрдымға кетіп, менің ерікті ажалым мәнсіз болып қала ма? Бәрібір. Жеңілеміз бе, аман қаламызба – бәрібір.  Саудаға орын жоқ. Басты көтеріп, көкіректі тосып, ашық шығам – не болса о болсын, мен Мұхтармын – Оқшы Атаның ұрпағымын.  Қазақпын. Сатқындық – маған  тән емес. Соңына дейін айқасам,  шынтуайтына  келгенде, бұл соғыс-ол жігіттердің емес  менің соғысым, менің жолым, менің тағдырым. Қазақ Азаттығы үшін күресемін деп олар емес мен ант бергенмін…

  • Сіздер қателесіздер, мені ешкім алдаған жоқ. Мен шын жүрегіммен Совет Одағына да, өз ұлтыма да қызмет етемін. Мына топты жиған — мен. Тақырыптарды пікірталасқа дайындайтын-мен.  Жинайтын,  басқаратын — мен.  Яғни, сіздер «ұлтшыл-революциалық топ»  деп отырған, біздің жай ғана пікірталас  клубының  лидері — менмін.  Біз ешқандай совет заңын  бұзған жоқпыз,  қайта қолдадық.  Совет жеріндегі  ЖОО-да, өндіріс орындарында, қоғамдық  өмірде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды талқылап, осы өзгерістер біздің республикада бой көрсеткен  жағдайда қандай нәтиже болуы мүмкін екенін, бұл жағдайларды қайтіп реттеп отыруға болатынын  зерделейміз.  Мұның ішінде басқа республикаларда орын алып  жатқан ұлттық жаңғыру, олардың өз өмірін өздері реттеуге ұмтылуы да бар. Ұлттық жаңғыруы — біздің клуб талқылап  жүрген көп тақырыптардың бірі ғана. Зұлым ниеттілер сіздерге осы бір тақырыпты ғана талқылайды деп айтып, адастырған, бізді еш негізсіз ұлтшылдар деген. Ал біз өзімізді партиядағы Собчак, Попов, Ельцин бастаған топтардың идеялық платформасындамыз деп есептейміз және Горбочевтың саясатын Шымкент жерінде тарқатуды, насихаттауды іске асыруды өзіміздің борышымыз деп есептейміз.

Бұл сөздеріме бюро қарсы шыға алмады. Осындай ырду-дырдумен бюро бітті. Райком еш нәтиже шығара алмады. Егер «ұлтшыл топты әшкерледік, басшысы орденді интернационалист» десе, елге масқара болады. Мені топтан шығара алмады, және заман да өзгерген. 37-ші жылдың «ұлтшылдықты» анықтау нормасы 80-ші жылдарға жарамай тұр: Горбачевтың өзі либерал, ана Ельциндер бар,-  жағдай екі дай болып тұрған заман. Бізді ұлтшыл деп, өздері партия басшысы Горбачев ұстанған демократияландыру, қайта құру саясатына қарсы шыққан боп қалуы мүмкін ғой. Біздің әрекетіміз дұрыс екеніне көздері жеткен соң емес, бізге қазған орға өздері түсіп кетуі мүмкін болған соң бюро кері шегінді. Бейтарап шешім қабылдап, ешкімді жазаға тартқан жоқ, Бахытжан, Лесбек әлі күнге дейін «сол кез сен ойыннан шығып кетсең, біздің күніміз қараң болар еді. Саған не уәделер берілгенін есітпеді дейсің бе? Ақымақ па, райкомның бірінші секретары боласың деп уәде беріп тұрса, бізді неғылсын ол, біз үшін сотталып жата ма… Әрине, алғашқы минутта-ақ бізден бас тартады да кетеді, ал біз… Ал сен бас тартпадың. Ақымақсың ба, батырсың ба, оны тарих шешер, бірақ бізді  бір бәлекеттен құтқарып қалғанын анық. Басқаны қойып, ешқайсымыз топ лидері екенімізді мойындамай, кім лидер екенін айтпай, «лидер болған жоқтан»  таймай тұрғанда,  сен келіп «ода тұрған не бар, мен лидермін» деп аспанды жерге құлатқанын — бәрін өзгертті ғой…

  • Бюро көп нәрсені өзгертті. Жастар арасында ғана емес, бүкіл қоғамда ұлт туралы, ұлт құқықтары туралы, ұлт тарихындағы қасақана жауып, бастырып қойған «ақтаңдақтар» туралы әңгімелер көбейді, өткірлене түсті. Алғашқы боп – біздер осы жолдан өтіп, аман қалғанымызды көрген соң, қалғандары, осы жолға түскісі кеп, бірақ батылы жетпей жүргендері — шешілді. Қатарымыз көбейді. Студент жатақханаларының  жанынан өтсең, сол кездегі қазақтықтың, қазақшылдықтың маркасы сияқты, Қазақ рухының, қазақ жастарының гимні сияқты болған әнді —  «Анамның тілі, Қуатым менің,  Анамның тілі – ұғатын мені…» — қыздар, жігіттер қосыла шырқап, бүкіл Шымкентті, бүкіл Қазақ Баласын тербетіп, азаттықты, ата-бабаны, орындалмай жетім боп жүрген асыл арманды – қол бұлғап  шақырып тұратын…

Аталмыш топтағы жігіттердің бәрі бұдан соң да өзін Азаттық үшін күреске арнады деп айта алмаймын — әрқайсысы өздеріне бұйырған жолына түсті. Біреуі – коммерция, біреуі мемқызметкер болса, енді бірі ұстаздық – ғалымдық жолды қуды. Дұрыс – ешкім мәңгі жас бола алмайды және комсомолдан уақыт келгенде қош айтысып абыроймен кету – жазылмаған заң. Бастысы – бұл емес Шымкенттегі алғашқы айқаста қылышынан қаны тамып тұрған компартияның сесінен қаймықпай, жай халық емес, үлкен ұйымдардың комсомол хатшылары өз ұлттарының абройын, намысын қорғай алды. Бір–бірін сатпады. Жастар арасында еркін ой, пікірді ашық айту, демократияға ұмтылу сияқты қозғалыстың күрт күшеюіне сеп болды. Бірақ райкомның бірінші секретары Романов кекшілдік танытып, бюроның шешіміне қанағаттанбай, техтың комсомол комитетінің  жұмысын кешенді тексеруге комиссия жіберді. Бастығы-Тен. Олег ау дейм аты, ұмытпассам. Бірақ бюродан соң, айттым ғой, заман өзгерген: олардың қашан келетінін және нені тексеретінін райкомның бізге тілеулес қызметкерлері алдын-ала ескертіп қойған. Яғни Имперлік күштер — «райком» атты кеменің борты тесіліп, ішіне су өте бастағаны, командасы бұдан кейін бірауыз емес екені, ал біздің кеме — ұлтшылдар кемесі күшейе бастағаны мәлім болды. Межелі уақытқа тәжірибелі қызметкер – Қуаныш Арғынбаевтың басшылығымен бүкіл құжатты түгелдеп үлгердік – тексеру Техтың комсомол ұйымының жағдайының «тамаша» екендігін анықтап кетті. Ал біздер, Техтың комсомол комитеті, жұмысымыздағы басымдықты бір жола  Тәуелсіздік үшін күреске бұрдық. Қазақ жастарының ұлт азаттығы үшін күресетін саяси ұйымы – Қазақ Тәуелсіз Жастар Одағын құру (ҚТЖО), оның Жарғысын қабылдау, мүшесін көбейту, митингілер, жиындар, басқа да саяси шаралар өткізіп, Қазақ ССР-нің КСРО-дан бөлініп, азат мемлекет болуын насихаттау, талап ету. Басты ұрандарымызды таңдадық. «Жасасын Тәуелсіз Қазақ Республикасы!». «Біз – Желтоқсанның жалғасымыз». «Қазақстан компартиясы мен комсомолы – Совет империясының төбеттері».  Ауыр. Нағыз радикализм. Мұндай ұрандарды Қазақстанда ресми, жария ұстанбақ түгілі, әлі ешкім дауыстап оқуға бата алмайтын кез еді ғой. Амал не, ұрыста тұрыс жоқ емес пе. Жұмыс тәсілдері – жатақханаларда әр эташ, әр бөлемеде түрлі себепті пайдаланып, тәуелсіздік идеясын, ол үшін күреске қатысу идеясын насихаттау, ҚТЖО-ның мүшелігіне өту арқылы, өзінің ұлттың адал перзенті екенін көрсету. Листовкалар дайындап, қалаға тарқату. Митингілерге шақыру… Листовкаларды милиция машиналарының есіктеріне дейін жапсырып кетуші едік. Партия обкомы,  райкомының ғимараттарының есіктері мен терезелері міндетті түрде. Алдында ҚТЖО-да тек қана техтың студенттері болды. Кейінірек пединституттың студенттері қосыла бастағанда, не дегенмен гуманитарийлер ғой – жағдайымыз күрт жеңілдеді. Әр митингі, жиында қаза тапқан желтоқсаншыларға құран бағыштау әдетке айналды. Үгіт жұмысы жеңілдеді.  Ақылдасуға, кеңес сұрауға, тәжірибе алмасуға жан-жақтан адамдар келіп жатты: Жамбыл облысы, Сарыағаш, Өзбекстан, Алматы, Қызыл Орда, Орал, Талдықорған… Бәріне уақыт табатынбыз. Мұхтар Шахановпен, Фариза Оңғарсыновамен,  Олжас Сүлейменовпен хабарласып тұрдық. Фариза еркектердің батылы жетпеген ерлікті көрсетіп, ҚТЖО жарғысына ұйымның құрылуымен құттықтап, еркектердің батылы жетпеген ерлікті көрсетіп, тілек жазып жіберіп еді – ау… Осындай қарбалас, қуаныш —  қайғысы аралас, үміт пен күдік  қол ұстаса қатар жүрген түндерде облыс басшысы, партия обкомының бірінші секретары шақырды… Арты – өте лас, зұлымдыққа толы оқиғаға ұласты. Яғни, имперлік күштер мені өлтіріп, жоқ қылу арқылы Оңтүстіктегі Азаттық үшін күрес Ошағын біржола сөндірмек болды. Келесі әңгіме осы туралы болмақ…

 

 

Мұхтар Мұхамбежан Шымкент түрмесінен

Шілде 2021жыл.

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?