«Манас» халықаралық әуежайы уақытша жабылды. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
«TezJet» ұшағының авариялық қонуына байланысты рейстер кейінге шегерілді. 7 шілде күні кешке «TezJet» әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Манас халықаралық әуежайы әуежайында авариялық қону жасады. Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесінің артқы шассиінде техникалық ақау анықталған.
Ұшақ бортында 181 жолаушы, оның ішінде 18 бала болған. Оқиға барысында экипаж жедел әрі кәсіби әрекет етіп, жолаушыларды авариялық траптар арқылы қауіпсіз эвакуациялады. Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері аман-есен сыртқа шығарылды. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиғадан кейін «Манас» халықаралық әуежайы қауіпсіздік мақсатында уақытша жабылып, әуе кемелерін қабылдау және жөнелту жұмыстары тоқтатылды. Әуежайдың жұмысына қойылған шектеулер 8 шілде күні таңғы сағат 06:00-ге дейін ұзартылды. Осыған байланысты ұшу және қону кестесіне өзгерістер енгізіліп, бірқатар рейстер кейінге шегерілді, ал кейбірі балама әуежайларға бағытталды.
Әуежай әкімшілігі кешіктірілген рейстердің жолаушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз еткенін хабарлады.
Өз кезегінде «TezJet» әуе компаниясы жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, жолаушылар үшін балама рейстер ұйымдастырылып, олардың сапарын жалғастыруына байланысты мәселелерді шешу бойынша көмек көрсетілуде.
Қазіргі уақытта аталған әуе кемесінің пайдаланылуы уақытша тоқтатылды. Уәкілетті органдар авиациялық оқиғаның нақты себептері мен мән-жайларын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
![]()
