Жоғарғы соттың қылмыс істер жөніндегі сот алқасы, Ә.Т. Жүкеновтің төрағалық етуімен кассациялық тәртіпте төменгі соттардың сот актілерінің күшін жойып, құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты үш қылмыстық істі жүргізуді тоқтатты- деп хабарлады «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі Жоғарғы сот баспасөзі Айдос Садуақасовтың фейсбук парақшасына сілтеме жасап.

М. Құдасбаев пен Б. Ералиевтің ісі бойынша
2018 жылы Құдасбаев пен Ералиев шартты түрде әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Олар топ құрамында алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 
Жоғарғы Соттың алқасы сотталғандарды олардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты мына негіздер бойынша ақтады. 
Төмен тұрған соттың Құдасбаев пен Ералиевтің қылмыс жасағаны үшін кінәлілігі туралы қорытындылары негізсіз, өйткені істің нәтижесіне мүдделі адамдардың жауаптарына, атап айтқанда, жәбірленушінің және оның досының іс жүзіндегі мән-жайларға қайшы келетін және шынайылығына күмән тудыратын айғақтарына негізделген. 
Сонымен қатар, төмен тұрған сот қорғау тарапының Ералиев пен Құдасбаевтың ақшаны пайыздармен қайтару шартымен бизнесті дамыту үшін қарызға алғаны туралы дәлелдерін ешқандай дәлелсіз қабылдамаған. Ал қорғаудың осы дәлелдері қылмыстық іс материалдары арқылы расталды. 
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кінәсіздік презумпциясы қағидатын басшылыққа ала отырып және барлық қолда бар күмәндарды сотталғандардың пайдасына түсіндіре отырып, қорғаушы тараптың сотталғандар мен жәбірленушінің арасында азаматтық-құқықтық қатынастар орын алғаны туралы ұстанымымен келісті. 
Мазмұндалғанның негізінде, Жоғарғы Соттың алқасы М.Құдасбаев пен Б.Ералиевке қатысты үкімнің күшін жойды, олардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс жүргізу қысқартылды.
Құдасбаев пен Ералиевтің қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеуге құқығы мойындалды.

С. Есмағидың ісі бойынша
2018 жылы С.Есмағи жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану арқылы, ұрлық мақсатынсыз автокөлікті заңсыз иемденуге оқталып, бірақ өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша өз ойын аяғына дейін жеткізе алмаған құқы бұзушылығы үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 
Жоғарғы сот алқасы келесі негіздер бойынша С. Есмағиге қатысты сот актілерінің күшін жойды. 
Осы қылмыстық іс материалдары бойынша сотталушы С. Есмағи және кәмелетке толмаған А. мен Н. жәбірленушінің автокөлігін айдап әкету және онымен қыдыру мақсатында оның гаражына кіргені анықталды. Гаражға жәбірленушінің кіріп келуіне байланысты олар өз ниеттерін жүзеге асыра алмады. Ол кезде С. Есмағи кәмелетке толмаған А. мен Н.-ға қылмыс орнынан қашып кетуге мүмкіндік туғызу мақсатында, сондай-ақ өзі ұсталмауы үшін жәбірленушіге пышақты қолданып қарсылық көрсете бастаған, нәтижесінде оның денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірген.
Қылмыстық қудалау органдары мен төмен тұрған соттар көрсетілген мән-жайларға баға беру кезінде істің кінәсіздік презумпциясының конституциялық қағидатын бұза отырып, айыптау сипатындағы көзқарасқа жол берген.
Атап айтқанда, сотталған С.Есмағи олардың шын мәнінде машинаны жасырын айдап әкетуге және қыдыруға ниеттері болғанын, алайда оның күш қолданып автокөлікті айдап әкету үшін өз ойын жалғастыруды мақсат етпегенін көрсетіп отыр. Ол ұсталып қалмау мақсатында пышақты қолданған.
Айыптау тарапы сотталғанның бұл дәлелдерін жоққа шығармайды. Жәбірленуші сотталғанның айғақтарымен келісе отырып, онымен татуласқан. 
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кінәсіздік презумпциясы қағидатын басшылыққа ала отырып, іс бойынша барлық күмәндарды сотталушының пайдасына түсіндіре отырып, сотталушы С. Есмағидың пышақты қолдануы және жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруі оның автомашинаны айдап әкетуге ой-ниетін аяғына дейін жеткізу мақсатында емес, жасалған әрекеті үшін ұсталып қалмас үшін жүзеге асырғанын мойындады.
Мұндай жағдайларда С. Есмағидың іс-әрекеттері күш қолданбай, автомобильді айдап кетуге оқталу және ұсталудан құтылу мақсатында жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіру белгілерін ғана қамтиды.
Денсаулыққа жеңіл зиян келтірумен байланысты әрекет қылмыстық құқық бұзушылыққа жатпайды. Автомобильді айдап әкетуге оқталу ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігінде, 200-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс құрамын құрайды. Бұл әрекет ауыр емес қылмысқа жатады.
ҚК-нің 24-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылық тек ауырлығы орташа қылмысқа, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін туындайды. 
Осыған байланысты, бұл іс бойынша С.Есмағидың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізу қысқартылды. Ол дереу қамаудан босатылды. Ол үшін ақталу және қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянның орнын толтыру құқығы танылды.

Қ. Әлішевтің ісі бойынша
Қайрат Әлішев 2018 жылы есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алғаны, сақтағаны және ірі көлемде өткізгені, сондай-ақ есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сатып алғаны және сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған. 
Жоғарғы Сот алқасы келесі негіздер бойынша Қ.Әлішевке қатысты сот актілерінің күшін өзгертті. 
Үкім Қ.Әлішевті есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алғаны, сақтағаны және оларды өткізгені үшін кінәлі деп тану бөлігінде кінәсіздік презумпциясы қағидаты бұзыла отырып, жол берілмеуге тиіс және дәйексіз дәлелдерге негізделген. 
Мәселен, есірткі құралдарын бақыланып сатып алу түріндегі жедел іздестіру іс-шаралары, сондай-ақ оларды жүргізу кезінде алынған нақты деректерді процестік бекіту қылмыстық іс жүргізу заңын өрескел бұза отырып, жүзеге асырылған.
Осыған байланысты, Жоғарғы Соттың алқасы жедел іздестіру іс-шаралары барысында табылған барлық іс жүзіндегі деректерді ҚПК-нің 112-бабы негізінде дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп таныды.
Мазмұндалғанның негізінде, Жоғарғы сот алқасы Қ.Әлішевті ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігі бойынша соттауы бөлігінде сот актілерінің күшін жойып, оның әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты бұл бөлігінде қылмыстық іс жүргізуді тоқтатты.
Бұл ретте, алқа Қ.Әлішевке ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігі бойынша тағайындалған жаза өтелді деп санауға қаулы етті. Қ.Әлішев бас бостандығынан айыру орындарынан дереу босатылды. Ол үшін қылмыстық процесті жүргізуші органдардың заңсыз іс-әрекеттерімен келтірілген зиянды ақтауға және өтетуге құқығы танылды.

Нұр- Сұлтан қаласы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?