Әкімдер туралы бірер сөз…
Тамыздың 19-на біздің әкімнің ел президентіне Шымкент қаласының даму қарқыны туралы есеп бергенін оқыдым. Қатты көңлім қалды. Президент Тоқаев бұрынғы президент Назарбаевтың кадрлар таңдау саясатына “теріс селекция” деп адам естімеген жағымсыз баға” берген болатын. Жарайды, енді Тоқаевтың өзі тағайындаған “оң селекция” толқынының есебін қараңыз:
“245 мың адам жұмысқа орналастырылды” — анық қате-ау, себебі милилон шымкенттіктердің жұмысқа қабілетті бөлігінің бәрін қосса- 245 мың шығар, сонда Сыздықбековке дейін бүкіл шымкенттік ересек атаулы жұмыссыз отырыпты ма?
“Жолдар жөнделді, жарықтандырылды”
“Аэропорт пен ТЖВ” жөнделді, мини-футбол орталығы!! және спорткомплекс! салынды.
Мұз Сарайы, Су спорт комплексі, Қиял Әлемі, Кең баба мемлекетке қайтарылды.
Осындай тірліктер. Миллионнан астам халқы бар қала “әкімінің ел президентьі алдына барғанда мақтанып беретін есебі -мини футбол орталығы болған ба?? Не деген майдашылдық!!! Президентке емес, аудан әкімінің облыс әкіміне ауыз толтырып айтатын жаңалығы емес қой. Ешқандай жаңа өнеркәсіп орны туралы, ешқандай экспортқа шығатын өнімді игеру туралы сөз жоқ. Бұл акиматтың бар арманы Қайрат Сапарбаевтан “Кең бабаны” тартып алу болса — алсын, бірақ одан мемлекетке не пайда? Елге не пайда? Экономикаға не пайда? Алдымен кәсіпкерлерге нысандарды тарқату, сосын олар ол нысандарды кәсіпкерлер қаржы салып, энергия шығарып, еңбек етіп жайнатқан соң, “ойбайлатып” қайтадан тартып алу деген мұндай сұмдық, мұндай бассыздық -бүкіл кәсіпкерді қылмыскер жағдайына түсіріп, оларды бұдан кейін өкіметке деген сенімнен айырмай ма? Сенім жоқ жерде — жұмыс жоқ — яғни экономика күйремей ме? Стратегиялық маңызы бар “водоканал” болса, басқа әңгіме.
Аэропорт пен ТЖВ мемлекеттікі ме? Олар жеке меншік емес пе еді? Әлде, капремонт қажет болғандықтан ескірген дүниені өтірік мемлекетке қайтарып, ел қаржысына жөндеп, жарқыратып болған соң “мемлекеттік меншікті жекешелендіріп, бәсекелестік ортаға тастау” деген маскамен айқайлатып тұрып бұрынғы сыбайластарына қайтарып бере ме? Шымкент қаласы — мегаполис болды дегенде, мақтаныштан көкірегіміз жыртылып кете жаздайды. Кез келген қаланы қала ететін — қалажасаушы ірі кәсіпорындар. Бұрын Шымкент Қазақстанның өнеркәсіп астанасы деп аталатын. Мұндағы Қазақ Химия-Технологиялық институтында қырғыздар, түркмендер, өзбектер білім алатын. Шымкентті басқару — ел саяси аренасына белгілі, қоғамдық және экономикалық өмірдің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі саяси тұлғаларға тапсырылатын. Шымкент басшысы — Қазақ Республикасының басшылығындағы бірегейлердің бірі болатын. Бүгін ше? Әрине, Шымкентті өнеркәсіптік астана еткен, осындай атаққа іліктірген Фосфор, Қорғасын, Шина заводтары, Үйжасау комбинаты, Гидролиз зауыты сияқты алпауыттар бүгін жоқ — өзіміз миллиондардың қондырғыларын тиындарға қытайға “сойып” саттық. Қазіргі Шымкент — алып деревня. Оның әкімінің ел президентінің алдына барғанда ауыз толтырып айтатыны — мини- футбол алаңы… Тек Шымкенттің емес, Қазақстанның ауқымында ойланып іс жүргізе алатын басшылар бұдан соң Шымкентке бұйырмайтын сияқты. Әйтпесе… Қазақстан — алпауыт мұнай державасы болғанмен, елде мұнай өңдейтін үш -ақ зауыт бар, оның өзі совет өкіметінен қалған ауыр мұралар. 30 жылда төртінші зауытты қанша жыр қылғанмен, сала алмадық. Газ өңдеуден де бишарамыз. Ал мұнайы жоқ Қырғызда бес зауыт бар: Жалал абад, Қара Балта, Тоқмақ, Ташкөмір және Кемин қалаларында орналасқан. Неге бұлай? Қырғыздар мұнайды қайдан алып, оның өнімін қайда сатып жатыр? Бұрынғы Шымкент облысының екеуіндей-ақ болатын Қырғыз неге жұлдызы оңынан туып, алга шығып кетті, ал байлықтың үстінде отырған біз неге мешеуміз, неге біздің жетер биігіміз -мини футбол алаңы боп қалды??? Депутаты анау -келгеніне жыл болмай жатып-ақ “Қазақстанның құрметті депутаты” болып шыға келеді? Мандатқа ие болғанына жарты жыл толмаған депутат Шымкенттің құрметті азаматы болуға да үлгірмес еді, ал енді “Қазақстанның құрметті депутаты” атана қалу… Айтпаса да түсінікті. Естіген құлаққа ұят. Дұрыс әкім болса, осы Шымкенттің өзіне бәсекелес ретінде Қырғыз Республикасын таңдап, экономикалық қуат, шығатын өнімдер жағынан қырғыз бауырмен жарысса, кім қой депті? Әр облысымыз және мегаполисіміз эекономикалық және рухани қуаты жағынан кішігірім бір елге пара-пар боп жатса, біреу күле ме бізге? Потенциалы орасан зор Шымкенттің әкімі президенттің алдында мини футбол мен Қиял әлемі туралы айтып, майдаланбай, — “президент мырза, Шымкентте жаңа газ өңдеу зауытын ашқалы жатырмыз, өніміне бүкіл Орталық Азия мен Парсы әлемі қызығушылық мүдде танытып отыр. Ал жақында шыға бастаған біздің триполифосфат пен жуу ұнтағына сапа жағынан шақ келетін бәсекелес жоқ. Шымкентте шығуы басталып қойған автошиналар дүние жүзінің түкпір-түкпірінде өз орнын ойып алып, сатылып жатыр. Бұл факторлар біздің мемлекеттің қуатын пәленбай пайыз, бюджетін пәленбай млрд-қа күшейтеді” — деп жатса, жараспай ма? Қашан Шымкентке салиқалы, тегеурінді, прогресшіл, дырылдатып түгел керуеннің жүгін жалғыз сүйрейтін нарқасқа әкім бұйырады екен?
Сүгірәлі Ақжігіт
Ауған соғысы ардагерлерінің
Республикалық Үйлестіру Кеңесінің төрағасы

Loading

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *