Астана қалалық сотында кеңейтілген кеңес өтті. Бұл туралы «Астарлы ақиқат ақпарат агенттігі» жариялайды
Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Соттың қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізілді
2025 жылғы 2 қазанда Астана қалалық сотында Жоғарғы Соттың, Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың, сондай-ақ әкімшілік юрисдикциядағы апелляциялық және бірінші сатыдағы сот алқаларының судьяларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.
Кеңесте сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету, заңдылық, әділдік және үйлесімділік қағидаттарын қолдану, сондай-ақ 2025 жылғы наурыз айында енгізілген экстерриториялық соттылық тетігін іске асыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Талқылау барысында әкімшілік істердің түсу және қаралу динамикасы, соттар шығарған жеке ұйғарымдардың орындалуы және жария-құқықтық қатынастардағы сот бақылауының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың тоғыз айында әкімшілік талап арыздардың саны 7%-ға артқан, талап қоюшылардың пайдасына қабылданған шешімдер үлесі 58% деңгейінде сақталған, ал талап арыздардың кері қайтарылуы 12,2%-ға өскен. Бұл сот алдындағы дауларды алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді.
Экстерриториялық соттылық тетігі белсенді қолданылып келеді – оның шеңберінде шамамен 500 іс қарауға жолданған.
Кеңес барысында қатысушылар мемлекеттік органдардың әрекеттерінің заңдылығын бағалау тәсілдерін, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған құқықтық ұстанымдарды талқылады.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың төрағасы Б.Т. Нажімединов баяндамасында кассациялық саты жұмысының негізгі бағыттарын айқындап, заңдылық пен құқықтық айқындықты қамтамасыз етудің пәрменді тетігі ретінде « жалпы кассацияның» маңызын атап өтті.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот әкімшілік заңнаманы бірізді қолдануды, құқық қолдану тәжірибесіндегі қайшылықтарды жоюды және құқықтық айқындықты нығайтуды қамтамасыз ету жөніндегі өз функциясын дәйекті түрде жүзеге асыруда.
![]()
