Сот шешімін қасақана орындамаған әке қамалды. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК-ның 139-бабымен айыпталған Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралып үкім оқылды.
Сәтбаев қалалық сотының 2013 жылғы 29 тамызындағы шешімімен Т.-дан Н.-ның пайдасына кәмелетке толмаған 2 баланы күтіп-бағуға алименттер өндірілген.
Соттың шешімі бойынша алимент төлеу жөніндегі міндеті туралы біле тұра, Т. одан жалтарған, сол үшін соттың 2017 жылдың 13 наурызындағы үкімімен ҚК-ның 139-бабымен кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Алайда, қылмыстық жауапкершілікке тартылған соң да, бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, Т. тиісті қорытынды жасамай, кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін орындаудан қасақана түрде жалтаруын жалғастырған. Т.-ның құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде алимент өндірілгеннен бастап 2024 жылдың 29 шілдесіне есептелген жалпы берешек 4 412 029 теңгені құраған.
Т.-ның бұрын дәл осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болғанын және одан өзіне дұрыс нәтиже жасамағандықтан, сот оған көзделген жазалардың арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындау қажет деп есептеп, 1 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындап, сот залынан қамауға алды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.