Еуропадағы түркі әлемі: мажар халқы.

Мажар халқы – батыс пен шығысты жалғап жатқан ұлы дала көшпенділерінің өкілі. Олар түркі мәдениетін сақтаған, бізге тілдік, танымдық тұрғыдан ұқсастығы бар Еуропа құрлығындағы жалғыз ел. Соңғы жылдары Мажарстан ғалымдары тарихына көз жүгіртіп, ортаазиялық түркі халықтарымен ортақ тілдік, тарихи, мәдени байланыстарын зерттей бастады.

«Тұранда ер түрігім туып өскен…»

Түркі-мажар және Дешті-қыпшақ халқы арасындағы тарихи байланысты зерттеп жүрген мажар ғалымдары да аз емес. Антрополог Андраш Биро мұны ғылыми дəрежеге көтерді. 2006 жылы ғалымның жетекшілігімен Қостанай облысына жасалған антропологиялық экспедиция нəтижесінде, мажар мен қазақтың туыстығы толығымен дəлелденді. «Қазақстан біз үшін екінші Атамекеніміз. Өйткені, бабаларымыз өз дәуіріне осы ұлы даладан қоныс аударды», — дейді антрополог Андраш Биро. Оның ойынша, көшпенділер мәдениеті адамзат өркениеті үшін теңдессіз жетістіктердің бірі бола білді. Бүгінде Андраш Биро жетекшілік ететін «Мажар-Тұран» халықаралық қоры түркі халықтарының достығын нығайтуға арналған бірнеше шара ұйымдастырып келеді. Солардың ішінде тұрақты түрде өткізіліп жүрген Түркі халықтарының үлкен Құрылтайы мен Ősök napja (Бабалар күнін) атап өтуге болады. Мұндай шаралар аясында ежелгi көшпендiлердің дала мәдениетi, қолөнері мен өркениеті, ұлттық спорт түрлері, тұрмыс-салты көрсетіледі. Шараға түркі тілдес халықтардың барлығы шақырылады, қатысушылар әдетте ұлттық киімдерін киіп, қонақтарға өз ұлтының киім үлгісін таныту мүмкіндігіне ие.  Сонымен қатар осы салада еңбектеніп жүрген ғалымдардың зерттеулері ортаға салынып, өзара тәжірибе алмасылады. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын халықаралық шараның құрметті қонақтарының ішінде отандық ғалымдар, қолөнершілер, әнші, жыршылар, ұлттық спортшылар мен дипломатиялық сала өкілдерінен құралған қазақстандық делегация да бар. Биылғы жаздың басты шараларының қатарында «Мажар-Тұран» халықаралық қорының ұйымдастыруымен өткен ұлттық спорт түрлері бойынша сайысты атауға болады. Қатысушылар садақ тарту, ат жарыс, жекпе-жек сынды көшпенділер ойындарының он түрінен өнер көрсетті. Сондай-ақ келушілер сұңқар ұшыру дәстүрін тамашалап, көшпенділер тұрмысы тақырыбындағы фотокөрмемен, киіз үй жабдықтары мен қару-жарақ түрлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Шараның салтанатты ашылуына ҚР Мажарстандағы Елшілігі өкілдері қатысты. «Мажар-Тұран» халықаралық қорының негізгі мақсаты – ерте түркі-ғұн мәдениетін жаңғыртуға ғылыми ортаны тарту, сол саладағы ғылыми зерттеулер арқылы көпшілікке тарихи тамырластықты таныту. Жалпы түркі халықтардың үлкен Кұрылтайы – көшпенділер өркениетін танытатын Еуропадағы ең ірі шара. Тұңғыш қазақ-мажар Құрылтайы «Ғасырдан кейінгі кездесу» деген тақырыппен Қазақстанда өтсе (Қостанай обл., Қазақстан, 2007 ж.); екіншісі 2008 жылы Мажарстанның Бөстөрпуста аумағында ұйымдастырылды. Үшіншісі «Тұран халықтарының Құрылтайы» деген атаумен 2010 жылы Мажарстанның Бугац мекенінде өтті. Содан бері түркі халықтардың үлкен Кұрылтайы дәстүрлі шара ретінде, екі жылда бір ұйымдастырылып келеді.

«Венгр» деген атау жоқ.

Ең қызығы, мажарлар өздерін «венгр» деп ешқашан атамаған, мажарша ұлттың атауы – magyar (мадьяр). «Венгр»  – славян халықтарының қойған аты, ағылшын тілінде Hungary («ғұн» сөзінен шыққан деген көзқарас бар). Ал түркілер оларды көнеден «мажар» дейді. Ендеше, қазақ тілінде де елді «Мажарстан» деп атауымызды сұрайды мажар ғалымдары. Мажарстан Еуропаның орталығында орналасқан, Аустрия, Словакия, Украина, Румыния, Хорватия мемлекеттерімен шектеседі. Астанасы – Будапешт қаласы. Халқының саны он миллионның үстінде. Мемлекеттік тілі – мажар (мадияр) тілі

 

 

Еуропадағы «көшпенділер аралы».

Бойында көшпенділер рухы бар мажар халқы көнеден ат баптап, құс салған, көкпар тартып, садақ атқан. Сол дәстүр бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.. Мажарлармен бізді байланыстыратын тағы бір нәрсе – көне түркілердің руна жазуы. Мажарлар – ұрпаққа мұра боп қалған осы руна жазуын бүгінге дейін қолданып, сақтап келген әлемдегі жалғыз ел. Мажарстан астанасы Будапешт маңындағы Бугац елді-мекенінде өтетін Түркі халықтарының үлкен Құрылтайында осының , түркібәрін көзбен көріп, тілдес халықтардың көшпенді мәдениетін, салт-дәстүрі мен  ұлттық спорт түрлерін, ән-би өнерін тамашалауға болады Айта кетерлігі, аталмыш шарада әдемдегі ең үлкен Киіз үй тігіледі. Киіз үйге ұлы дала қолбасшысы Атилла (Еділ қаған) есімі берілген. Биіктігі 7 метр, диаметрі 20 метр болатын киіз үйдің негізгі ерекшелігі оның жиналмалығында және көне ғұн дәстүрі бойынша жабдықталғанында. Үйді безендіруші ғалымдардың айтуынша, киіз үйдің ішінен археологиялық, антропологиялық зерттеулер барысында табылған көне мұрағаттар көрмесі ұйымдастырылады. Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі, шара қатысушылары мен келген қонақтар, мүмкіндігінше, ұлттық киімін киіп, орта ғасырдағы (9-10 ғғ.) халқының қару-жарақ, құрал-сайман, әшекейлерін көрсетуге тырысады. Жалпы мұндай шаралар түркі тектес халықтардың арасындағы ауызбіршілікті нығайтуға әсерін тигізері анық.  Әлемде жүріп жатқан саяси, экономикалық, экологиялық және мәдени процестер аясында, көшпенді халықтың құндылығы, мұрасы мен дәстүріне жүгініп, тегімізді танып, білудің маңызы зор.

Дипломатиялық қатынас.

Негізі Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынас егемендік алған тұсымызда басталды. Бұл – Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының жаңа деңгейге шығуы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайта түсті. Ел астанасы Будапештте мәдени-гуманитарлық бағыттағы шаралар жиі ұйымдастырылады. Будапештте Астана көшесі, Абай ескерткіші бар, Абай оқулары жиі өтеді, Мажарстандағы ҚР Елшілігі жанында «Абай орталығы» жұмыс істеп тұр.  Екі ел арасындағы мәдени, ғылыми байланыстар арқасында жыл сайын 250 жас қазақстандық білімін Мажарстанда жетілдіру мүмкіндігіне ие.

Жанар Мақсұтқызы

«Мажар-Тұран» ХҚ баспасөз қызметінің маманы.

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?