Ия, расында біз құрған Қазақ Тәуелсіз Жастар Одағы – тым белсенді болды. ҚТЖО – ның бөлімшелері көп болды, әр институт, техникум, училищедегі ҚТЖО бөлімшесі өзім комсомол конференциясында уәде бергендей стихиялы турде емес, жоспарлы түрде әрекет жасады. Күнделікті әр жатақхана, әр аудиториядағы «мүше тарту» бойынша жиналыстар өтіп жатады. Онда сол кездері газет бетіне жария бола бастаған коммунистер партиясының қара халыққа қырғын болып тиген қатігездіктері, қазақ елі тарихындағы Совет билігі осыған дейін айтқызбаған «ақтаңдақтар; қазақ интелигенциясын совет билігінің жаппай қырып — жоюы, ядролық полигондар шындығы туралы материалдар оқылып, талқыланатын. Әрине, соңы – мұндай зұлмат қайтып орын алмау үшін – бұдан былай ешкіммен «мәңгі дос» болып, «аға» , «іні» болып, билігімізді, ноқтамызды бөтен қолға берудің қажеті жоқ – деп бітетін еді. Үлкен, ел көзіне ілігіп, газет бетінен орын алған әрекеттеріміз туралы айтар болсам, бұлар да аз емес. Алдыңғы әңгімеде уәде еткенімдей бұл жолы Совет билігінің мені психдиспансерге тығып, «жоқ» қылып жібергісі келіп, осы мәселеде не істегенін айтып беруге ниет етіп отырмын. Ауған соғысында 37 -емес, 85 жыл болса да, «Пакистан шпионы», «совет халқының жауы» ретінде атылу жазасына кесіліп, ол бұйрық орындалмай, аман қалып едім. Ал енді совет системасы қанды соғыста ата алмаса, бейбіт мына өмірде неге өлімнен де қорқынышты, қорлыққа толы жаза — қолдан «жынды» қылып, психдиспансерге тығып, бұ дүниеден тірідей аластамақ болды? Шынында, соншалық әзірейіл, соншалық қауіпті дұшпан болдым ба Совет өкіметіне? Бола алдым ба? Әрине, ұждан таразысы бұл. Біреу сені құтырына, ытырына, орасан зор, дүлей күшпен бас салып, жыртқылап жатса, шынында да « мен сонша айыптымын ба, нелеріңді бүлдірдім, осынша қатыгездікке баратындай» — деп ойлайсың. Ол ой әлі де сейілген емес. Сол бір ауыр, жүректі буып, жаныңды жауратар сәттер есіңе түскен сайын, сол сәттерге мені сүйреп алып келген өз әрекеттерімді миым жіпке тізе бастайды анау ше, сол үшін, мынау ше…
Қызыл билетті өртеу – ең қауіпті ойын
89- дың желтоқсанында Қаз ХТИ фонтанында үлкен, үш мыңдай адам қатысқан митингі өткіздік. Тех-тің фонтаны біз үшін Лондон жұмысшыларының саяси акциялар өткізетін, дүниежүзіне белгілі Гайд-Паркы сияқты еді. Қазақ жастарының Гайд-Паркі. Азаттық күресінің Гайд-Паркі — Техтің фонтаны… Үш мың адам жинау, жай емес, өкіметке қарсы митингіге үш мың адам жинау — оңай тірлік емес. Алаң кәдімгі тірі теңізге айналады. Әруақ кернеп, саңқылдап, ата-баба аманаты — Қазақ Тәуелсіз Мемлекетін құру керектігін ұрандап тұрып, әрбір митингке келген жастың түріне үңілесің — не ойлап тұр? Менімен бірге ме, әлде менің сөзім ұнап тұрған жоқ па? Мен айтқан шындықты естіп менімен бірге түнеріп, менімен бірге ширығып тұрса мен оны жүрегіммен сеземін – бір пернедеміз… ҚТЖО-ның Айдар, Әділ, Гаухар, Гүлиана, Мұхтар, Қалиолла сияқты шешендерімен бірге мұнда сол кездегі «Азат» партиясының Даниар, Қалмақан, (ағайынды Ильясовтар) Шаруа Пірматов, Райымбек ақсақал, Гүлбарам апа сияқты қайраткерлері сөйледі. Сол күн алғаш рет ел алдында менің үндеуіммен жиырмадан аса партия және комсомол билеттері отқа жағылды. Бұл – совет системасы үшін өгізге қызыл мата көрсеткендей, намысына тию екені сөзсіз. Бірақ осы акцияның екінші жағы – қазақ жастарының көңіліндегі партия — комсомолдан қорқу, комсомолды дәріптеу, системаға қарсы шығудан сескену сияқты теріс құбылыстарды жоюға бағытталған дүние еді. Оның үстіне, басты, әр митингіде ұстап тұратын екі-үш ұрандарымыздың бірі — «Қазақстан компартиясы мен Қазақстан комсомолы — Совет империясының төбеттері» емес пе еді, айтқан едім ғой. Сөз жоқ, осы акцияның екі шетінен де көп ұпай жинадық. Қазақ жастарының системаға қарсы шығуда батылдығын еселеп арттырсақ, ел көзінше олардың «киесі» — қып-қызыл комосомол билеттерін өртеп, партия үшін «ата жау» болдым. Бұл қалай, оқырман бауыр, психдиспансерге тығатындай ауырлығы бар әрекет деп айтуға бола ма?
Адам боп қалу оңай ма, соғыс атты тозақта…
85-тің жазында аты есімде жоқ бір кишлак түбінде қарақалпақстанның қазағы – Қадір екеуімізге сержанттар 15 шақты адамды қарауылдатып, өздері ары кетті. Қадір – пулеметші, РПК-сы бар. Менде автомат. Ол кездер рота ауыр ұрыстарды басынан өткеріп, офицердің бірнешеуі өліп, жаралы болып, қатардан шықса, бір-екеуі дембель болып Отанына қайтқан. Орнына ешкім келе қоймаған соң, ұрысқа біздерді ротадағы сержанттар Ромашев пен Агеев бастап баратын. Сезіп отырмын, рота қайтып келген соң, мыналарды аман қалдырмайды. Қалталарын тексеріп, тінтіп, қаруы жоқ екенін көрді. Бұлар көрші кишлакта болған тойдан қайтып келе жатырмыз деді. Десе дегендей-ақ, сәнді, өздерінің ұлттық киімдерін киіп алған, өздерінің бүгіндер біздің мешіттерде сатылып жататын миск дейтін майлы негізде жасалатын иіс суын жағып алған, бес-алты метрге жақындасаң, исі бұрқ етеді. Бәрі еркек, бір ғана 13-14-ттегі жасөспірім ұл бар. Қадірге саясаттың қажеті жоқ, біреуінен насыбай сұрап алды да, оны аузына сап, пулеметін әлгілерге қаратып қойып, отыр.
— Мәз. Әлгілерге алдымен отыруға рұқсат бердік. Мен әрқайсысының көзіне үңілемін – дұшман ба, жоқ па? Бұлар шынымен-ақ тойдан келе жатқан сияқты, себебі түрлерінде көздерінде қазір бізді өлтіреді-ау деген қорқыныш, немесе ыза, немесе өкініш, немесе аласұру – жоқ. Қауқылдасып әңгіме құрып отыр. Тойды айтып отыр-ау. Киімдерін қағып-қағып қояды. Нық сенімді бұлар: «командор айтты ғой – қазір асығыс болған соң кетті, қайтып келіп, тексеріп, бәрі дұрыс болса, жібереді». Иәә, Агеев солай айтқан шығар. Бірақ мен сенбедім.
Қадір, қалай ойлайсың. Агеев қазір қайтып келген соң тексеріп, мыналарды үйіне жібереді деп ойлайсың ба?
Жоғ-а. Несін тексереді? Құжаттары жоқ, бар болса да бұлардың қағазын Агеев түсінбейді ғой.
Онда неге бұларды бізге қарауылдатып, тоқтатып кетті?
Ататын болса, атып, сосын кетпеді ме?
Ей, Муха, ол кезде вертолет тұр еді ғой, пилоты айтып қоюы мүмкін. Қайтып келеді де, бәрін атып, жайғастырып болған соң ғана вертолет шақырады. Бұған басың ауырғанын айтам да…
Ммм… неге? Бұлай етсек кез келген жергілікті тұрғынды «дұшман» деп ата беруге болады ғой… Ал біз, совет солдаттары, апрель революциясының арқасында билікке келген Ауғанстан Халық Демократиялық партиясына жәрдемге келген жоқпыз ба? Оңды-солды, бас-көз демей, білгенімізді істеп қаруы барды да, қаруы жоқты да ата берсек, онда кім болғанымыз? Жауынгер – интернационалист пе, әлде оккупант – интербандит пе?
Қадыр, сен көріп тұрсың, мына кісілер дұшман емес. Киімдерін қара: жап-жаңа, сәнді. Тауда мына киіммен бір түн ұйықтаса, киімдері мыж-мыж болар еді ғой. Меніңше, бұлар шынында да тойдан қайтқан бейбіт ел. Жібере салсақ қайтеді?
Маған бәрібір. Агеевтер табуретке байлап сабайды. Екеуімізді де. Отыра берейік те, уақыт боп қалды, Агеевтер кеп қалады: тапсырып құтылайық.
Жаным ашып тұр. Бұлар өздерін өлтіретінін білмейді ғой. Өлетінін біліп тұрып, жібермесек, қай жеріміз мұсылман біздің?
Муха, дух қой бұлар, қандай мұсылман…
Иәәә. Дух… Онда бүкіл ауған халқы – «дух»… Демек біз азғантай ғана, газеттерде айтылатындай, бандиттік топтармен емес, түгелдей ауған халқымен соғысып жатқанымызды мойындайық. Ал мен, Қадыр, саған дауыстап айтпағаныммен, мен мал емеспін, — маған бәрібір емес. Иә, соғыс бұл. Аяусыз соғыс. Қанды соғыс. Қазір барсың, келесі сәт басың жұлынып, денең жанталаса қалтырап жатады. Ажал — жаныңда. Ажал — аяғыңның астында. Ажал — төбеңде. Ажал – жан-жағыңда. Аяқ астынан мина болып жарылады. Үстіңнен реактив снаряд болып жатады… Ал быжж-быжж етіп жан – жағыңда ұшып жатқан көзделген оққа, қаңғыған оққа есеп жоқ… Ал енді жан-жағың аңдыған Ажал болса, онда одан не үшін айлап — жылдап қорқу керек? Қорыққандардың аман қалғанын көрсек, мейлі еді — бірақ олай емес. Қорыққан да, қорықпаған да оққа ұшып жатыр. Ауылға аман баратыныма сенбеймін. Мына соғыста үш ай толмай қанша рет ажалмен бетпе бет кездесіп үлгердім, қанша досымнан айырылдым. 90 күнде бес-алты рет анық Ажалдан аман қалсам – алдымда ондай ажалмен айқастың әлі 700 күні бар… Яғни жанкештімін, бүгін болмаса, ертең Ажал мені ұстайды. Ал ондай болса, несіне ұрысып, қорқып, пәстікке барам? Мен оккупант басқыншы болғым келмейді. Мына діні бөтен, түрі бөтен, тілі бөтен жат елде, мен өкіметтің айтып жүргеніндей, нашардың қалқаны, халықтың қорғаны – «жауынгер – интернационалист» болғым келеді. Адамдықтан, мейірімнен айыратын Ажал мен Қиянаттың патшалығы — соғыс даласында Адам боп, Батыр боп, Дұрыс боп қаза тапқым келеді. Соғыс адамдықтан мені айырып әуре болса, ал мен адамдықтан айырылмау үшін жұлқысам…
Агеев мені старший (үлкен) етіп кетіп еді ғой, демек, мен ғой жауап беретін. Жібере салайық.
Бопты, жауап беретін болсаң, онда менің не шаруам бар?
Жібердік. Агеев келді, бір сағатқа жетер-жетпес. Ротаны басқаратын сержант Ромашов – әдеттегі орыстың ақ-сарысы болса, Агеев бұйра шашты, қара торы, сымбатты жігіт еді. Орыстан гөрі цыганға ұқсайтын еді. Көсемсіп сөйлейтін, кербез мінезі бар, әділ жігіт еді. Екеуі де анау-мынау соғыс бөжегінен, «ойбай кеп қалдысынан» ға қоймайтын салмақты, өжет, өздеріне сенімді, дәл бір осы соғыс үшін арнайы туылғандай, істері сөздеріне жарасқан керемет жігіттер еді. Агеевке әлгі кісілерді жіберіп қойғанымыз ұнаған жоқ. Бірақ тау-тас арасында көп ұрысып шыж-быж да болған жоқ. Тек әлгі аты есімде жоқ, ротаның «молодойларына» (әскери қызметі жарты жылға жетпеген) жауап беретін ең жуас «черпак» сержант бар (черпак – әскери қызметі 1 жылдан асқан) ғой, соған бізді ерекше тапсырды да, ұмытты. Вертолеттар келе бастады. Біз 10-10 адамнан отырып, аспанға бет алдық. Вертолеттың іші микроавтобустың ішіндей ғана ғой, кең емес. Арт жақта дәу сары жағар май бөшкесі тұрады. Осы бөшкедегі жағар май ғой, вертолет құласа, қап-қара қою түтін шығара жанатын. Патырлаған мотордың дауысының арасынан сыртты мұқият тыңдап отырасың: иә, құдай бөшкеге оқ тимесінші, құлайықшы… Иә, рас, осы ауған соғысында, Бисмиллә рахман рахим мен кішкене кезімде, апам базарға бара жатқанда үйреткен «ықылас» сүресінен басқа іштеңе білмейтін мен, құдайдан жәрдем сұрауды бастадым. Бригадаға жеттік. Қадір айтқандай, Агеев бәрін мойныма алып, мен жібердім деген мені де, сөйлемеген Қадірді де аяған жоқ. Дұшманды неге жібересің дейді. Олар дұшман емес, тойдан келе жатқан жай адам ғой деймін. Сен емес, кімнің дұшман, кімнің жай адам екенін шешетін деп ұрады. Иә, онікі дұрыс. Ол командор ғой. Енді қайталамаймыз дедік. Не керек, біраз уәде бердік. Бір қызығы, өзімді шын жүрегіммен айыптымын деп күні бүгінге дейін ойламаймын. Тағы бір қызығы, менің кесірімнен сонша таяқ жесе де, қарақалпақтың қазағы Қадір маған титтей де ренжіген жоқ. Бұған қалай таңданбайсың.

Автоматтың арқасында, өзін арыстан санаған кәнден

Ауған кишлактарында үй шатырлары біздегідей бір жаққа су кететін еңіс болып келмейді, тақтайдай тегіс, тастай боп қатқан лай болады, және бір-біріне жапсарлас болады. Сондақтан шатырлар деңгеінде кейде бір тізе секіре саласың жоғарыға, кейде бір тізе пәске секіресің де кишлактың төбесінде шетіне көз жетпес үлкен ала,да жүргендей жүре бересің, әрбір жапсырманың бір шетінен міндетті түрде аула жағына секіріп түсуге болады. Жаспын, күш бар, қорқыныштан гөрі алда не бар екен деген алға тарту, азарт басым. Жау кездесе кетсе, жата атыса кеткен – азарт та, қызық та боп тұрған жастық кез. Үстім де бушлат жоқ, х/б-дамын, аяғымда полусапожки деп аталатын ыңғайлы қонышты бәтіңке, қолымда автомат, жеңілмін. Бір жерде адамдардың айқайын естіп, аулаға секіріп түстім – 2 метрден сәл астам, мүмкін сәл пәс болуы да… Сөйтсем біздің ротаның сержанты Лопатнев ротада бишара болғанымен, мына жерде қарусыз халыққа автомат кезеп «рембо» болып жатыр екен. Пәрәнжідегі үш-төрт әйелді дуалға қаратып қойған. Бір шетте ойбайлап үш төрт еркек тұр. Бәрі сөзсіз түсінікті. Еркектер Лопатневқа әйелдерді атпа деп жалынуда, ал Лопатнев сұрағанын ала алмаған, сондықтан әйелдерін атпақшы. Не болды деп сұрап ем, «пайсаларын» (ақша) қайда жасырғанын айтпай жатыр, — деді Лопатнев. Сөзді созбай құлаштап автоматпен Лопатневті жіберіп ұрдым мойын тұсынан. «Жоғал» — дедім. Ол қақпадан далаға қашты. Демек, сыртта біздікілер, анығырақ, 1-взвод бар-ау, тек шығайын десем, мыналар жібергісі жоқ. Жүгеріден істелген қап-қара тандыр нанын, кесемен әкелген сүтін тықпыштап рахмет айтуда. Лопатнев та қызық, мыналардың домбығып кеткен, жел ұрып тастаған беттерінен, ескі киімдерінен кедейшіліктің лебі бетке ұрып тұрған лай кепелерінен ақшасы жоқ екенін көрмеді ме? Әйелдерін қайта-қайта атсаң да, ақша жоқ – қой бұларда…
Лопатнев кейін бұл туралы офицерлерге «душмандардан қаруды қайда тықтың деп қинап жатсам, Мұхтар келіп, мені ұрып, душмандарға жәрдем берді» — деп тоқылдаған. Біраз сөз тартыс болды.
Міне, осындаймын. Жаманмын ба, жақсымын ба? Дұрыспын ба, теріспін бе? Қиын мәселе. Кім қайда бұрғысы келсе, ниетіне сай бұрыла алады екен. Ал мен табиғатымнан осымын: әрқашан автопилотым (әруақтар) мен үшін алгоритм даярлап тұрады. Ауғандағы мен үшін алгоритм мынадай болды: Совет солдатымын. Қазақ жігітімін. Тауда аяусыз соғысамын. Жерде аяусыз соғысамын. Бірақ қаруы жоқ, жау екеніне көзім жетпегендерге әлімжеттік қылмаймын. Кемпір — шал, сәбилерге, кедейлерге — қорғанмын. Дұрыс, советтің ресми саясатына тура кеп тұр ғой,- дейді кез келген сауатты адам.
Проблем жоқ емес пе? Проблем бар. Проблем көп. Себебі, ресми, жазулы саясат бір басқа, ал іс жүзіндегі соғыс саясаты – мүлдем басқа болды. Және менің кемшілігім – мен дұрыс деп жан – дүниеммен қабыл еткен алгоритм принциптерінен мені ешкім ешқалай тайдыра алған емес. Есесіне өмірден жиі таяқ жедім… Мұндай жағдайлар соғыста жиі боп тұрды, кейбір есте қалғандарын алдағы әңгімелерде айтып берем. Сонансоң өздеріңіздің де совет системасының мені ататындай әрекетке баруына негіз болғанына көздеріңіз жетеді. Деп ойлаймын.
Конференциядағы бас көтеру:
Мұхтар Шахановты қорғау
Мына тәуелсіздік үшін күрес – автоматпен емес, тілмен, сөзбен, рухпен, саяси әрекетпен жеңетін, сол мен болған соғыстың жалғасы сияқты болды… Бұлай айтуға болады, себебі 86-ның тамызында әзер Отаныма оралып, соғыс синдромынан, соғыс психологиясынан, тіпті соғыс терминологиясынан құтылып үлгермей, сол жылдың желтоқсанында Алматыдағы қазақ жастарының ұмтылысы жүрекке өшпес бұйрық жазып кеткен жоқ па? Тағы да соғыс… Тағы да жігіт екеніңді, қазақ екеніңді, ұлттық намыс сен үшін жай сөз емес екенін, бұл өмірге бекер, «сан» үшін туылмағаныңды өміріңді қиюға даяр болып дәлелдеу… Тағы да ажалмен ойнау…
1990-жылдың қаңтарында облыстық комсомол конференциясы өтетін болды. Төменнен жоғары қарай жылжи беретін процедура ғой бұл — есеп беру – сайлау жиналыстары. Әжептеуір-ақ өтіп кететін едік. Бірақ… «Кинодағы бірақтарға» сенбейміз. Олар сөйтсек, өмірден алады екен ғой. Конференцияға 3-4 күн ғана қалғанда, телеарна арқылы қазақтың рухты ақыны – Мұхтар Шаханов елге мәлімдеме жасады. Батыр ақын ол кез желтоқсан көтерілісінің шындығын анықтау бойынша құрылған комиссияны басқаратын. Бас – аяғы бір аптада екі рет біреулер телефон соғып, желтоқсанның шындығын ашуда «тым тереңдемеуін», әйтпесе өзі де сол «желтоқсаншылар жатқан тереңнен» табылып қалуы әбден мүмкін екенін ескертеді. Бұған қорықса, ол Мұхтар Мұхтар бола ма, телеарнадан әлгілерді әкесін танытып әшкерелеп, комиссия жұмысын тоқтатпайтынын мәлімдеп, республика билігі мен жұртшылығынан өзіне қорған сұрады. Әрине, мұндайдан соң біз қалай үндемей отырамыз. Оның үстіне Мұхтар ағаның комиссиясына біздің облыс бойынша желтоқсаншыларды іздеп, олар туралы мәліметтер апарып беріп жүргенбіз, яғни, комиссия жұмысына тікелей араласпыз. Қуаныш бар, Серік бар, Мұхамеджан бар, бәріміз жиналып, осы мәселе бойынша облыстық комсомол конференциясын пайдаланбақ болдық. Конференцияда сөз сұрап, трибунаға шыққан соң өзіміз дайындаған «облыстық комсомол конференциясының қаулысына қосымша пункт енгізу бойынша жоба» және «Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі бойынша облыстық комсомол конференциясының хаты» атты екі құжатты оқып конференция қарауына ұсынатын болдық. Әрине, бұл сол кездегі өмір салт бойынша ел естімеген авантюризм, революционизм, бүлікшілдік еді. Себебі, облыс түгілі, бастауыш комсомол ұйымы деп саналатын біздің Техтың, комсомол конференциясының өзіне сөйлейтін сөздер, жасалатын ұсыныстар, қабылданатын қаулылар, қатысатын делегаттар контигенті, президумда отыратындардың құрамы – бәрі алдын ала дайындалып, талқыланып, екшеленіп, бекітілетін. Сондықтан бізден жоғары аудан, одан жоғары қала деңгейінде комсомол, партия конференциясында өзімбілемдікке салу, алдын талқыға түспеген ұсынысты көтеру – тіпті сөз жүзінде мүмкін емес еді. Біз ше? Біз облыс комсомолының есеп – беру сайлау конференциясына анау – мынау емес, ұлтшылдықтың иісі бұрқырап тұрған екі құжатты оқып беріп, оларды «қаулы»! Статусымен қабылдата қоймақшымыз… конференцияда төрде облыс комсомолының басшысы, бүгінгі қоғам және мемлекет қайраткері Уәлихан Қайназаров қана отырған жоқ. Онымен қатар облыс басшысы, ҚКП Шымкент облыстық комитетінің 1-секретары Сергей Терещенко, республика комсомолының басшысы, асыл азамат Иманғали Тастағамбетов, одақтық ВЛКСМ-ның секретары Ордженинидзе отыр. Ал біз… Әрине, құжатты оқып болған соң абдырап қалған обкомның қызметкерлерін, Уәлиханның жағдайын – түсінуге болады – «тойдың ұйымдастырушылары» солар ғой… Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса – демей ме. Бұл жерде қазаншы екеу боп кетті ғой. Қызыл жұлдыз орденін тағып барған мен (әрине, сөз сұрайтын да, оқып беретін де – орденді жігіт, «ең ірі комсомол ұйымын басқаратын жігіт» – мен ғой) мәтіндерді оқып бола салысымен залдан «үлкен ұлттың» өкілдері орындарынан тұрып, айғайлай бастады. «Мынау қайдан шыққан националист, қалай орден алған, кетсін трибунадан!». Сәл кешігіп, әлгілерден қайда көп, қайда қуатты, мені жақтаған дауыстар көтерілді. Президиум бір-біріне еңкейіп, асыға бірнәрсеге келісіп жатыр. Расында, әлгі екі мәтінде «националист» дейтіндей ауыр ештеңе жоқ еді. Қаулы жобасында «М.Шаханов басқаратын желтоқсан оқиғасы шындығын зерттейтін комиссияның жұмысын жалғастыруға барлық жағдай жасау, әлгі үркітушілерді заң алдында жауапқа тарту және М.Шахановтың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді республика басшылығынан талап ету» болса, аталған хатта «облыс комсомолы желтоқсан оқиғасын нашақорлар мен маскүнемдер, бұзақылардың құтыруы емес, қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысының заңды жалғасы, кезекті белесі деп бағалайды және қазақ жастарының бейбіт бас көтеруін күшпен жаншыған совет басшылығының қатігездігін теріс бағалай отырып, желтоқсан қозғалысының барлық шындығының ашылуын талап етеді. Осы – ақ. «Орденді не үшін берді» дейтіндей емес. Бірақ бұл бүгінгі күннің пікірі. Ал ол кезде Шымкент қалалық комсомол комитетінің 70-80%-і ұлы ұлт өкілдерінен болатын, Дзаржинский аудандық және Шымкент қалалық комсомолын ұлы ұлт өкілдері басқарса, Шымкент обкомында1-секретарь қазақ болғанмен, келесісі ұлы ұлт еді. Облыс басшысы ұлы ұлт өкілі еді. Қазағы көп Шымкент осындай болған соң басқа қала, өкілдерді ауызға алудың өзі ауыр. Ұлтымыздың жағдайы мүшкіл болатын. «Түйенің қомын жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» — дегендей, Алматы, Қарағанды, Қостанайлардың қазағы «қатты жөтелуге» шамасы жоқ кезғой. Бұндай жағдайда біздің хат біз оларды алдын ала келіссек те келіспесек те – бомба еді. Не керек,- бомба жарылды. Оны мен жардым. Асып – сасқан жоқпын. Айтарымды айтып болған соң, трибунадан түстім. Стихиялы түрде біздің хатты талқылау басталды. Жастарға рахмет. Түркістан, Ордабасы жастарының кейбір өкілдері қолдап сөйлеп, қалған сөз тимегендері қолшапалақпен Мұхтарды қорғауды, яғни мен – Мұхтардың ұсынысын қолдайтынын білдіріп жатты. Облыс комсомолының конференциясы мұндай «қызумен» , мұндай таласпен ешқашан өтпеген – ерекше, тосын жағдай болып жатты. Қарсы жақ, «қазақофобтар» Шахановқа, хатқа тиісуге қорқып, менің жеке басыма шүйліге берді. Мен ол кез саяси жағынан ұрынды болып үлгермеген кезім — әр сөз жүрегіме қадалып жатты – жала екенін біліп тұрсам да… Сөйтсем, залымдық күшінің бұл бір әдеттегі тәсілі екен ғой. Егер сен көтерген туға, идеяға қарсы тұруға, рухы не белгілі, не батылы жетпесе, онда сенің жеке басыңа бас салады екен: «қараңдар ақ көйлегін жөндеп үтіктемепті, бұл қандай комсомол!». «Қараңдар, национализімді» айтып тұр, бұл қандай интернационалист!» «комсомол уставын оқып көрмеген сауатсыз ол!». Ал жарайды Уставтан кез келген сұрақ қой, мен гарантиямен жауап берейін дегің, келеді. Бірақ ананың сөзін елге естірткен «дирижер» — жүргізуші саған қапелімде микрофонды бермей қояды: «Мұхамеджанов, регламентті сақтаңыз, сіз жаңа ғана сөз сөйледіңіз, басқалар да сөйлесін де!». Сонымен жасанды түрде «Мұхамеджанов Комсомолдың Уставын ашып көрмеген сауатсыз» деген пікір, оған қарсы сөз айтылмағандықтан, көптің миында шындыққа сай пікір боп қалып кетеді. Бірақ біздің позицияны қолдаушылар коп болғандықтан президиум шегінді. Уәлихан Қайназаров біздіңң талаптарды комсомол конференциясының күн тәртібінде жоқ болуы себепті, қаулыға кіргізбей-ақ, конференцияның атынан хат ретінде тиісті жақтарға жіберуді ұсынды. Одан соң залдан сөз сұраған ұлы ұлт өкілі – әскери адам тағы менің намысыма тие бастады: орденді қалай алды, бұл ұлтшыл болса? Иә, ұлтшыл ғана емес, « Пакистан шпионы, Совет халқының жауы, паниламист, пантюркист» боп айыпталғам . Атылуға бұйырылғам… Ата алмаған… Басымды игізе алмаған… Сен орденді айтасың, ал медальдарың ше оларды да алып қаларсың мүмкін? Өз халқымды сүйіп, оның азаттығын аңсағаным үшін ит терісін басыма қаптамақшысың ба? Сен бейшара бірнәрсені білмей тұрсың. Зеңбірек даусына селт етпеген адамды мылтықтың даусымен қорқыта алмайсың… Осылай демек едім . Микрофонды өшіріп тастады. Қаттырақ сөйлесем, естетіндей қашықтықта болған соң, Уәлиханға айттым : мынау менің намысыма тигенде өзің қойдырмадың, ал менің өзіме сөз бермейсің. Неге? Микрофонды қоспады. А, солай ма? Бұрылдым да жүре бердім. Залдан шыға бере артымнан ерген аяқ дыбысы күрт қалыңдағанын сездім, бірақ артқа қайырылмадым. Морт шешім қабылданып қойды, мұндай жағдайда менде артқа қайту жоқ: «рубиконнан өтіп кеттім, көпірлері өртеп кеттім». Фойеге шыққан соң артыма қарасам, Шымкент қаласынан сайланған делегаттар менімен тілеулес ретінде түгелімен конференцияны тастап шығыпты. Ия, бұл – революция!
Бұдан кейін Орджоникидзе Мәскеуге барған соң қазақтар Прибалтика мен Украинадағыдай белсенді, сауатты емес – жабайы, құлдық санамен жүргендер дей алмайды. Фойеде көпшілік кезекке тұрып қолымды алып, құттықтап жатты – иә, олар үшін ұлт Рухының жаңғырып, жарқырауы бүгінгі күннен басталды… Танысып жатыр, таныстырып жатыр, рахмет айтып жатыр, шақырып жатыр… Өстіп жүріп конференцияның немен бітетінін ойламадық та, бақыламадық та. Бізге болған нәрсенің өзі үлкен жеңіс сияқты көрінді. Бірақ, уақыт өте келе қатемті түсіндім. Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа демей ме? Әлгі «әскери» құдай біледі, ішкі ресейлік азамат болуы мүмкін – ол кезде Совет армиясы еді ғой. Ал олар не демейді? Өз азаматың – обкомның 1-секретары Уәлихан Қайназаров Мұхтар Шахановты қолдау туралы хатты конференция атынан тиісті орындарға жіберуді ұсынды ма? Ұсынды. Ал ол хат конференция қаулысына кіре ме, жоқ па – маңызды емес қой. Ең бастысы, облыс комсомолы желтоқсанды ақтап, Шахановты колдаған хатты өз атынан жария етпекші! Яғни қазақ комсомолы – өз ұлты жағына шықты деп сүйінші сұрауға болар еді. Ал мен ше? Әлгі әскерийге мені қорлаттың деп ренжіп, залды тастап шығып кеттім. Маған сенген, мені лидер деген бар делегат менің артымнан еріп шығып кетті. Кейде қас қағымда жан – жақты зерттеп үлгеріп, жалғыз ғана дұрыс шешімді тауып, қабылдауға тиіссің. Осы жолы мен мұндай үдеден шыға алмадым. Ал Уәлихан әлгі хатты конференция атынан жіберу туралы шешімді тек өзі қабылдаған жоқ қой. Ол айтты ма, демек, президиумдағы облыс басшысы, республика комсомолының басшысы, Бүкіл Одақтық комсомол Орталық Комитетінің хатшысы – барлығымен келісті. Ал біз осы өте қажет, өте маңызды тірлікті соңына дейін жеткізе алмадық. Осыдан 10 жылдан астам уақыттан соң Уәлихан Қайназаровпен Шымкент қаласы әкімдігінің алдында кездесіп қалдық. Әдейі ұйымдастырғандай, әкімдік алдында сөз бөлер ешкім жоқ. Сөйлесе кеттік. Мен өз өкінішімді айттым. Сөйтсем, Уәлиханның да көңілінде өз өкініші бар екен.
-Мұхтар, сенің ешкімге қуыршақ болмай, шынайы ұлт үшін күресіп жүргеніңді білгенбіз. Сол күні Тасмағамбетов пен Орджоникидзеден ұят болды деп абыржып тұрдым, сондықтан дұрыс, әділ шешім қабылдай алмадым. Ақыры Совет Одағында қайта құру жүріп жатыр, мені біреу атар ма еді, сенің ұсынысыңды қолдауды ұйымдастырып жіберсем? Сені түсінем, компромиске неге келе алмадым деп тұрсың ғой. Бірақ ол кез сен жанып тұрған от едің ғой, компромиске келе қоюың екі талай еді. Ал мен сол сәт ұсыныстарыңды қабыл алып Шахановты қолдап, қаулыға енгісзем – облыстық комсомолдардың ішінде алғашқы қайта құру қарлығашы, ұлт жанды қайраткер боп қалар едім. Иә… Мейлі, болар іс болды.Не десек те, сол күні Шымкент Одаққа қазақы азуын көрсетті.

Облыстағы Империяның басты шонжарымен кездесу

Осындай күндерде Техтің бір жатақханасында студенттердің милициямен жан жалы болды, бұдан соң бес-алты митингі өтті. Сірә, шыдамдары таусылған болу керек, обком партиядан (қарсы ғимаратта отыр ғой) Фарид Ақбердиев келді: Мұхтар, сені Терещенко шақырып жатыр, әңгілемескісі келеді. Жүр.
Барғым жоқ. Барсам, сол «ұлт азаттық күресін жүргізбе» дейді ғой, басқа не десін. Ал мен келіспеуім керек, олар жастығымды пайдаланып, мораль оқиды, мен оны қаламаймын, сондықтан, ұрсып қалмау үшін мүлдем бармай-ақ қойғанды дұрыс көремін:
Фарид Аминович, ренжіменіз, уақытым жоқ.
Қалай? Облыстық партия комитетінің 1-секретарына сенде уақыт жоқ па? Аузың қалай барады мұндай сөзге, ол кісі сенің тікелей басшың, баруға тиіссің!
Жоқ, бармаймын маған ол кісінің қажеті жоқ. Егер ол кісіге мен қажет болсам, келіп кезекке тұрсын, кезегі жеткенде кірсін.
Бұл әтейі қорлау – қайтіп келмесін дегенім еді. Фарид кетті. Бірақ көп ұзамай облкомнан бұрын біздің ұстазымыз болып, сопроматтан сабақтар берген ағайымыз – Цой келді. Ол жанды жерден ұстады: Мұхтар, ұстазыңмын, сақалымды сыйла, сен бармасаң, мен абыройдан жұрдай боламын…
Бопты, тек шартым бар – мен Терещенкомен сұқбат құрған кезде қасымызда отырасыз.
Не үшін?
Айтқанына көндіре алмаса, олар маған жала жабуы мүмкін. Мен сіз үшін барамын. Сондықтан маған нақақ жала жабылса, сізде елге шындықты айтудан бас тартпаңыз.
Келістік.
Бардық Сергей Александорович қазақша сөйлей алады екен. Өзін қарапайым ұстайды. Денелі. Анау мынау әңгімеден соң сәл қысып алғысы келді:
Мұхтар сен соншама жастарды митингіге шығарасың. Оның ішінде шегіп алғаны, ішіп алғаны болуы әбден мүмкін. Олар төбелесті бастап жіберіп митингі жаппай бұзақылыққа айналып кетсе кім жауап береді, білесің бе?
Иә, Сергей Александрович. Біз митингінің алдында Облыстық ішкі істер басқармасына осы шараның өтетіні туралы мәлімет береміз. Сондықтан олар митингіге келуге, митингіні бұзам деушілерге жол бермеуге тиісті. Бірақ сіздер өздеріңіз, 86 – да Алматыда жасалғандай қолдан жасамасаңыздар, біздің митингілерде төбелес мүмкін емес.
Сен не, бізді сонда провокацияға баруы мүмкін дейсің бе?
Иә, деймін.
Қорқыта алмады Сәкең. Ал Цой 5 минуттай Терещенкоға жыланға қараған құрбақадай көзін алмай қарап отырды. Сірә, көзбен берілетін команданы күткен болуы керек. Себебі бір сәт маған берген «еркекше» уәдесіне бір «түкіріп», кабинеттен шығып кетті. Сергей Александрович енді әке-шешемді, әскери қызметімді, жағдайымды сұрай бастады: «Иә, Мұхтар, пәтер алыпсың. Машина алмапсың ғой, ал бізде ауған соғысының ардагерлері кезектен тыс машина ала алатынын білесің.»
Түсіндім. Басталды. Қорқытқанда көнбесең, келесі тәсілге көшеді: сатып ала бастайды. Бұл да солай, машинамен алдауға көшті. Мен расын айтып алайын. Терещенко — жақсы адам. Жақсы дос. Сондықтан оны Елбасы өзіне сенімді серік етті. Маған машина артық болмас еді. Тіпті машинасыз – ақ, осы қазақша мен қазақ салт – дәстүрін ақаусыз меңгерген Сәкеңнің бір рахметі үшін талай ерлікке барар едім. Мен тек Азаттық үшін күрестен Терещенко ғана емес, патша келсе де, патша сұраса да бас тарта алмас едім. Сондықтан, амал жоқ, әңгімені бас жағынан үзілді – кесілді бір жаққа шығардым:
Сәке машина қажет емес. Сізге қарсы емеспін. Жұмсаңыз, тапсырмаңыздың кез келген қиынын, орындаймын. Тек Азаттық Үшін Күресті тоқтат демеңіз. Біз басқа ұлттар Қазақстаннан кетсін деп жатқан жоқпыз. Тек Қазақстан тәуелсіз ел болса болғаны.
Әңгіме жараспады. Ебін тауып шығып кеттім. Артынша, екі апта өтпей, қалалық партия комитетінің («Шымкент келбеті»ме, аты есімде жоқ) газетінде «Қазақ Тәуелсіз Жастар Одағы» – Мухамеджанов басқаратын экстремистер мен террористердің ұйымы атты мақала шықты. «Бұлар Шымкентте басқа ұлтарды Ферғанадағыдай қырып – жоймақшы», — деп жазыпты. Осыдан алдын Өзбекстанның Ферғана өңірінде месхет түріктеріне қарсы жойқын геноцидтық науқан басталып, түрк – месхетіндер Өзбек жерінен босып кеткен. Облыстық партия комитеті бізді де облыс аумағында белгілі бір ұлтқа қарсы осындай геноцид ұйымдастырмақшы деп ашық айыптап отыр. Бұл — жала. Біз әр жиында, әр митингіде қазақ тәуелсіздігін алу үшін басқа ұлттарды қазақ жерінен қуу – жабайы нацизмге, фашизмге алып келеді. Біздің жердегі бөтен ұлттар – біздің отандастарымыз, ақылды болсақ – байлығымыз және қуатымыз деп атап көрсететінбіз.
Білген едім осылай боларын. Сондықтанғой бірінші басшыға барғым келмегені. Үркітеді. Үрікпесең, алдайды. Алдауға көнбесең сен жақсы деп шығарып салып, артыңнан, жала, жалған айыпты қарудың барлық түрінен жаудырады. Ең ауыры – мақала авторы – Техтің тәрбие проректоры, Қашқынбаев. Өте жақсы арласатын едік, сырлас едік. Міне, сол кісі тасадан оқ атып отыр. Амал жоқ жауап беруге тура келеді. Жай жауап емес, лайықты жауап. Митинг өткізетін болдық. Фонтанда. «Қа шқынбаев сияқты ұлт опасыздарынан абай болайық» дегенге ұқсас тақырыпта листовка дайындадық. Ескерте кетейін. Фонтанға митинг өткізу үшін дыбыс техникасы қажет. Ұрандарды жазу қажет. Листовканы жазу, оны көбейту қажет. Бүгінгідей әр бұрышта данасы 1 теңгеден ксерокс тұрған заман емес. Шымкентте декабрь оқиғасы кезінде студенттерді «Қазақстан» кинотеатрының алдына шақырып, жинауға тырысқан, кейін сол әрекеті үшін әкесі қызметтен және партиядан, өзі комсомолдан және оқудан қуылған Серік Байназаров деген , батырлық пен энциклопедиялық білім бір бойына сыйған жігіт бар. Біз оны жиналысқа салып, айыпсыз деп шешім қабылдау арқылы институт пен комсомолға қайта кіргіздік. Сол Серіктің Темір жол вокзалында туыс қызы бар, сол кездегі қолмен айналдыратын копия көбейткіш, сол заманның ксероксі – ротаторда жұмыс істейді. Қызбен алдын келісіп, кешке қызметкерлер қайтарда тығылып кабинетте қалып кетесің. Ел аяғы басылған соң әлгі ротаторды айналдыра бастайсың. Жұмыс принципі есімде жоқ. Бірақ екі-үш сағатта азер дегенде 250-300 дана листовка даярлайсың. Үсті- басың анау-мынау сабынға кетпейтін майлы қара даққа толады. Мен байғұс комсомол комитетінің хатшысы киетін аппақ ақ көйлекпен барып… Тірлікті бітірген соң есіктен емес, терезеден түсіп, қараңғыға сіңіп жоқ боласың.
Ал ұрандар жазу, дыбыс техникасын даярлау, басқа да ұйымдастыру мәселелерін атқару – студенттік кәсіподақ комитетінің төрағасы, досым Көпжан Бақбергенов пен, осы комитеттің қызметкері – Айдардың мойнында еді. Айдардың фамилиясы – Қаратаев болу керек, ұмытпасам. Және оперативті басқару, елді митингке жинау, сияқты толып жатқан тірліктерге тікелей арласатын асыл достар, нағыз батырлар – Марат Құрманов, Жұмаділ Алдияров, Гүлиана Күмісбекова, Петро Мирошниченко, Эльмира Нұртаева, Наташа Теплова, Ғани Ташқараев, Бақыт Омарқанов тағы басқа, қазақтың жас болса да, Азаттық үшін айқасты өздеріне парыз тұтқан қайсарлар, сатпастар, өжеттер, ақжүректер бар еді. Әкесі, Әбдіғани аға Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Ғани, кейде, апаратын заттар көбейіп кетсе, әкесінен ГАЗ-21, ел «эмка» деп атайтын машинасын сұрап алып тасып жүретін. Баласы Азаттық үшін күреске қатысса, әкесі міндетті түрде таяқ жейді ғой бірақ Ғани қыңқ еткен емес. Бүгін ойласам, ҚТЖО-ның осы штабы, оның ұйымдастырушылық, интеллектуалдық потенциалы қалалық комсомолдан асып түсіп жатады екен. Бұл ҚТЖО-ның ядросы — қайта құру мен ұлттық ренессанстың флагманы – Техтің өзінен шыққан тұлғалар туралы пікір, егер бұған Пединститут, Мединститут, училище – техникумдардың қыз жігіттерін қоссақ өлкемізде Азаттық үшін айқастың қуатты да белсенді ошағы болғанын көреміз. Мұның дәлелі – Москвадан бір тарихшы – зерттеуші біз туралы естіп, мәлімет жинауға арнайы келіп, екі үш — күн жүргені бар.
Сонымен митингіге дайындалып жаттық.
Қара бұлттар
Осы ара да мені үлкен кісілердің біразы шұғыл және құпия түрде әңгімеге тарта бастады. Тех ректоры Михаил Қасымович: «Мұхтар, сен тентексің, бірақ есті тентексің, тентек болған жақсы емес, бірақ сендей тентектер болмаса, жер шары өз осінен ауып кетер еді. Абайла. Мен қалалық партия комитеті бюросының мүшесімін. Біраз ары – бері шайқадың елді. Үндемедік. Түсіндік. Шыдадық. Енді доғар. Доғармасаң, жағдай нашар болады». Мединститут ректоры Кеңес Үшбаев: «інім, талайдан бірге келеміз, сырласып жүрміз. Менің институтым тәуелсіздік үшін күресінде толық сенімен бірге, біздің комсомол сенікі болды. Бір ауыз сөз айтып қарсы болдым ба? Жоқ. Ал маған бұл оңай болып жатқан жоқ – жан жақтан өз комсомолына сөзіңді өткізе алмайсың деп шұқылайды да жатады. Не үшін мен біздің комсомолец Мухамеджан Биетовке Мухтарға ерме деп айтпаймын? Себебі, саған сенемін. Жас болсаң да, мынадай қауібі көп машақатты мойнына арттың. Қанша партияға қарсы сөйлегенмен әлі саяси қате істемедің. Бұл қазақты сен сияқты екі-үш айда теңіздей толқытып, қимылдататын шешен, басқаратын лидер, қауіпке көкірегін алдымен өзі тосатын батыр болады деп күтпегем. Есіңде болсын, өруағын ұмытпаған қазақ басшының бәрі сенің тілеуіңді тілеп отырамыз. Бірақ, күштінің аты күшті. Жақында саған қарсы әрекет бастайды, егер мына митингіні өткізуден бас тартпасаң. Уақытша күресті тоқтатып, қауіп сейілгенше алдай тұрғаның дұрыс. Жассың – сөзсіз ерліктің әлі талайын істейсің. Дәл қазір өзіңді сақтап қалуың – саған ғана емес, елімізге, ұлтымызға қажет. Шынайы күресте шегіне де білу керек;
Мені атып кетпекші ме?
Олай дей алмаймын, бірақ бір қастандық жақындап қалғанын сезіп отырмын, Мұхтаржан…
КГБ-дан Техтің кураторы Марат (фамилиясы есімде жоқ екен): «Мұхтар, облыс басшысына « еңбекшілерден» хат келген: «Жолдың бергі бетінде сен отырсаң, жолдың арғы бетінде, дәл қолтығыңның астында фашисттік – ұлтшылдық ұйым аждаха сияқты күн санап емес, сағат санап күшеюде. Егер оларды ауыздықтай алмасаң, партбилетті тапсыр да тайып тұр» — депті. Тағы бір «еңбекшілерден» келген хатта «Мухамеджанов басқаратын ҚТЖО деген фашистік – экстремистік ұйым облыстық партия комитетінің ғимаратын қоршап алып, билікті тартып алуға даярланып жатыр екен, егер билік өз еркімен берілмесе, онда ғимаратын өртеп жібермекші екен» — деп жазылған. Жоғарыда үлкен айқай боп жатыр – сенің мәселең бойынша. Сен қорықпа. Қазір бізбен бірге КГБ-ға барамыз, жай ғана «фашист емеспіз, ешқандай ғимаратты өрттейтін немесе басып алатын жоспарымыз жоқ» — деп жазып бер. Бұл жазбаң бізге емес, жоғары жаққа керек, ал біз сенің ондай деструктив – жабайы қимылға бармайтыныңызды білеміз.»
Түсініктемелерді жазып болған соң, Марат машинасына отырғызып, Тех-қа жеткізді. Сөйтіп бүгінгі күн Мұхтар Әуезовтың ескерткіші тұрған жерде маған былай деді: «Мұны ешкімге айтпа. Үлкен жиында сенің және ҚТЖО-ның мәселесі көтерілді. Бізге сені: соттатып жіберу мәселесі тапсырылмақ болды, біздің басшылық «ҚТЖО совет заңдарын бұзып жатқан жоқ, сөздері мен әрекеттерінде экстремизм мен жабайы нацизм, ұлтаралық араздық тудыратын жайттар жоқ. Сондықтан Мухамеджановты соттатуға бүгінгі күні ешқандай негіз жоқ» — деп бас тартты. Ар жағын өзің қарайсың – абай боп жүргін, Мұхтар».
Иәә… Азаттық үшін күрестен бас тартсам, онда Азаттықтан мәңгілік айырылатындай сезім мені құрсап тұр. Оның үстіне, маған сеніп, нар тәуекел деп, жанын шүберекке түйіп , менің туымның астынан табылған арлыларға, ардақтыларға, ҚТЖО – ға не деймін? Мына билік маған қастандық дайындап жатыр екен, інге тығыла тұрайық қауіп сейілгенше, — деймін бе? Көшпендіміз. Бізде ел күштінің соңынан ереді қорқақтың соңынан ермейді. Маған ерді екен — демек, бүгінге дейін лайықты лидер бола болдым. Әрі қарай да… солай болу керек. Қорықпау керек. Бұлардың күні жақын – әне, Прибалтикадағы жағдай осыны көрсетіп тұрған жоқ па?
Батыраш соққы берді
4–жатақханада жиын ұзаққа созылды. Біткен соң, қолыма портфелімді ұстап, 10 – автобустың аялдамасына беттедім. Жатақхананың ауласында бүгін тым аз, біздің кезімізде көп болатын «жедел жәрдемнің» уазигі тұр. Ел – «таблетка» дейді, бәрі дерлік қою жасыл түсті болады. Осындай машина жайлап артымнан жүрді. Жатақхананың ауласында неге тұрды екен бұл машина? Енді неге менің жүрісіме тең жүріспен келе жатыр? Фараларын неге жақпайды? Көшеге шыға фарасын жақты. Бірақ жүрісін тездетпеді. Қап, қасыма бір жігітті ерте кетсем болар екен – ау… Бүгінгі Иляев көшесінен 10-ға міндім. Орын көп болса да тұрып тұрдым: уазикті бақылаудамын: ол 10-ның артынан келе жатыр. Әрбір аялдамада ол да тоқтап, автобус жүргенде ол да ілеседі. Сөйтіп жүріп «Восток» микроауданына да, жеттік – «Севердегі» базарда автобустан түстім. Ол кез базардан «Востоктың» «Шапағат» жағында орналасқан мен тұратын 112 – үйге дейін асфальт жол бар, ортада «Наурыз» кафесі. Асфальтпен ешкім жүрмейді – тек біз, екі – үш жаңа үйдің тұрғындары. Үйге 200 метрдей қалғанда кәдімгі саз балшық басталады – ол заман кез келген жаңа құрылыс осылай болады – алдымен үй салынады. Ел қоныстанып болған соң ғана үйдің айналасын реттеп , абаттандыра бастайды. Біздің жақ та осы, енді біткен, айналасы балшық пен қоқысқа толы әлем. Асфальттың екі шеті бордюрмен көмкерілген – 20-смдей шығып тұрған бордюрден машина өте алмайды деген оймен көшенің оң жағын ала бордюрді жағалай жүрдім. Бордюрдің арғы бетіне өте қойғым-ақ келеді, бірақ ол шет балшық . «Наурызға» жетпей әлгі УАЗик кенеттен бажж ете газ қосып , алға жұлқынды. Артыма қарадым. Жол – кең, УАЗиктің бес – алтауы сияды, оның үстіне түн болғандықтан, жол бос. УАЗик жолдың бағытына қиғаш курсты бетке алып, ұшып келеді. Тура маған қарай. Үш – төрт-ақ метр қалғанда бордюрдің екінші жағына секірдім. Құлап қайта тұрдым: УАЗик бордюрді бар екпінімен соғып, аударылып кетуге сәл-ақ қалып түзеліп алды. Сөйтіп, күрт тормоз берді. Мен оң жақтағы үйлердің арасына қаштым. Сөйтіп, айналып, үйіме үйімнің арт жағынан келдім. УАЗик қырда, фарасын тура мен кіретін подъезге қаратып, жарқыратып тұр. Еш қорқатын, айылын жиятын түрі көрінбейді. Жаңа ғана адам өлтірмек болғандарына шімірікпейтін секілді. Күттім, кеткенше бір сағаттай тұрды. Кеткен соң ғана үйге кірдім. Досым Көпжанға звандадым. Егер маған дайындалған қастандығы осы болса, онда анық бұлар телефонды да тыңдап отырған шығар. Білгенімді білсін, және, бұдан кейінде келетін ойлары бар болса, менен басқа Көпжанның бар жайтты білетінін, ертең бүкіл елге мәлімдейтінін де білсін. Осының өзі де қорған ғой. Әйтпесе, менің жаңа пәтерімнің есігі – іші қуыс, ДВП-ғой әшейін, кез келген адам бір теуіп сындырады.
Әйеліме білдірмей, телефон соғып Көпжанға айтып бердім. Келеміз деді. Қажет емес дедім (осы жаман көкіректің зиянын ай, кел дей салсам нем кетер еді?). Келмеңдер деп алып, қолымда балтам бар, азанға дейін ұйықтамай, жауды күттім. Ертеңіне жұмысқа барсам, Көпжан жігіттерге болған жайтты айтып қойыпты. Бұл досым періште сияқты қамқор еді ғой… Жігіттер күн сайын пәтеріме дейін шығарып салып, сосын өздері қайтатын болды. Бірақ жау әлгі әрекетті қайталаған жоқ. Жау басқа жақтан келді.
Митингіні өткізді. Сонау жоңғар шапқыншылығында біздің басында жеңілуімізге сеп болған сатқындар мен бүгінгі күннің сатқындарының арасына параллель жүргіздік. Опасыздарды масқараладық, «есекке теріс мінгіздік». Облыс басшысының қорқытпақ болғанын, одан соң машина беріп алдамақ болғанын, ол да болмаған соң, міне, жала жауып, соттатып жіберуді діттеп отырғанын айттық. «Қашқынбаев сияқты ұлтына опасыздық еткендер жойылсын» дедік. Листовканың негізгі бөлігі түнде бүкіл қалаға тарқатылып үлгірген – митингіге 50 – 60-ақ дана жетті – ел таласып, біріне бірі кезекке тұрып оқып жатты. Қашқынбаев келді. Ренжіді. Неге мені масқара қылдыңдар дейді. Сіз енді «Ферғанада түрк – месхетиндерді сойғандай (мақаласы орысша, ферганская резня деген сөзі бар) бұларға да қазақ еместерді сояды деп, көпе – көрнеу бізге жала жауып жатқан жоқсыз ба ?» «Мен өз еркіммен жазған жоқпын, жоғары жақтың пәрмені бұл, соларды айыптамайсыздар ма,» — деді Әбекең. Сонда сізді біреу мәжбүрлеп, содан сіз біреуді атсаңыз, жазықсыз боласыз ба? Онда оқ жаудырып оңды – солды кездескеннің бәрін өлтіріп келе жатқан неміс фашистерін «Бұлар өз еркімен атып жатқан жоқ бұларды мәжбүрлеген Гитлер. Сол Гитлермен сөйлесейік. Ал мыналар елді қыра берсін оған дейін, ең бастысы өз еркімен емес қой деп отыра беру керек пе еді??? Өкпелеп кетті. Амал не, бұл соғыс… Өзімізшеқызыл өкіметті үркіттік, экстремист біз емес, осы жаланы шімірікпей жазған олардың өзі дедік. Ал олар осының бәрін естіп отырды. Фонтанның жаны комсомолдың, қарсысы — партияның обкомы ғой, оның үстіне дискотеканың микрофонымен саңқылдатып жаттық емес пе.

ҚАНЫШЕРДІҢ КЕГІ
4-5 күннен соң Республика – Асқаров қиылысындағы поликлиника шақырды. Біз, афганецтер, арнайы дәрігерлік есепте едік қой. Біздің медкартада қошқыл қызыл қағазша жапсырылып, «тропик» деп жазылатын. Сондықтан таңданған жоқпын.
«Ал Қашқынбаевты сатқын деп, шынымен-ақ қатігездік жасаған жоқпыз ба? Ұстазымыз емес пе еді қайтсе де?» Бөтен, тірі біреудің пікірін білгім келді. Басымды көтеріп, жан-жағыма қарадым. 14 койка тұрған түрменің камерасы… Еее, қиялмен өткен шақ әлемінде самғап жүріп, қайда отырғанымды естен шығарып алыппын ау… Мен түрмедемін. Өзім Азаттығы үшін күресіп, сан рет жанымды, бағымды, басымды жолына құрбандыққа ойланбай шалған елім – Қазақ Республикасы менің шындықы сойып айтатын, қиянатқа кез келген сәтте тосқауыл болатын мінезіме шыдамай, бүкіл елдің көзінше жалған айып тағып, ашық жала жауып, 10 жылға түрмеге тықты… Сәкен мен Ахметтің тағдыр жолына мен түспеймін, бұл басқа заман, большевизмнің азуы ақсиған қанқұйлы режимге келмеске кеткен деуші ем… Жап-жас болсам да, «Халық жауы, Пакистан шпионы» болып, 1985 жылы атылу жазасына іліктім, азапталдым, қорлық көрдім. Мейлі, мұны көрсем көрген шығармын, бірақ, олар сияқты жылдар бойы түрме азапын көрмеймін ғой. Сондықтан біздің жүк жеңіл, олармен салыстыруға болмайды деуші ем. Енді міне, 2020 жылы қолдан халық қаржысын жымқырған ұры» жасап, түрмеге тықты . Шындығына еш күманданбағанмен, ұқсатпайтын, содан оқымай өтіп кететін Ахметтің бір шумағы енді мен үшін де, өкінішке орай, актуал:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқан, атқаны
Маған қиын осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттерінің қапқаны…
Ия, мен олардың өмір жолын қанша қашсам да, түгелдей қайталадым. Енді тек мені ату қалды. Басқасын тағдыр дәмін татырып үлгірді.
Сонымен камераның төргі түкпірінде түрме кітапханашысы боп жұмыс істейін Марат Төлебаев отыр. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» десе, сенемін. Бірақ Марат таймайды-ау ұжданы өзінен терең, иманы асқар шыңдай, ақниетті жан және өте сауатты, көкірегі ояу, көзі ашық жігіт. Түрмеде неге отыр мұндай адам деп таңданбайтыныма 2 жыл болды: жауап – бұл Қазақстан ғой, мұнда байлықтың барлық түрі бар, тек құдай және әділет жоқ. Менің қарсы жағымда Қалдыхан ұйықтап жатыр. Заң бойынша күндіз ұйықтауға, тіпті койкаға жақындауға болмайды, бірақ бұл біз ғой… Дала 40*С ыстық, жел жоқ, ұйықтап емес, қиналып жатыр Қалдыхан. Менен бір жас үлкен. Сіз деп сөйлеймін. Бүкіл зонада қай кембағалдың бәтеңкесі жыртық, қай бейшараның темекісі, шайы жоқ? Қай байғұсты қай бұзық жәбірлеуде? Барлық жерде Қалдыхан табыла кетеді. Өзінікін де береді, біреуден алып та береді, осындай ақжүрек жан. Бір дуалы ауыз оның аты – жөнінен екі әріптен алып, «Елқамы» деген лақап шығарды. Елімбек Қалдыхан Мырзаханұлы ғой. Шынында да әрқашан ел қамымен жүретін болғандықтан, ол кісіге « Елқамы» атты лақап жабыса кеткен. Мынадай лүп еткен жел жоқ аптап ыстықта қайдан ұйқы болсын. Талықсып барып қайта ояна бересің, Маратқа Қашқынбаев туралы, оның не істегенін, кейін ренжігенін айтып жатырмын. «Қалай ойлайсың Марат, оны айыпсыз деуге бола ма?» Ол айыпсыз болса , мен қатыгез болғаным ба? Қызу сұхбат. Қалдыхан басын көтерді.. Мұхтар, менің үстіме одеял жаба, салшы деді. Маратқа саңқылдап айтып жатқан әңгімемді тоқтатпай Қалдыханның жанына келдім. Әңгімеден аумау үшін ештеңе ойламау керек қой басқа бағытта, мен ойладым. Өз одеялын астына салып алыпты, демек, көрші койкадан одеял алып жатсам ренжімейді. Одеялды алып, жазып Қалекеңнің үстіне мойнынан тобығына дейін қымтап жаптым да кеттім: әңгіме жалғасуда ғой. Бірер минуттан соң Қалдыхан тұрды. Түрі сынық. Бір нәрсеге өкпелі.
Не болды?
Мына 40*С ыстықта мені одеялмен қымтағаның қалай болды? Өзің шортимен жүрсің, газетпен үздіксіз желпініп?
Ау, өзің ғой жап деген… а… о… қыран топан күлкі. Ол кісі «қатты сөйлемеңдер» дегенді сондай шымшымамен айтқан екен. Оны одеялмен жабуға болмайды ғой, демек мен дауысты төмендетуім керек екенін түсінеді. Деп ойлаған. Ал мен жап дедің бе, мә, одеял дегем. Біраз менің аңғал мінезіме күліп алдық.
Поликлиникаға бардым. Оразбаев деген кісі екен. Ә дегеннен көзі ұнамады. Мақтаған кімге жақпайды дейсің. Бірақ мынаның мақтағаны жыланның суық денесі тигендей әсер етеді екен. Бәрін тексеріп жатырмыз афганецтердің… Қызмет еттіңіздер Отанға. Енді Отан сіздер үшін қолдан келген көмегін аямайды. Не керек, невропатолог қой, мен де бұйымтайларымды айта бастадым. Кейде болатын ұйқысыздық. Соғыс эпизодтары түсіме кіріп, шошып ояну… Тексерді. Көрді. Ағаш балғамен ұрды. «Қатты шаршағансың» — деді. «Әсіресе миың шаршаған. Соғыстан соң оңалту процедурасын, яғни реабилитация өту керек. Меніңше, сіз оңалту түгілі, қайта миыңызға соғыс кезіндегіден де қиын ауырлық түсіріп жүргендейсіз. Не жұмыс істейсіз өзі?» О-о-о, мына кісі тамырымды басқандай дөп айтып отыр ғой. Рас қой Азаттық күресінің көп қобалжуға тірейтіні… (оның мен туралы бар мәліметті біліп отырғаны маған сол сәтке белгісіз еді). Нағыз маман екен, өзі қазақ деген сөзді көп айтады. Ұлтжанды азамат сияқты. Сонымен оған деген сенімнің есігі ашыла берді. Дәрі жазды. Бопты, рақмет деп тұра беріп едім:
Жоқ, Мәке, сіз не, дәріні сатып алмақшысыз ба? Сіздей патриот азаматтарға дәрі тегін ғой, білмеуші ме едіңіз?
Білем ғой бірақ аптекаға барайын да енді…
Жоқ, еш қиналмаңыз, күте тұрыңыз, бір минут!
Көп күттірмей екі қорапша әкелді. Дәрі. Біреуі панкреатин, біреуі галоперидол. Қалай ішетінімді айтты. «Үш күннен соң келіңіз, әрі қарай не ем жасайтынымызды көреміз», — деді. Бопты. Не проблем? Проблем жоқ. Рахмет! Тегін дәріні іше бастадым. Әңгіме ұзап кетпесін. Екі – үш күн аталмыш дәрілерді қабылдғаннан кейінгі Мұхтарларыңыз мынадай болды:
Мойыным оңға менің еркімсіз бұрылады. Иық деңгейіне жеткен соң мойын ары қарай бұрыла алмайды ғой. Ал менің мойыным артқа қарай бұрылам дейді. Қолыммен ұстап отырмасам, оң иығымның деңгейіне жетіп, әрі қарай өткісі кеп, қалтырай бастайды, ауыртады. Түзу жүргім келсе, белімнен төмен жағым қиғаштап оңға не солға бұрылып кете береді.
Ауызымды сүрткім келсе, қолым не жетпей қалады, не шошаң етіп ары өтіп кетеді.
Тәулік бойы дерлік, шамамен күніне 20 сағат, мынадай бәлекет: і – і – і – кх — деп ауаны ішімнен шығара қиналам, ішіке қарай дем тарта алмайм, тұншыға бастағанда әйтеуір әлгі спазм жібереді де ш – у – у – уф деп ішке ауа тартсам, бірақ іле қайтадан ауаны қуып шығатын спазм бас салады…
Әйелім мына пошымыма қарап еріксіз күліп жіберді. Түсіндім: аяныштымын, күлкілімін, масқарамын. Үйге ешкімді келтірмей қойдым. «Емделіп жатырмын, ештеңенің қажеті жоқ». «Ешкімнің қажеті жоқ». Өкінішке орай, дәрілерді қабылдауды тоқтатпадым. Межелі күні дәрігерге бардым. Ашық жарқын қабылдады. Күле бере ме, қалай? Бір қуанышқа кенелген сияқты. «Түсінікті, Мұхтар, өзім де солай ойлап едім. Қатты шаршаған миың. Мына нервтің уақытша бұзылуына назар аударма. Мен сені психдиспансерге жіберем, сен тек жаман ойлама. Психдиспансерде тек жындылар емделеді деп надандар ойлайды. Ол жерде «пограничное отделение» (шек аралық бөлім) деген бар. Барсаң көресің, әжептеуір райком, горкомдарың сол жерде денсаулығын түзеп, шығып жатады. Сенде ауыр соғыста болғансың. Екі контузияң бар, жаралы болғансың. Оған қоймай соғыстан қайтқан соң тыныш жерде жүрудің орнына нервті жұқартатын ауыр комсомол жұмысын таңдағансың. Ол жерде сен әлі де табысты жұмыс істейтініңе күмәнің болмасын. Тек ол үшін алдымен емделіп, шаршаған нервтерді демалдырып, жаңа күшпен бар — деді. Қисынды сөз бе? Қисынды сөз. Неге сенбеске? Сендім. Ау, азамат, спортмен айналысып жүрген, еш жерім ауырмайтын адам едім. Мұнда өз аяғыммен келіп едім, мені мына мүшкіл халге не үшін тықтың десем болмай ма? Демедім. Себебі ондай ой келген жоқ маған. Ана шетсіз – шексіз күшену – босату – күшену (спазм) ештеңені байыппен ойландырмайды. Асығып, арасында тез – тез бір шешімге келе салуың керек сияқты болып тұрады, ой көмескі, елестету нашар, бұлыңғыр, ойлар үзік – үзік… Зорға үйге жеттім. Ертеңіне үлкен машақатпен туннель жанына жеттім. Сол жерден 34 – автобус психдиспансерге барады екен. Аялдамада көлеңке жоқ. Күн астында тұрсам, күннің шуағы әдеттегідей емес, салмағы бар сияқты. Ауыр боп, басып барады. Денемді тесіп өткісі келетіндей. Күн шуағы емес, бір улы сәуле сияқты. Көлеңкеге барып ем, жеңілдеу сезіндім өзімді, бірақ… Мына қисық жүрісіммен автобус келе қалса, жетіп үлгірмеймін… Ал жақындасам, адамдар қайта – қайта ышқына күшенгеніңді естеді ғой… Адам алып шыға салуым керек пе еді??? Намыстандым ғой, қайтем енді. Ит азаппен жеттім, әлгі бөлімнің тіркеу орнына. Сағат бір боп қалған, мені қабылдайтын дәрігер түскі асқа шығып кетіпті. Ойлап тұрмын: ойлар табадағы қызған майға түскен бауырсақтай быжж-быжж етіп шашырап, жиылмайды. «Түскі астан келгенін күте алмаймын. Жағдайым жоқ. Көрші кабинетте бір адам отыр, соған кірейін, дәрігер болса, қарасын. Әйтеуір дәрігер болса болды емес пе, фамилиясы айтылған дәрігерге ғана кіру міндет емес шығар»
Кірдім. Дәрігермін деді. Шал кісі. Арық. Бойы қысқа. Қап – қара. Жүдә қап – қара екен. А, көзілдірігі бар. Талонды бердім. Талонға қарап алды да, әлгі ағай орнынан тұрды. Бойы расында қысқа екен. Барып есікті жапты. «Сен сол Техтағы Мухамеджановсың ба? Комсомол? «Ия. Мен.» – Кім жіберді мұнда? А, жауап бермей – ақ қой. Балам, сен мені естіп тұрсың ба, балам. Бетіме тура қара! Көзіме қара! Мені көріп тұрсың ба? «Ия». Сөзімді естіп тұрсың ба? «Ия». Ұғып тұрсың ба Мұхтаржан? «Мені Мұхтаржан деді. Кім мені Мұхтаржан дейтін еді? Әкем бе? Апам ба? А, а, Мұхтаржан емес Мұқанжан дейтін. Кім бірақ».
Мұхтар, Мұхтар, тыңда мені. Әлгі кісі мені жұлқып жатыр екен.
Ия, тыңдап тұрмын ағай…
Сен қазір үйіңе қайт. Мен тіркеуден сенің фамилияңды жоқ қылам. Мұнда келгеніңді ешкімге айтпа. Бармадым де. Қайтып келме. Сенің бұл жерге келетін ауруың жоқ. Есіттің бе? Сен ауру емессің. Қайтып келме мұнда! Тәуіп дегендерді естуің бар ма?
Ия.
Соларға бар. Дәрігер атаулыға жақындама. Дәрілерін ішпе. Бар, қайт тез. Менің сөздерімді ұмытпа. Дәрігерлерге барма, сені өлтіреді, түсіндің бе!!!
Сіз кімсіз?
Не важно. Важно, кто ты. Өзіңді сақта. Еліңе керексің, балам, өзіңе қара.
Шықтым. Бір үлкен, нәрсенің болғанын сезем, бірақ анализ жасауға әлгі күшену шама бермейді. Психдиспансерге жатқызбағанына реніштімін – жатқызса, қазір ентікпей төсекте жататын едім. Мына түріммен, жатып емделмей болмайды ғой. Үйге кеттім. Үйге жетуден Тозаққа жету оңай сияқты болды. Үйге жеткен соң, Розаға осындай кезде ақыл қосатын, сенетін жалғыз адамым – Серік Байназаровты шақыр дедім. Онсыз да бірнеше күн мені көре алмай, хабарымды біле алмай отырған Серік бір – екі жігітпен жетіп келді. Қайран досым – ай… Менің мүшкіл халімді көріп, бір егіліп алса, әлгі дәрігердің сөзін айтқанда, көзілдірігінің ар жағынан жасы сырғанап, ышқына айқайлап жіберді : Мұхтар, сәл болмағанда олар сені өлтіретін еді психбольницада! Ана қағаздағы дәрігер қабылдаса, сен өмір бойы тірі өлік болатын едің! Сен жәй ғана случайно аман қалдың! Неге бізге айтпадың? Сәл болмағанда айырылып қала жаздаппыз ғой…
— Розам қосыла жылап… Әлгі бір – екі жігітті кіргіздірмедім — менің мұндай дәрменсіз халімді олар көрмей – ақ қойсын. Серік сол замат туған – туыстарына звандасып (өзі Бадамдікі болғанымен, қалада туған – таныстары көп), дәрігер тапты. «Мұхтар кеттік, тәуіп емес дәрігерге апарам, бірақ ол жақын туысымыз – иттігі жоқ».
Темір жол ауруханасына таксимен келдік, таксиге мінетін жерге дейін Серік мені көтеріп апарды. Әлгі дәрігер кішкене массаж жасады. Кеңес берді. Сенің дәрі ішетіндей ауруың жоқ, ештеңе ішпесең, бір – екі күнде қайтадан қалпыңа түсесің деді. «Сені бүкіл Шымкенттің қызмет істейтіндері таниды. Сен туралы сөз жақсы. Тек өзіңе абай бол. Бір жерің ауырса, дәрігерге бармай, тіркелмей, тіке маған кел деді. Үш-төрт күн Серік әлгі кісіге апарып, ол кісі массаж жасап, емдеп жүрді, сөйтіп күшенуім де, мойынымның «өзім білемдігі де, қолымның қалтырауының да – бәрі кетті.
Әкесі Қытайда райкомның хатшысы болған, өкіметке жақпай дүниеде жоқ мемлекет – «Қазақстанның шпионы» деп айыпталып, жер айдалған, кейінірек ебін тауып Пакистанға, сосын Иранға, Ираннан түрікке қоныс аударып, Қазақстан азаттық алған соң елге қайтып, Елбасы Назарбаевтың өз қолынан паспорт алған кісінің баласы әйгілі иглотерапевт Ермұхаммед досым еді. 1993 – 94 жылдары облыстық студенттер қорын басқарған кезім. Бұл кез жеке меншік клиникалар ашылып жатқан уақыт. Ермұхаммед те, мен де Горький 7 – де офис ұстаймыз. Бір күні, ұзын коридор бойымен кабинетіме қарай бара жатқанмын. Жолда, терезе алдында Ермұхаммед біреумен сөйлесіп тұр екен. Амандасып өтіп кеттім. Әлгі біреу – Оразбаев екен. Тіксініп қалдым. Асыл азамат, ғажайып емші Ермұхаммед мына кісімен не сөйлесуі мүмкін? Ұзатпай ертеңіне кешке үйге Ермұхаммед келді. Сыйлы ағамызды қуана қарсы алдық. Абыржыңқы болған соң, не айтар екен деп отырдым. Ақша сұраса, ақша бар, қалғанын көрерміз деп отырдым. Шайдан соң балконға темекі шегуге шықтық. Сол жерде Ерекең шаруасын айтты. Әнеукүнгі Оразбаев Ерекеңе ұсыныспен кепті. Клиника ашамын, сен ине кабинетін басқар депті. Ерекең келісіп, екеуі болашақ ортақ шаруаның қыр – сырын әңгіме қып тұрғанда, коридордан мен өтем ғой. Мен амандасып, өтіп кеткен соң әлгі кісі Ерекеңнен мені қайдан танитынын сұрап сосын былай депті:
Ооо, бұл нацист, бұзақының бұзақысы. Қорғап тұратын жын – шайтаны бар сияқты. Осыдан бірер жыл бұрын облыс басшысының жеке тапсырмасымен осы бандитті психдиспансерге тығуым керек еді. Қалай екенін білмеймін, кіріп тұрған жерінен құрғақтай құтылып кетті – егер бұл ит сол кезде психдиспансерге түссе, мен облыстық аурухананың бас дәрігері боп тағайындалатын едім, бүгінгідей жекеменшік клиника ашып жүрмес едік…
Ия енді бәрі өз орнына тұрды. Кеңес аға да, «КГБ-Марат» та, Михаил Касымович – бәрі алда маған қарсы қастандық дайындалып жатқанын естіген. Бар амалдарын салып мені соққыдан аман алып қалмақ болды. Сірә, әлгі «Фергана сойқаны» туралы мақала тікелей Сергей Александровичтің тірлігі болу керек, астына Қашқынбаев қол қойғанмен, бүкіл атқамінер шын авторды танып отырған. Оның үстіне КГБ – Марат өзі айтты ғой: «біздің мекеме сені соттатудан бас тартты. Басшының тапсырмасын орындауға ашық қарсылық білдірді». Ал Сәкеңнің мақаласына қарсы митинг – Сәкеңнің басшылық амбициясына сұғылған қанжар болады деп шешкен. Сондықтан КГБ соттатудан, мені үркітіп – қорқытудан бас тартқан соң инициативаны амал жоқ, басшының өзі қолына алған. Амалы — уазикпен соғып, өлтірмесе де аяқ – қолымды сындырып, митингі күніне мені қатардан шығару. Бұл жоспар іске аспаған, сондықтан кек алу ретінде және басқаларға сабақ ретінде соңғы және басты соққы – психдиспансерге тығып, мүлдем өмірден жоқ етуді көздеген. Әруақ қолдап, олардың бұл жоспарлары іске аспады. Бірақ «Сәкең митингіден бекер үріккен жоқ. Митингіде Қашқынбаевты әшкерелейік қалың елге басшының шақырғанын, жала жабуы мүмкін екенін білсем де барғанымды, қорқытуға тырысып, қорқытпаған соң жаңа машинамен алдамақ болғанын, бұл амалы да сәтсіз болған соң осылай жала жауып, бұрынғы қан құйлы большевиктердің тәсілімен бізді концлагерде азаптап өлтіруді жоспарлағанын – айттық қой!
Жағдайым тураланып, өз денем өзіме қарсы көтерілістен тыйылған соң жұмысқа шықтым. Байдібек ауданынан әлгі өзі ақын өзі тәуіп Гүлбара апа келді. Ақындығын есіне түсірмесең, апа — жақсы сұхбатшы. Елдегі жағдайды дөп басып зерттеп отырды. Тәспісі көп, сөмкесінде түрлі дәсірамал, тұмары көп: мынау ана әулиеден базарлық, мынау – мынадай әулиеден деп таратып отырады. Ол тек әулие араламайды. Тәуіптігін пайдаланып, талай басшының үйіне кіріп, әңгімесін айтады. Істетеді де. Осындай апа. «Мұхтар-ау, мен бір нәрсені біліп келдім. Арыстан бабта болған ем, аян берді. Құзғындар төбеде қалықтап ұшып жүр, ниеті – қара. Маған Арыстан баб атаң «Мұхтар – біздің бала. Қорға оны» деп аян берді. Не боп жатыр Шымкентіңде? Айтып берші, егер бір қауіп бары ашық болса мен бүгін Алматыға шығып кетейін. Бүкіл басшыны аралайын. Қазағым деп қан кешкен батырларымды өлтіртіп, қарап отырмайын» — деп қаһарына мінді. Ия, бұл апа барам десе, барады. Ұлттық киімімен сөзі қосылғанда – кәдімгі ертегідегі қиын сәтте жәрдемге келетін, ғайыптан пайда болатын Аналар бар емес пе? Дәл сондай ана еді… Біз десе, ішкен асын қоя сала шабатын есіл Ана, тірі ме екен бүгіндер… Күлдік. Қауіп болды, бірақ өтіп кетті, ана, — деп. Бірақ тек қана кезекті қауіптің өткенін, алда әлі талай Азапты асулар тұрғанын лапылдаған жас жүрек сездіруші ме еді … Осындай едік біздер.
Еліме ренішім жоқ
Бірақ ана жерде әшейін «модаға еріп» айтылған, яғни шындыққа сай емес сөз кетіп қалды. Мен көптің бірі бола алмадым. Өз басымды ойлай алмадым. Бұл тіпті зонада да көрініп тұрады: «Мәке, осы зонадағы мен дегеннің бірі де, бірегейі де сізсіз. Мына «положнякты» (мемлекет беретін киім) киіп, позор болмай сырттан материал тартып, арнайы тіктіріп киіп, жарқырап жүрсеңізші. Бүкіл мекеме сізді құрметтейтінін білесіз, сол құрметке сай болсаңызшы». Осылай дейді. Ия, жарқырадым. Сыйлы, құрметті болдым. Елім әспеттеп батыр деді. Ұлт жанашыры, жастар жанашыры, дін қорғаны, қазақтың қасқыры — не есітпедім… Және мен жағымпаздардың мені қалай ұлықтағанын айтып отырған жоқпын, абыройына, рухына сенімді адамдардың мен туралы сөзін айтып отырмын. Ал сол мақтау сөздерді айтқан ел менің ақшам, машинам, билігім, киімім үшін айтқан жоқ. Құдайға шүкір істеген істерім мен амалдарыма сүйініп айтты. Билікке соңғы жылдары еніп алған шибөрілер, гиеналар бірігіп, жабылып, бар билігін, бар ақшасын салып (200мың доллар дейді) абыройымнан айырмақ болды – өтірік монтажбен «Мұхтар адам зорлаған» деп айып тақпақ болды. Өзі сасықтың ойлап тапқан тәсілі де арыстанның ақырғаны сияқты емес, ешектің осырғаны сияқты сасық та жіркенішті болады екен. Шүкір, мен туын көтеріп, Азаттығы үшін арыстандай арпалысқан қазақ елі ондай «осырыққа» сенбеді. Өзінің шибөрілер мен гиеналардың емес, қырандар мен қасқырлардың ұрпағы екенін көрсетті. Әлеуметтік желідегі елімнің мен туралы пікірін біраз оқыдым. Рахмет. Алда – жалда билікті басып алған қанышерлер, өз ұлтынан жиреніп өз Отанын тонаушылар мені түрмеден тірі шығармауды шешсе, (билік қолдарында, ниеттеріне жетеді) – мен еліме разы екенімді айтып қояйын. Қуатым мен мүмкіндігім барда. Ал енді жоғарыда айтқан «мода» туралы. Модамен жүрсем, әкім не атақты бай болар ем ғой. «Лапылдаған жас жүрек төнген қауіпті сездіруші ме еді» — дедім. Ол жүрек алпыста да лапылдап тұр. Ұлт Намысы, Азаттық Туы, Ұлт Рухы, Қазақ Мемлекетінің мүддесі, Нашарды, Әділетті қорғау, Қианат пен Зұлымдықты тоқтатып, тосқауыл болуда менің жүрегім жас не кәрі емес, менің жүрегім – постта тұрған солдат. Неге, осыған дейін естелік жазбадыңыз дейді. Жазғым келген. Кейде уақыт болмады. Кейде кеудедегі бар сезім «мақтанғаның болады, жазба» деп жолатпады. Мүмкін, осы, түрменің тікенек сымдарына, темір торларына, сасық әжетханаларына, денсаулықты дұрыс халде ұстауға мүмкіндік бермейтін әлеуметтік жайдайларына кіріптар болып, бұл жерде де тағдыр сынын жеңіп, жоғарыдан көрініп, Ібілістің патшалығында Құдайдың принциптерін салтанат құрғызуым керек болған шығар? Мүмкін бұл – Рухымның сонау Оқшы Ата, Арыстан бабтардан жалғасып келе жатқан сынбас, жеңілмес, жеңімпаз рух екенін дәлелдейтін соңғы Айқасым шығар. Осы Айқасты еңсере отырып, естелік жазу бұйырған шығар. Сөз саптауым қара байыр, жұпыны болса, ренжімеуді сұраймын. Себебі, мен сөз шебері емеспін. Жазушы болу мақсатым емес. Болған оқиғаларды тізіп айтып берсем болғаны. Ал айтарым – өте көп. Біріншіден, қазаққа Азаттық тегін келген жоқ – біз Айқасқанбыз. Осыны айтып бергім бар. Екіншіден, ұлықтаудың орнына «ұры қылуды» мақсат еткен қазақтың бүгінгі парақор, рухсыз, дарынсыз, билігіне, қызметін елден тонаған ақшасына сатып алып, білгенін істеймін деген парықсыз байбатшаларына берген жауабым. Үшіншіден, рухы барларға мен шыққан биіктерді көрсету. Оларды сондай биіктерге шақыру. Біз қазақпыз. Пәстік, Рух пәстігі – бізге тән емес. «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген Ұлы да Асқақ рухтың иесіміз. Біз бүкіл түркі, бүкіл мұсылманға үлгі болатын елміз. Егер, шынайы қазақ бола алсақ…

Жеңдім де мен, жеңілгенді аядым
Жеңілгенде, пәс болмады назарым
Күл мен оттан көтеріліп қайта мен
Жауларыма жоғарыдан қарадым…
Мұхтар Мұхамбетжан
тамыз 2021 жыл
Шымкент түрмесінен

Loading

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
Астарлы ақиқат агенттігі whatsapp желісі
Сәлеметсіз бе?
Сізге қандай көмек көрсете аламыз?