Жалпы барша жұрт өрт сөндірушілер әулетіне әрдайым құрметпен қарайды. Бүгінгі әңгімемізге тұздық болғалы отырған жанұя да осындай әулеттердің бірі әрі бірегейі десек қателеспейміз. Олар Жамбыл облысы ТЖД Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бастығы, азаматтық қорғау майоры Қайнарбаев Жеңіс Қайратұлы мен Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы, азаматтық қорғау сержанты Қуатбекова Мадина Ержанқызы. Бұл отбасының отау құру тарихы сонау 2009 жылдан бастау алады. Ол уақытта Жеңіс Тараз қалалық № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып қызмет атқарып жүрген қылшылдап тұрған уыздай жігіт болса, Мадина үріп ауызға салғандай Өрт сөндіру байланыс орталығының диспетчері болып қызмет атқарса керек. Оларды таныстырған да табыстырған да осынау өрт сөндіру қызметі десек артық айтпаймыз. Басында тек жай ғана телефон арқылы басталған таныстық одан әрі махаббат хикаясына ұласатындығын ол кезде екеуі де аңғармаса керек. Мүмкін аңғарған да болар, ол арасын кім білсін?! Ал Жеңіс Мадинамен бетпе-бет жүздескенде тұла бойын билеген ғашықтық отынан тілі байланып, өзінің болашақ жарын кездестіргеніне еш күмән келтірмей, тағдырына мың тәуба айтқан еді.
Аз-кем уақыт өткен соң жігіт қызды алғаш рет кездесуге шақырады. Міне осы алғашқы кездесу барысында барлығына нүкте қойылған еді. Себебі дәл осы кездесуде Жеңіс ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртып, Мадинаны
алып қашса керек. Осы күннен бастап Жеңіс пен Мадинаның ошағы маздап жанып, түтіні түзу ұшып келеді. Бір салада қызмет атқарып жүрген Мадина Жеңісті әрдайым отты тажалмен күреске өз қолымен шығарып салатын. Өйткені ол өзінің жұбайына тілсіз жауды ауыздықтап келетіндігіне жүз пайыз сенетін еді. Мадинаға кез-келген жан «жұбайыңызды отпен алысуға шығарып салу қаншалықты қиын» деген сауал қояр болса ол әрдайым «біз бір салада бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қызмет атқаратындықтан қандай қиындық кездессе де бірге еңсеріп келеміз. Ал егер екеуміз екі бөлек салада жұмыс істейтін болсақ міне сонда уайымдауға болар еді. Мен олардың әрекет ету тәртібінің өте жоғары деңгейде екендігіне куә болып жүрмін және олар өз ісінің кәсіби маманына айналған жандар» деген жауабы дайын тұратын. «Сыйластық, достық секілді асыл қасиеттерді берік ұстанатын ұжым мен жауапкершілігі жоғары басшылық барда сенім де ұлғая түсетіні жасырын емес. Ал мұндай ұжым ешқашан және ешуақытта қандай қиын-қыстау сәт туындаса да бір-бірін жау қолында тастамасы анық» деп сөзін тұжырымдай түсті Мадина.
Ал Жеңіс Қайратұлы өз кезегінде әрдайым телефон тұтқасының арғы жағында тек әріптесі ғана емес, сонымен бірге әрбір сөзін ымынан түсінетін жан-жары тұратындығына сенімі мол болатын. Көкшетау техникалық иснитутының үздік түлегі өзінің кәсіби іскерлік қасиеті мен жинақтаған бірнеше жылғы тәжірибесінің арқасында бүгінде Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Күштер мен құралдарын жедел басқару орталығының бастығы лауазымына дейін адал еңбегімен көтерілген жан. Ол бірнеше рет ірі өттерді сөндіруге тікелей қатысып, өртті қысқа мерзім ішінде жою үшін оң шешім шығарып, дұрыс әрекет атқаруға ұйытқы бола білді.
Сондай-ақ Ж.Қайнарбаев Жамбыл облысы ТЖ департаментінің кіші футболдан құрама командасының саңылауынан жел өткізбейтін белді қақпашысы екенін де еске алғымыз келеді. Ол әрдайым ұжымдағы қоғамдық және спорттық шараларға белсенді қатысады. Әріптестері арасында да өте сыйлы, ал отбасында сүйікті жар, қамқор әке.
Олар Мадина Ержанқызы екеуі бүгінде көпбалалы отбасылардың қатарына жатады. Асыл жары Аяна, Данияла, Диаса және сүт кенжесі Дәмелі есімді сүйкімді балақайларды дүниеге әкелген. Жалпы Мадина бұл салаға қалай келді деген заңды сауал туындаса оның аталмыш мамандыққа қадам басуына анасы Роза Манбайқызы Қуатбекова түрткі болғандығын аңғарамыз.
Анасы Роза Манбаевна өртке қарсы қызметіндегі өмір жолын 1992 жылдан, яғни ІІД ӨКБ №60 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінде кіші инспектор лауазымынан бастап, сүйіп таңдаған мамандығында 18 жылдан астам табан аудармай қызмет атқарып, подполковник шенінде зейнетке шыққан. Дегенмен ол мұнымен де тоқтамай бүгінде Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесінде азаматтық қызметші ретінде азаматтық қорғау органына өз үлесін тигізуден еш шаршаған емес. Міне осылайша қолөнермен әрі шығармашылықпен айналысқанды жаны сүйетін Мадина анасының нұсқауымен өрт сөндіру саласына қалай келгенін аңғармай да
қалса керек. Бүгінде ол қызметімен қатар бала тәрбиесін де қатар алып келеді. Қазіргі уақытта Жеңіс пен Мадинаны барша жұрт тату-тәтті отбасы әрі өз ісінің үздіктері ретінде таниды. Біз де өз кезегімізде олардың тіккен отауларынан шыққан ұл-қыздардың да араға бірнеше жыл салып, ата-анасының жолын қуып, одан әрі өрт сөндірушілер әулетін жалғастыратындығына куә болуымыз бек мүмкін екендігін жеткізгіміз келеді. Дегенмен қазіргі уақытта балалар ата-анасының өздеріне деген ыстық махаббаты мен жан жылуын сезініп, еш уайымсыз өсіп келеді. Біз де өз тарапымыздан бұл отбасыға шаңырағынан шаттық кетпей, әрдайым бақыт нұрымен нұрлансын дегіміз келеді.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы
![]()
