ЖҮРЕГІ БАР АДАМДАРДЫҢ ЖҮРЕГІ АУЫРАДЫ
АЛЛА КӨПТІҢ ТІЛЕГІН ОРЫНДАЙДЫ, СІЗДЕРДІҢ ДҰҒАЛАРЫҢЫЗ ҚУАТ БЕРСІН!
Бәрі түс көргендей өтіп жатыр… Ойымызда ешнәрсе жоқ, осыдан тура бір ай бұрын, 11 қазанда Шардарада кеуде тұсымыз бүріп ауырғанда, бәрін асқазанның кінәмшілдігіне жауып жүре беріппіз.
Қарашаның 9-ына Мәжілістің жалпы отырысында мазамыз кетсе де шыдап, кездескісі келген журналистерге де, түскі асқа да қарамай, жедел ауруханаға жеткенбіз.
Президенттің іс басқармасына қарайтын Медициналық орталық дәрігерлері бірден кардиограммаға түсірді де, жүректен бастап, бәрін түгел тексереміз деп бірден жатқызып тастады.
“Бүгін үйге барып, ертең киім ауыстырып келем” дегенге де жібермеді.
Тіпті, бүгін коронарография тексеруінен соң, палатама қайта жібермей, сол жерден бірден реанимацияға әкеліп жатқызып қойды.
Ертең сенбі күні таңертең сағат 9-да жүректің негізгі 3 тамырына шунтирование операциясын жасайды. Шұғыл операция жасамаса болмайды дейді.
Бір Алла жар болсын!
Иә, жүрекке қан құятын үш тамырдың үшеуі де қиын жағдайда, біреуі бітіп қалған, екіншісі 99 пайыз, үшіншісі 95 пайыз бітіп қалған екен. “Қалай жүргеніңізге таңымыз бар, жүрегіңіз, физикалық жағдайыңыз мықты болғасын жүргесіз. Бір рет инфаркт алғасыз оң аяқтан, жүрек мықты болғасын басқа жақтан қанмен қамтамасыз етілген, білмей қалғансыз” дейді дәрігер мені аң-таң қылып…
Бір құдай сақтап келген ғой, Аллаға сансыз шүкірлік!
Бұндай жүрекке ота жасатқан ағаларымыздың көбісін, тіпті бізден жас інілерімізді де көріп жүрміз, аман-есен шауып жүр бәрі құдайға шүкір.
Былтыр Қалдыбек досымыз бен Есен ініміз де жүрекке ота жасатқанда, “Жүрегі бар адамдардың жүрегі ауырады” деп, қалжың араластырып жұбатып едік, енді өзіміздің басымызға да келіп тұр… “Тәжірибесі бар” олар да түстен кейін хабарласып, керек кеңестерін айтып, қолдап, қуат беріп қойды. Ауруханаға түскеніміздің шет жағасын естіп алған бірге жұмыс істейтін әріптестер, ағайын, дос-жарандар жан-жақтан хабарласып, амандық тілеп жатқасын, тілектестердің бәріне хал-жағдайымды білдіріп қояйын деп осы хабарды жазып отырмын!
Алла жар болсын!
Аурухана ауласынан Алла үйі — зәулім мешіттің мұнаралары көкке өрлеп, сәулеті жарқырап тұр. Дұғамызды оқып, ертең бәрі сәтті болсын деп, құдайдан амандық тілеп жатқан жайымыз бар.
Көрсем дағы қиындықтың талайын,
Рухым зор, күтем әр таң арайын.
Сондықтан да, шуаққа мол маңайым.
Қандай жағдай, қандай кезең болса да,
Мен сендерді жақсы көрем, ағайын!
Кідірсем де кей істерде қол ұстар,
Ұлтым үшін шегінбедім соғыста әр…
Алла қолдап, дәйім аман болайық,
Біздер әлі істейтұғын көп іс бар!
Көптің тілегін орындайды дейді құдай.
Қадірлі ағайындар, сіздердің дұғаларыңыз қабыл болып, бір құдай қуат берсін!
Жақсылықпен аман-есен жүздесуді жазсын бәрімізге!
Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?