«Яссы Несие» ісіне нүкте: 27 адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.

Түркістан облысының Кентау қалалық сотында қоғам назарын аударған, бір жарым жылға жуық қаралған «Яссы Несие» ісі бойынша үкім жарияланды. Көп эпизодты қылмыстық іс аясында 27 адамға қатысты үкім оқылды.

Үкімге сәйкес, 23 сотталғанға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, олар сот үкімі жарияланған сәтте-ақ сот залынан қамауға алынды. Айдауыл қызметкерлері оларды бірден күзетке алып, белгіленген тәртіппен тергеу изоляторына алып кетті.

Тағы төрт сотталғанға қатысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды. Мұндай шешім заңда көзделген негіздерге байланысты қабылданған.

Сотталғандардың арасында әйелдер де бар. Олардың бірқатары бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, ата-анасы қамауға алынуына байланысты кейбір кәмелетке толмаған балалардың тағдырына қатысты заңнама талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар тиісті шаралар қабылдады.

Іс бойынша тағы бір маңызды жайт – барлық айыпталушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабы (ұйымдасқан қылмыстық топ құру немесе оған қатысу) бойынша тағылған айыптан ақталды. Сот бұл айыптың дәлелденбегені туралы қорытындыға келген.

Сонымен қатар, кінәлі деп танылған адамдардың бірқатарына негізгі жазамен бірге қосымша жаза ретінде мүлкін, оның ішінде жылжымайтын мүліктерін тәркілеу тағайындалды.

Бұл іс өңірдегі соңғы жылдардағы ең ауқымды әрі қоғамда кең талқыланған сот процестерінің бірі болды. Бірнеше ондаған сот отырысында іс материалдары жан-жақты зерттеліп, барлық тараптардың уәждері тыңдалды. Соның нәтижесінде сот әрбір сотталушының әрекетіне жеке құқықтық баға берді.

Айта кету қажет, бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, тараптар үкімге апелляциялық тәртіппен шағым жасауға немесе прокурор апелляциялық өтінішхат енгізуге құқылы. Сондықтан іс бойынша түпкілікті құқықтық шешім апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін немесе шағымдану мерзімі өткен соң ғана күшіне енеді.

Сардар Әбдіжақия

Түркістан облысы

Үкім заңды күшіне енбеген

Loading

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *