Бала үшін полиция қызметкері қорқыныштың емес, қауіпсіздіктің белгісі болуы керек. Өйткені тәртіп сақшысы заңды ғана қорғамайды. Ол қиын сәтте көмекке келетін, әлсізге қорған болатын азамат.
Жетісу облысының киберполиция қызметкерлері балалардың қуанышын бөлісу үшін балабақшаға арнайы барып, бүлдіршіндерге сыйлықтар табыс етті. Кішкентай жүректерге қуаныш сыйлаған бұл кездесудің өзі үлкен тәрбие.
Жақсылық мұнымен тоқтаған жоқ. Талдықорған қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімінің қызметкерлері Балалар үйіне барып, тәрбиеленушілердің жағдайын білді. Балаларға тәттілер ұсынып қана қоймай, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге қажетті жиһаздар да табыстады.
Бәлкім, үлкендер үшін бұл қарапайым ғана шара болып көрінер. Ал бала үшін жылы сөз, кішкентай сыйлық, жанында өзіне көңіл бөлетін адамның болуы ұмытылмас сәтке айналуы мүмкін.
Бүгін сол балалардың біреуі полиция қызметкеріне қарап, «мен де ертең ел қорғайтын азамат боламын» деп ойлауы мүмкін.
Міне, полицияның халыққа жақындығы осындай қарапайым істерден басталады.
Баланың күлкісін қорғау да елге қызмет етудің бір түрі.
Баланың жүрегіне жақсылық сыйлаған тәртіп сақшыларына құрмет!
Сардар Әбдіжақия
![]()
