Бүгінде әлемде дәстүрлі спортқа деген қызығушылық артып келеді. Өйткені этноспорт – әр ұлттың өзіндік ерекшелігін, дәстүрі мен мәдениетін көрсететін құрал. Тарихын қайта түгендеп, ұлттық құндылықтарын жаңғырту жолында, Мажарстан үшін ұлттық спортты насихаттап, жастардың бойына сіңіру – өзекті мәселе болып отыр. Осы мақсатта Мажарстанда Көкпар және дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы құрылды. Қауымдастық Мажарстандағы дәстүрлі спорт түрлерін бір жүйеге келтіріп, бұқаралық сипат беру мүддесінде қызмет етпек. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерімен айналысатын бірлестіктер мен федерациялардың жұмысын кәсіби деңгейге көтеріп, олардың арасында әріптестік байланыс орнатуды да қолға алу шаралары қабылданады.

Мажарстандағы Көкпар және дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығының Президенті Андраш Жолт Бироның айтуынша, аталған қауымдастық ұлттық спорт бойынша сайыстар, халықаралық турнирлер мен Әлем чемпионаттарына ұйытқы болмақ және түркі халықтары спортына әлем елдерінің қызығушылығын арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар, ол ұлттық спорт түрлері арасында көкпардың маңызын ерекше атап өтті. «Бұл – Орталық Азияның барлық дерлік елдерінде ерекше орны бар және ХХ ғасырдың ортасына дейін Мажарстанда да ойналып келген көшпенділер ойыны» – дейді ол.

Қауымдастық құрамына 12 спорт түрі бойынша бірлестіктер еніп отыр. Оның ішінде бүркітшілер, көкпар, ат үстінен садақ ату, найзаласу, күрес, әскерлердің броньды (қарулы) жекпе жегі бойынша спорт бірлестіктер бар.

Атап өтейік, Қауымдастық ағымдағы жылы Мажарстандағы «Садақшылар жолы» мектебімен бірлесіп, көшпенді халықтардың ұлттық спорт түрлерінен халықаралық чемпионат ұйымдастырды. Спортшылар ат жарыс, жекпе-жек, қашықтықтан садақ ату, семсерлесу сынды көшпенділер ойындарының он түрінен өнер көрсетті. Сондай-ақ келушілер мажарлардың сұңқар ұшыру дәстүрін тамашалап, көшпенділер тұрмысы тақырыбындағы фотокөрмені, киіз үй жабдықтары мен қару-жарақ түрлерін қызыға тамашалады.

Мажарстанның Көкпар және ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Түркияның бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясымен әріптестік қатынас орнатып, қыркүйек айында Еуропалық Одақтың жастар көшбасшылары мен жастар арасында дәстүрлі спорт ойындары мен адамзаттың мәдени мұрасының дәстүрлерін насихаттау жобасына қатысты. Аталған жобаның мақсаты – дәстүрлі спорт түрлері мен ұлттық ойындарды жаңғыртуға ықпал ету.   Ағымдағы жылдың қарашасында Қауымдастық Президенті Андраш Жолт Биро Өзбекстандағы серіктес ұйымның шақыруымен Өзбекстанның бірнеше қалаларына ресми сапармен барды. Сапар барысында ғылыми, мәдени және дәстүрлі спортқа қатысты тақырыптарда бірнеше маңызды келісімдерге қол қойылды. Өзбекстан армиясының Ұлттық гвардиясында өткен кездесуде генерал Зафар Абдуллаев мажарстандық құрметті қонаққа мемориалдық тақтаны табыстады.

Генерал Зафар Абдуллаев пен Андраш Жолт Биро
Генерал Зафар Абдуллаев пен Андраш Жолт Биро

Ел астанасы Ташкентте Спорт және туризм министрінің орынбасары Авазжон Кәрімов Қауымдастық президенті Андраш Жолт Бироны қабылдады. Кездесу барысында дәстүрлі спорт түрлері арасындағы қарым-қатынасты дамыту, ат спорты мен ат туризмі саласындағы ынтымақтастық, келесі жылы жүзеге асырылатын бірлескен бағдарламалар талқыланып, 2022 жылы Мажарстанда өтетін түркі халықтарының Құрылтайына шақырту ұсынылды. Сонымен қатар Өзбекстан ұлттық ат спорты федерациясы (O’zbekiston Uloq kupkar-Federasiyon) мен Мажарстанның Көкпар және дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Өзбекстан Ғылым академиясы Орталық археологиялық институтының директоры Фархад Максудовпен кездесу барысында, Ташкент институты мен Мажарстанның жаратылыстану тарихы мұражайы арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

Өзбекстанның спорт және туризм министрінің орынбасары Авазжон Каримов пен Мажарстанның Көкпар және дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы Президенті Андраш Жолт Биро
Өзбекстанның спорт және туризм министрінің орынбасары Авазжон Каримов пен Мажарстанның Көкпар және дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы Президенті Андраш Жолт Биро
Өзбекстанның «Ұлақ-көпқар» қауымдастығының штаб-пәтері
Өзбекстанның «Ұлақ-көпқар» қауымдастығының штаб-пәтері

Келіссөздер аясында антрополог Андраш Жолт Биро ғұндар мен көне түріктердің Орталық Азия тұрғындарымен қарым-қатынас тарихы мен этногенетикалық байланысы туралы ғылыми дәріс оқыды. Мұндай шаралар түркі тектес халықтардың ауызбіршілігін нығайтуға әсерін тигізері анық.

Атап өтерлігі, бұған дейін Мажарстанда дәстүрлі спорт түрлерімен айналысқан федерация болмаған. Саладағы бірлестіктердің жұмысын біріздендіріп, кәсіби деңгейге көтеру, ұлттық спорт түрлерінің ережелерін қайта талқылап, толықтыру, ғылыми зерттеулер жүргізіп, мамандарды ынталандыру, олардың арасында әріптестік орнату жұмыстарын енді Мажарстанның  Көкпар және дәстүрлі спорт түрлері Қауымдастығы атқаратын болады. Қауымдастық дәстүрлі спорт түрлерінен бірнеше халықаралық жарыс, чемпионаттар пен республикалық турнирлер өткізуді жоспарлап отыр. «Әлемде жүріп жатқан саяси, экономикалық, экологиялық және мәдени процестер аясында, көшпенді халықтың құндылығы, мұрасы мен дәстүріне жүгініп, тегімізді танып, білудің маңызы зор», – дейді Қауымдастық мүшелері.

 

Жанар Нұрышева, журналист

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?