Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев IV Шуша жаһандық медиа форумының ашылуына қатысты. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев 13- шілде күні өткен форумға қатысып, халықаралық БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Форумға 53 елден 160 қонақ қатысты. Олардың қатарында 30 ақпарат агенттігінің өкілдері, 60-тан астам медиа ұйым және осы салада жұмыс істейтін 10 халықаралық ұйым мен мекеме бар.
Соңғы төрт жыл ішінде бұл форум 81 елден 600-ге жуық медиа өкілінің басын қосқан.Форум барысында сөз кезегі «Qazcontent» компаниясының Бақылау кеңесінің төрағасы Әділ Сайфуллинге берілді
Әділ Сайфуллин:
– Ассалаумағалейкум, құрметті Президент мырза, қадірлі Ильхам Хейдарұлы!Ең алдымен, қонақжайлығыңызға және форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына алғысымды білдіргім келеді.
Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты ынтымақтастық ең жоғары деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, біздің елдеріміз «орта державалар» ретінде жаңа логистикалық және экономикалық бағыттарды өз күштерімен дамытуға қабілетті екенін көрсетіп отыр. Бұған Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды бағытқа айналған Каспий теңізі арқылы өтетін Орта дәліз (Middle Corridor) айқын мысал бола алады.
Осыған байланысты сұрағым: Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке өзара ықпалдастығыңызды қалай бағалайсыз?
Президент Ильхам Әлиев:
– Ең алдымен, Қарабақты қалпына келтіруге көрсеткен қолдауы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығымды білдіремін.Физули қаласында қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімі берілген Балалар шығармашылық орталығы ашылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы екеуміз бұл орталықтың ашылуына бірге қатыстық. Азат етілген аумақтарды қалпына келтіруге бауырлас қазақ халқының көрсеткен көмегі үшін зор алғыс айтамын.
Әрине, Президент Тоқаевпен арадағы жеке қарым-қатынасымыз екіжақты ынтымақтастықта да, өңірлік өзара іс-қимылда да маңызды рөл атқарады.
Біздің ортақ күн тәртібіміз өте ауқымды. Каспий теңізінің екі жағалауында орналасқан мемлекеттер ретінде біз тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз. Шын мәнінде, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы белсенді әріптестік болмаса, өңірдегі және Каспий аймағындағы кез келген көлік жобасын жүзеге асыру мүмкін емес.
Инфрақұрылымды дамыту мен кеңейту бағытындағы жұмыстардың қатар жүргізіліп жатқаны бізді қуантады. Мен Әзербайжан туралы айтып өттім. Сонымен қатар, Қазақстанның да теңіз порттарының инфрақұрылымын кеңейту үшін ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын білемін.
Бүгінде Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасындағы төртжақты ынтымақтастық форматы қалыптасты. Оның аясында тарифтік саясат, цифрландыру, кедендік рәсімдерді жеңілдету және басқа да көптеген маңызды мәселелер талқыланып, нақты шешімдер қабылдануда.
2024 жылы Қазақстан және Өзбекстан президенттерімен бірге Каспий теңізінің табанымен энергетикалық кабель тарту жөніндегі келісімге Бакуде қол қойдық. Қазіргі уақытта осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Әзербайжанды, сондай-ақ кең географиялық кеңістікті байланыстыратын талшықты-оптикалық байланыс кабелін тарту жөнінде де екіжақты ынтымақтастық жүргізілуде. Бұл жоба цифрландыру, жасанды интеллект, деректер базасы және басқа да заманауи технологиялардың дамуына маңызды серпін береді.
Қазақстаннан белгілі бір көлемдегі мұнайды Әзербайжан аумағы арқылы тасымалдау басталды. Осылайша, екі мемлекет өңірде өте тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатуда.
Әрине, Президент Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына біз қуаныштымыз.
Жақында мен тарихи Түркістан қаласына сапар жасадым. Ондағы тарихи мұраның аса ұқыптылықпен сақталуы және ұлы бабалардың рухына көрсетіліп жатқан құрмет маған ерекше әсер қалдырды.
Сондықтан Қазақстанмен қарым-қатынасымыздың осындай қарқынмен дамып келе жатқанына өте қуаныштымын. Бауырлас қазақ халқына жаңа жетістіктер мен толайым табыс тілеймін.
Қазақстаннан келген барша қонақтарға қош келдіңіздер деймін!
![]()
