Соңғы 13 күнде 5 бірдей ауылы топан су құрсауында қалған Мақтаарал ауданында болдым. Ол жаққа өзімнен өзім алып ұшып барғам жоқ, жұмыс барысымен тапсырмаға сай жолға шыққам. Оның үстіне бұрынғы іріленген Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 2 жылға жуық азды-көпті еңбек еткенім бар. Мен үшін бұл өлке өте ыстық. Халқы еңбекқор, аса қонақжай. Көңілі дархан даладай, аңқаулығы баладай достарым да аз емес…
Алғашқы күннен-ақ, қауырт жұмыс басталып кетті. 2 мамыр күні таңалакеуімнен облыстық штаб құрылып, Өмірзақ Шөкеев бастаған жұмысшы тобы іске кірісіп-ақ кетті. Лезде топан сумен күрес жұмыстары қызып шыға келді.
Абдырып қайда барарымызды білмей аудандық әкімдіктегі штаб алдында жүрдік. Осы сәтте Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов штаб отырысынан шыға сала бізге негізгі жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап беріп, төтенше жағдайдан үрейленген елді ақпаратпен қамтамасыз етуге жұмылдыра кетті. Төтенше жағдай оңай ма? Алдағы бір сағатта не боларын болжай алмайсың. Әлеуметтік желіде түрлі-түрлі дәлел-дәйексіз ақпараттар ағыны ағытылып кеткен. Оны басу тіпті мүмкін емес. Не істемек керек? Әрине, елді нақты әрі дәлелді ақпараттармен қамтамасыз ету қажет. Осы мақсатта брифингтер өткізу ісіне кірістік.
Алғашқы күннің өзінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Түркістан облысық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың қатысуымен 4 рет онлайн режимде баспасөз мәслихатын ұйымдастырдық. Ел жаймен болсын Мақтааралдағы мән-жайға қаныға бастады. Сонымен күніге осы дәстүр үзілген жоқ. Су басқан ауылдарды аралау, түсірілім ұйымдастыру, тікелей эфирге шығу, сұқбат алу, монтаж жасау, есепсіз тарап жатқан жалған ақпараттарды анықтау, дәлел-дәйекті жауап қайтару әлі күнге толастаған жоқ…
Енді міне Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандарындағы ахуалды оқып, біліп отырмын. Алла халыққа сабыр берсін! Жаңа ғана облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Төлеби ауданына барғаны туралы бейнероликті көрдім. Нақты тапсырма берілді. Тасқын судан зардап шеккен барлық тұрғынға көмек көрсетілетін болады. Ешкім елеусіз қалмайды. Азық-түлік, киім-кешек жеткілікті. Ең бастысы – мал-жан аман соған тәуба. Жаңбыр сейілді. Айтпақшы кеше Мақтааралдан шыға сала жауын басталған. Сол нөсер Түркістанға кіргенімше бір мезетке болсын толастаған жоқ…
Ертең тағы жолға шыққалы отырмыз…

Айдар Сейдазым, Түркістан облысы

Loading

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *