Мектеп директоры мен бас есепші сотталды. Бұл туралы «Астарлы ақиқат»ақпарат агенттігі жариялады.
Қызылорда қаласының №2 сотында сотталушылар М. және О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралып үкім оқылды.
Сотталушы М. балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің директоры қызметін атқара жүріп, қызмет бабын пайдаланып, бас есепшісінің көмегі арқылы өзінің шотына 2018-2023 жылдар аралығында бюджет қаражатын заңсыз аудартып алып, жеке бас пайдасына жаратып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген.
Сотталушы О. сол мекеменің бас есепшісін қызметін атқарып жүріп, мектеп директорына бюджет қаражатын жеке басына жаратуға жәрдемдесіп, сонымен қатар, 2019-2023 жылдары өзінің шотына бюджет қаражатын заңсыз аударып, жеке бас пайдасына жаратқан.
Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке жалпы 21,7 миллион теңгедан астам мүліктік залал келген.
Сот үкімімен сотталушы М. ға Қазақстан Республикасының ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2), 3)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушы О.ға Қазақстан Республикасының ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі 189-бабы 3-бөлігі 1),2),3)-тармақтарымен, ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушы О.-ға ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі қолданылып, он төрт жасқа толмаған балалары бар әйел ретінде жазаны орындау бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген.
Қызылорда облысы