Ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен батырларымызды мадақтау және де оларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ал, қазіргі заманның батырлары деп кімді айтамыз? Әрине, күндіз-түні талмай еңбек етіп, адам өмірін құтқару жолында өз өмірлерін қатерге тігіп жүрген – азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі орасан екені белгілі.

Станислав Фрезе – Қарқаралы қаласының №26 ӨСБ жүргізуші-қызметкері. Азаматтық қорғау органдарында 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол 400-ге жуық өрт апатын сөндіруге қатысқан. Кезекші қарауылмен бірге шамамен 200 адамды, оның ішінде 50 баланы аман алып қалды. 2015 жылы Қарқаралы ауданындағы су тасқынын жоюға, тұрғындарды алдын ала эвакуациялауға, жоғалған адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, оған қоса Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі бақты орманшылығының аумағында ірі орман өртін жоюға қатысқан.

Өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері зерделілік, жылдам кертарпалық, қиын жағдайларда тез дұрыс шешім қабылдауға икемді болуы қажет. Себебі олар оқиға орнына дер кезінде жетуді және жеңнен суды уақытылы беруді жүзеге асырады. Станислав өзінің осы төтенше жағдайлар саласында қызмет ететініне еш өкінбейтінін айтады. Негізгі мамандығы мал дәрігері болса да тағдырдың таңдауы құтқару саласына түскен.

— Біздің жұмыс оңай емес, күндіз-түні адам өмірі үшін арпалысамыз, шаршайтын да кездер болады. Бірақ ешқашан осы саладан кету жөнінде ойламаппын. Өз жұмысымды жақсы көрем, адамдарға пайдам тиіп, қоғам үшін еңбек етуді борышым деп санаймын,- дейді Станислав, елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі үшін қызмет жасап жүрген ол мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне де өз үлесін қосуда.

Станиславтың ұлты неміс болса да қазақ тілін ана тілім деп санайды. Ол Қарқаралы ауданының М.Мамраев ауылында туып өскен. Қазақ тілін еркін меңгеруіне осы ауылдың қазақтары себеп болған.

— Таза қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебінде оқығанмын. Қазақтың салт-дәстүрін бойыма сіңіріп, жыр-дастандарын оқып өстім. Тілді меңгеру үшін ең алдымен сол тілді үйренуге деген құштарлық пен табандылық керек деп есептеймін. Қазақ жерінде туып-өскендіктен мемлекеттік тілді білу менің парызым деп санаймын. Негізі болашағын Қазақстанмен байланыстырған кез келген азамат мемлекеттiк тiлдi бiлуге міндетті,- дейді Станислав.

Қазақ тілін жетік меңгергендіктен, тіпті туған тілін ұмыта бастаған. Қазір достарының бәрі қазақ, тіпті әйелі де. Жары Мейрамгүл екеуі қос ұлды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

 

 

Қарағанды облысы

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?