Қазақстанда терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың маусым-шілде айларында ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 19 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Сотталғандардың бірі – Алматы қаласының тумасы. Ол 2017 жылдан бастап халықаралық террористік ұйымдардың іс-әрекетіне қатысқаны үшін іздеуде жүрген. Кейін Түркия аумағынан табылып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланған және қылмыстық іс аясында қамауға алынған. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы бір жағдайда Шымкент қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларына шақырған. Ол 9 жылға сотталды.
Сонымен қатар, осы кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 28 адам ұсталды.
ҰҚК мәліметінше, олар терроризмді насихаттады, діни араздықты қоздырды, интернетте және өз ортасында тыйым салынған материалдарды таратты, сондай-ақ экстремистік ұйымға қатысты деген күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Сардар Әбдіжақия
![]()
