Таңғы саябақта жалғыз жүрген бүлдіршін анасына аман-сау табысталды. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
16 тамыз таңғы сағат 07:25-те Атырау қаласындағы саябақта серуендеп жүрген тұрғын кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқайды. Жанында ата-анасы да, жақындары да жоқ. Жағдайдың қауіпті екенін түсінген азамат бірден «102» арнасына хабар береді.
Шақырту түскен бойда патрульдік полиция қызметкері полиция капитаны Сұлтан Сапарғалиев оқиға орнына жедел бағыт алды. Небәрі 10 минут ішінде жеткен полицей 3 жастағы бүлдіршінді өз қамқорлығына алып, қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Бейтаныс ортада жалғыз қалған балаға ең алдымен қамқорлық пен жылы қарым-қатынас қажет еді. Сондықтан полиция қызметкері бүлдіршіннің көңілін аулап, онымен тіл табысып, өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасады. Осы уақытта тәртіп сақшылары оның ата-анасын анықтауға кірісті.
Көп ұзамай баланың анасы табылып, бүлдіршін аман-есен табысталды.
Атырау облысы
![]()
