«Жарқын» болашағы бар жұмыс деп есірткі жарнамалаған. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
Алматының 22 жастағы тұрғыны басқа елге көшу мүмкіндігі бар, жақсы жалақы алатын жұмысқа орналасу туралы ұсынысты қабылдаған.
Ер адам «жұмыс берушінің» талаптарын сөзсіз орындай бастады. Онымен тек интернет арқылы хабарласып отырған.
«Жалдамалы жұмысшының «функционалдық міндеттеріне» есірткіні жарнамалау және насихаттау кірді: ол қаланың айналасында қылмыстық ресурстардың кодтары бар плакаттарды іліп, ғимараттардың қасбеттеріне жазулар жазды. «Суретші» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктінің барлық «жұмыс жабдықтары» тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Іс материалдары сотқа жолданатын болады», — деді, Медеу аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ілияс Өмірсеріков.
Сондай-ақ спикер, есірткі қылмысына жастардың жиі тартылатынына алаңдаушылық білдірді.
«Есірткі және онымен байланысты барлық нәрсе біздің жастар үшін табу болуы керек. Бұл тұңғиыққа апаратын тура жол. Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы ұстанымдарды көрсетіп, «Есірткіге жол жоқ!» деп айтуымыз керек. Бұл жерде әрқайсымыздың рөліміз маңызды!», – деді, Ілияс Өмірсеріков.
Алматы қаласы